Ақтауда мешіт ғимаратына қарама-қарсы 26-ықшамауданда жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жол апаты 23 қаңтарда шамамен 20:55-те болған. Мешіт ғимаратына қарама-қарсы 26 және 27 ықшамаудандар арасындағы жолда жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен.
– Toyota RAV4 автокөлігі реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен. Полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Зардап шеккен адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Оның жағдайы туралы әзірге ақпарат жоқ. Автокөлік айыппұл тұрағына жіберілді.