Қазақстандық шаңғышы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько 38 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы 24 қаңтарға қараған түні Бурабай ауылы маңында (Ақмола облысы) жол апатынан көз жұмды.
Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Көкшетау облысына қарасты Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Үлкен спорттағы ең ірі жетістігіне Николай Чеботько 2013 жылы қолжеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енген. Сондай-ақ спортшы Азия ойындарында үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған.
Николай Чеботько жекелей спринтте, классикалық әдіспен жарысудан сынға түскен әмбебап спортшылар қатарынан болды. Ол – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері.