Бұл санақ бұрынғыдан өзгерек
Бұл санақ бұрынғыдан өзгерек
156
оқылды

2020 жылы жалпыұлттық халық санағы өтетіні белгілі. Ауқымды акция 1-30 қазан аралығына жоспарланған. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші санақ болмақ.

Қазақ жерінде бұған дейін 10 санақ (1897, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары) өткен. Оның ешқайсы да даусыз болмапты. Әсіресе, 1926, 1937, 1939, 1959 жылғы санақтардың дерегі күмәнді. Азамат соғысы, алапат аштық, жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кесірінен КСРО халқының кемігенін көрген қызыл империя бұл санақтардың нәтижесін кейде бұрмалаған, кейде жариялауға тыйым салған.

Егемен елдегі үшінші санақ әу баста 2019 жылға жоспарланып еді, кейін 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурызы аралығына шегерілді деген ресми хабар тарады. Ақыр соңында мемлекеттік органдар келесі жылдың қазан айына уағдаласыпты.

«Санақ неге бір жылға шегерілді?» деген БАҚ өкілдерінің сауалына Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті: «Халықаралық әдістеме бойынша халық санағын күз-қыс маусымында жүргізген оңтайлы» деп жауап қатты.

Жалпы, халық санағына мемлекет қазынасынан 9 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 579 миллион теңге «е-Статистика» жүйесін дамытуға, 1 мил­лиард 495 миллион теңге планшет пен компьютер сатып алуға, 475 миллион теңге көлік сатып алуға, 79 миллион теңге штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге, 392 миллион теңге мойынорағыш, портфель секілді кеңсе тауарларын алуға жұмсалады. Халық санағын 30 мың адам жүргізеді.

Бұл санақ бұрынғы санақтан өзгерек. Неге? Өйткені ол электронды форматта өтеді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, халық санағына арналған планшеттер Статистика комитеті мен мектептерге беріледі. Ал қағаз сатып алынбайды. Ең бастысы, электронды мәліметтер бірден өңделіп, тексеріледі.

Статистика комитетінің сайтында тұрған электронды есептеуішке сенсек, Қазақстан халқының саны 18 миллион 617 мың адамнан асыпты. Шыны керек, жалпыұлттық санақ нәтижесі де осы деректің ауылынан алыс қонбайтыны анық. Келесі жылдың қазанында 19 миллионның төңірегіне тоқтайтын шығармыз деп болжаймыз. Ендеше саяси науқанға 9 миллиард теңге шығындаудың қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Негізі, қажеті көп. Себебі бұл – жай ғана адам басын санайтын қарабайыр есептеу емес, мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындауға болысатын үлкен жұмыс. Санақта міндетті түрде география, демография, экономика, білім, этномәдениет, көші-қон, жарымжандық, кәсіп, жұмыс, табыс көзі сияқты параметрлер ескеріледі. Әр адамға 40-50 сұрақ қойылып, жауаптарынан нақты статистика түзіледі. Талай зерттеушінің азығына айналатын тың ақпараттар қоры жасақталады. Бұл ақпараттар көптеген мәселенің күші мен қарқынын, себебі мен салдарын анықтап, мемлекеттің дұрыс бағытта жылжуына көмектеседі.


Қазақтар өзгелерді кемсітпей, ығырына тиіп, елден түре қумай-ақ, табиғи жолмен басты ұлтқа айналып келеді. Оның іргетасы осыдан 50 жыл бұрын қаланған. Иә, ашығын айтсақ, кеңестік кезеңдегі 50-60 жылдар қазақтар үшін алтын дәуір болды.

Айтпақшы, санақ дегенде үнсіз қалуға болмайтын үйдей кілтипан бар. Осыдан 10 жыл бұрынғы дау-дамай әлі есімізде. 2009 жылғы санақ нәтижесіне көпшіліктің көңілі толмағаны рас. Статистика комитеті елдегі этникалық қазақтардың үлесін біресе 67 пайыз, біресе 63 пайыз деп көрсетіп, ел-жұртты шатастырған. Бұған ұлт жанашырлары ерекше наразылық танытқан. «Билік Қазақстанның көпұлтты мемлекет болуына мүдделі, қазақ тілін төрге оздырудан қорқады» деген әңгімелер сол кезде тараған.

Көпшілік ендігі санақта қазақтың үлесі 70 пайыздан асады деп үміттенеді. Мысалы, саясаттанушы Айдос Сарым: «Қазақстан туралы «көпұлтты мемлекет» деген дақпыртты осы санақ жоққа шығаруы керек. Қазақстанда, тағы да қайталап айтамыз, бір ғана ұлт бар: ол – қазақ ұлты. Қалғаны осы ұлт құрамындағы этностар болмаса ел ішіндегі диаспоралар. Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екендігіне баршаның көзін ашуы тиіс», – деп жазған-ды.

Осы ретте демограф Александр Алек­сеен­­коның пікірін де келтіргенді жөн көр­дік.

«Қазақтар өзгелерді кемсітпей, ығырына тиіп, елден түре қумай-ақ, табиғи жолмен басты ұлтқа айналып келеді. Оның іргетасы осыдан 50 жыл бұрын қаланған. Иә, ашығын айтсақ, кеңестік кезеңдегі 50-60 жылдар қазақтар үшін алтын дәуір болды. Егер 1959 және 1989 жылғы халық санағын қолға алып қарасақ, одан қазақтардың 2,5 есе өскенін аңғарамыз. Бұл – бір буынның көз алдындағы, 30 жыл ішіндегі зор өсім», – деген профессор кеше осындай қарқынмен қарасы молайған қазақтардың бүгін неге көбеймей отырғанын түсінбейді.

2009 жылғы санақта шенді-шекпенділер 1 миллиард теңге жымқырды деген шу шығып, сол кездегі Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева бастаған топ темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын да ешкім ұмытқан жоқ.

Жарайды. Өткен іс өтті. Тек алдағы санақ жариялы түрде, ешкімнің күмән-күдігін тудырмайтын деңгейде ұйымдастырылса екен дейміз. Жемқорлыққа жол бермей, айналдырған 18-19 миллион халықтың санынан жаңылмай, ауқымды шаруаны абыроймен атқарсақ, оның жемісі көп күттірмейді.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ