Төл әліпбиіміз төрге озсын десек...
Төл әліпбиіміз төрге озсын десек...
320
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз, қазақ елі, уа­қыт көшіне ілесіп, әлемдегі өркениетті мем­лекеттердің қа­тарына қо­сылу үшін жал­пы ұлт ретінде сақталып қала­мыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына кө­шіруіміз керек. Бұл – бүгін­гі күннің талабы» деген бола­тын. Сөйтіп, 2025 жылға де­йін кезең-кезеңмен латын гра­­фикасына толық көшу жос­­пары енгізілді. Комис­сия мүшелері мемлекет­тік, қоғамдық ұйымдар­дың, ғалымдардың, отандас­та­ры­мыздың ұсыныстарын мұқият қарап, сараптап, оңды де­гендеріне назар аударуда. Осы орайда, мен де өз пі­кі­рімді ортаға салуды жөн көріп отырмын.


MCM_8614.jpg

Кириллицаға негізделген әліп­биіміз 42 әріптен тұратыны белгілі. Ал енді келешекте қол­данысқа енгізілетін латын графи­касына негізделген әліпби­мізде 32 әріп бар. Яғни, 10 әріп­ке қыс­қарды. Сондықтан бұрын­нан қа­лыптасқан ережелер, заңды­лық­­тар түгел өзгереді. Жалпы, қан­дай әліпби болса да, ол тілдің заң­ды­лығын сақтап, бір жүйеге не­гізде­ліп жасалуы қажет. Әр ды­быс­тың мағынасы мен мәнін, ұлт тілі­нің терең байлығын бере білуі ке­рек. Буын мен тасымал, сөй­леу ыр­ғағын бұзбай қолдануға қыз­мет ет­кені жөн. Бұл ретте латын гра­фи­касына көшкен көрші елдердің тә­жірибесіне сүйенген абзал.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 2 жылға жуық­тады. Бірақ қарпімізде әлі де олқы­лықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тап­сырма бердім. Алдымызда ау­қымды жұмыс тұр» деп латын графикасына көшудің маңызын айтты.

Қазіргі кезде латын графика­сына негізделген әліпби жа­салды. Бірақ әлі толық бектілген жоқ. Біз сонда да латын әріп­терімен жа­зылған түрлі жазба­ларды кеңсе­леріміздің ішіне де, сыртына да жа­зып қойдық. Әліпби толық қол­данысқа ен­гізілмейінше мұндай асығыс қадам жасаудың еш қа­жеті жоқ. Оның үстіне төбесіне но­қат (нүкте) қойылатын әріптер ком­­пьютер пернетақтасына әлі енгізілмеді.

Әріптер қысқартылған соң, енді бір әріпті жазу үшін екі әріп­ті біріктіріп жазу керек бола­ды. Кейбір қажетті әріптер де тізімге енбей қалған. Соның кесірі­нен кейбір сөздерді жазуда ала-құ­лалық пайда болуы әбден мүмкін. Бастапқы нұсқада апостроф қою арқылы әліпби жасалған кезде, мен жазуға да, қолдануға да оңай болуы үшін қазіргі әліпби­дегі 7 (ә, ғ, ұ, ү, қ, ө, ң) әріпті ла­тын әліп­­­биінде қалдыру туралы ұсы­нысымды айтқан едім. Өйткені біздің латын әліпбиіміз өзге елдің әліпбиіне сәйкес келмейді. Өзбектің не түріктің әліпбиіне ұқсамайды. Әр елдің, әр ха­лықтың өзіндік ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Олар өздеріне қалай ыңғай­лы болса, солай алған. Осы орайда, жоғарыда атап өткен төл әріп­терімізді қалдырсақ, одан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз.

Сонда біз көптеген пробле­ма­ны шешеміз. Біріншіден, ла­тын әліпбиіне көшу процесі оңай болады. Екіншіден, біз­дің қол­данысымыздағы ком­пьютерлерде мен атап өткен әріптер орнатылған. Әрі ол әріптерімізді осы кезге дейін қазақ тілімен таныс болған өзге елдердің азаматтары да біледі.

Тағы бір айта кетер жайт, қыс­­қарған он әріптің ішінде я әрпі де бар. Қазақтың «дария», «қария» деген сөздері енді алты әріппен жазылады. Ю әрпі де жоқ. «Аю», «ою» сөздері де үш әріп­пен беріледі. Э әрпі де жоқ. «Элеватор», «экономика» деген көздерді е әрпімен жазамыз, со­ның кесірінен аталған сөз­дер қате ды­бысталады. Ц әрпі де жо­йылғалы тұр. Сонда «циркуль», «цирк» сөздері, сон­дай-ақ «Цхай», «Цыбенко», «Цирульник» деген адамдардың тегін жазғанда екі әріпті қатар жазуға тура келеді.

Әліпбиімізді осы күйінде алар болсақ, біраз қиындықтар туын­дайтыны айқын. Мұның «жыры» бірнеше жылға созылып кете ме деген қауіп те бар.

Үстінде ноқаты бар әріптерді қолданысқа енгізетініміз көңілге қонымды боп тұрған жоқ. Түрлі жиын барысында да осы мәселе көтеріліп, тіліміздің байлығын толық жеткізе алатын әліпби қажет екені алға тартылды.

Әр облыстағы мекемелер, ғимараттар, сауда орталықтары, мейрамхана мен дәмханалардың атауларын әркім өзінше латын әріптерімен жазып жатыр. Жар­нама да көп. Олардың жазуына қандай құжатпен рұқсат бе­рілгенін ешкім біліп жатқан жоқ. Әркім өз білгенінше жазып қойған. Қате жазу да баршылық. Кейін біраз адам солай жазуға бейімделіп қалады да, өзгерістер енген кезде, бұрынғыша жа­зып, қателіктерге ұрынады. Сондықтан бұл мәселеге үстіртін қарамай, егжей-тегжейлі, жүйелі түрде көңіл бөліп, бір тоқ­тамға келу қажет. Ең соңғы нұс­қасы жасалып, ол көптің тал­қы­сына ұсынылуы керек. Ең бас­тысы, халықтың көңілінен шыға­тын әліпби жасағанымыз жөн.

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпбиді қайтадан қарау, жетілдіру жө­нінде тапсырма бергені өте орынды болды. Қазір осы істі жүзеге асыру үшін мем­ле­кеттен қомақты қаржы бө­лініп жатыр. Жетілдірілген әліпби жасауымызға ешқандай кедергі жоқ. Шетелдерде орын алған жайттарды терең зерт­­теп, тұжырымдама жасау керек. Со­нымен қатар көр­ші елдердің жі­берген кем­ші­ліктерін қайталамай, олардың тәжірибелеріне жіті мән бергеніміз дұрыс.

Бір ғасырдың ішінде бірнеше әліпби ауыстырдық. Әуелі төте жазуға бейімделдік. Одан кейін 10 жылдай латын графикасын қолдандық. Кейін кириллициға негізделген әліпбиге көштік. Сол кездерде болған кемшіліктер мен олқылықтарды болдырмай, ең ыңғайлы әрі тиімді нұсқасын таңдап алады деген ойдамын. Қорыта айтқанда, жаңа ғасырда жаңа латын әліпбиге көшу еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиғалардың бірі болмақ.

Жаңа графиканың межелі мерзімде елімізде толықтай енуі үшін әрбіріміз, жаңа дәуір­­дің жаңа талаптарына сай, жа­hандану кезеңінде латын әліп­биіне көшудің мемлекетімізге ауадай қажет екенін жүре­гімізбен сезінуіміз керек.

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты