Шымкент қаласының әкімі, қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов Instagram желісінде тікелей эфир арқылы тұрғындармен тілдесті.
Онлайн кездесуде ол қаладағы эпидемиологиялық ахуалды сөз етіп, тұрғындардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Ол өткен тәулікте қалада COVID-19 инфекциясын жұқтырған 14 жағдай тіркелгенін, бұл бағытта көбею үрдісі байқалып отырғанын сөз етті. – Бүгінде шаһарда 1 060 төсек-орын бар (жұқпалы – 560, карантин – 500), әзірге 864 төсек-орны бос тұр. Жұқпалы және карантинді ауруханаларда 196 науқас ем қабылдап жатыр, – деді аймақ басшысы. Қала әкімі апталық эфирін білім саласына арнады. Бұл жөнінде өзінің жеке парақшасында хабарлап, тұрғындардан сұрақтар мен ұсыныстарын жазба астына жазып қалдыруын сұраған. Тұрғындар тақырып төңірегінде 200-ден астам пікір жазып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Эфир барысында Мұрат Дүйсенбекұлы білім төңірегіндегі мәселелерді де талқыға салып, сала бойынша сұраққа жауап берді, алдағы жоспарды бөлісті. – Биыл қаладағы мемлекеттік 5 колледжді жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 1 447,772 млн теңге қаржы қаралған. Қыркүйек айына дейін колледждердің материалдық-техникалық базасы 70 пайызға жаңартылады. Сонымен қатар өткен жылы мектепке дейін білім беруде жан басына қаржыландыру әр балаға 28 350 теңге болса, биыл 37 527 теңге ретінде бекітілген. Көру қабілеті нашарлар үшін «Брайл» және зерде бұзылыстары бар балалар үшін «САТР» баспасынан арнайы кітап алынып, оқулықтар қоры толығатын болады, – деп атап өтті. Эфир соңында қала әкімі қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, әлі де сақтық шарасына мән беру қажет екенін айтты. Сөз соңында эфирде тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың барлығына міндетті түрде жауап беретінін, келесі апта тұрғын үй төңірегінде мәселе қозғалатынын жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН