«Самұрық-Қазына» – отандық қаржы алаңында
«Самұрық-Қазына» –  отандық қаржы алаңында
97
оқылды

«Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының бас­қарма төрағасы Ах­мет­жан Есімов акцияларды орна­ластыру бойынша «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығымен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл тура­лы ол АХҚО басшысы Қай­рат Келімбетовпен кездесу барысында мәлімдеді.

Ахметжан Есімов 2020 жылға арналған жекешелендіру бағдар­ламасы аясында «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком» сияқты ірі портфельдік компа­нияларды IPO/SPO-ға шығару екі мекеменің бірлескен міндеті еке­нін атап өтті. Осы міндет орын­далғаннан кейін «Самұрық-Қа­зына» қорын жекешелендіру бағ­дарламасында «Қазақстан те­мір жолы» ұлттық тасымалдау­шы­сын 2023 жылы IPO-ға шығару жөніндегі тармақ қана қалады.

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы қазақстандық трей­дер­лер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын отандық қаржы алаңы­ның артықшылығын айтты.

– Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы сатқан акциялардың 85 пайызын Лондон биржасына, 15 пайызын АХҚО биржасына орналастырдық. Биыл акция­лар­дың жартысынан көбін АХҚО-ға қойдық, – деді Ахметжан Есімов.

АХҚО басшысы Қайрат Ке­лімбетов «Самұрық-Қазына» қо­рымен арадағы ынтымақтастық­тан зор нәтиже шығарына сенім білдірді.

– Қаржы орталығы құрылғалы «Самұрық-Қазына» мен АХҚО тұрақты түрде тонның ішкі бауын­дай ынтымақтасып келеді. Қазір­дің өзінде AIX алаңында «Қаз­атом­өнеркәсіп» акциялары жақсы орналастырылды. Бұл «Самұрық-Қазынаға» акционерлік капитал тартуға да, биржаның мүмкін­діктерін көрсетуге де көмектесті. Біз 2020 жылы «Самұрық-Қа­зына» мен АХҚО-ның серіктес­тігін жаңа деңгейге көтеруді жос­парлап отырмыз, – деді Қайрат Келімбетов.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ