Демографиялық апат: теріскейде адам қалмай барады
Демографиялық апат: теріскейде адам қалмай барады
362
оқылды

Соңғы айларда қоғамдық резонанс тудырып, саяси тақырыпқа өзек болған Солтүстік Қазақстан облысында демография мәселесі жылдан-жылға ушығып барады. Со­ның көрінісіндей аудандарда ауылдар қаңырап бос қалуда. Бұл үрдісті пандемия сәл сая­быр­сытқаны болмаса, тоқтата алған жоқ. Былтырдың өзінде бұл өңірден кеткендер халықтың 8%-ын, яғни 4 мыңнан астам адамды құраған екен. Осылайша, соңғы екі жылда 10 мың адам көшіп кеткен. Облыста кадр тапшылығы қатты сезіледі. Ал оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы өте баяу жү­зеге асуда.

Жұмыссыздық пен кадр тапшылығы

Еліміздің ең бір кедей өңірін тастап көшкен жұрттың қарасы 2019 жылы қалың болыпты. Бұл жылғы көрсеткіш 20%-ға дейін, яғни 6 мың адамға жеткен. Бұл 2018 жылдан (3,5 мың адам) 40%-ға көп. Аудандар бо­йынша алсақ, көшкендердің көбі – Тайынша ауданынан. Жылына – 900 адам. Одан кейінгі орында – Жамбыл және Мағжан Жұмабаев (650 адам­нан) аудандары. Бұл аудан­дар ше­карада орналасқандықтан, кету­шілердің 99 пайызы Ресей асқан. Ғабит Мүсірепов ауданы – 500, Шал ақын ауданы – 450 адам. Қалған аудандарда одан аз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, мұндағы ең бірінші мәселе – жұмыссыздық. Мәселен, мұндағы 548 мың адамның жартысынан астамы (315 мың) ауылдық жерде тұрады. Ал ауылда айлық аз және жұмыс орын­дары жетіспейді. Жұрттың төлем қа­білетінің төмендігі сондай, кетіп бара жатқандардың арасында үйлерін 50 мыңға да сата алмағандар бар. Бұл ауыл тұрғындары еңбек ететін агроөндірістік кешенде жұмыс ұйымдастыра алмаған жергілікті биліктің кінәсі екені аян. Одан бө­лек, білікті кадрлары кетіп қалған­дықтан көптеген мекемеде кадр тапшылығы қатты сезіледі. Мәселен, аурухана­ларда отоларинголог, маммолог, онколог, хирург және рентгенолог сынды мамандық иелері жоқ. Мұндай жоғары білімді, білікті ма­мандардың ауылға баруға бас тартатынының бір себебі – ауылдық жерлерде істегені үшін берілетін 25 пайыздық өсімақының жоқтығы. Бұл мәселедегі тағы бір фактор – жергілікті өзге ұлт өкілдерінің шетелге қоныс аударуы. Соның ішінде Ресейге көшіп кеткен орыс ұлты өкілдерінің саны басым. Мә­селен, Петропавлда тұратын Сергей мен Марина (ерлі-зайып­тылар фамилияларын атамауды өтінді) Екатеринбургке қоныс аудармақшы екен. Олардың айтуынша, соңғы 10 жылда таныстары мен достарының барлығы дерлік көшіп кетіпті. Оның бірінші себебі – жалақы мәселесі. Мәселен, Сергейдің өзі – ІТ сала­сының маманы. Мұндағы өмірінің көп тұстарын Ресеймен салыстырып отырады. Енді сол жаққа барып айлығы жоғары жұмыс табатынына сенімді. Марина да мұғалімдер ол жақта көп алатынын айтады. «Біз Ресейге орыстың жері деп кетіп бара жатқан жоқпыз. Онда жұмыс бар, айлық жоғары. Біз де адам баласымыз. Жаңа машина мініп, баламды жақсы жерде оқы­тып, лайықты өмір сүргіміз келеді. Жазда теңізге барғымыз келеді. Ал 150 мың айлықпен Бурабайға да ба­руға ақша жинай алмайсың ғой. Мұнда соңғы жылдары жағдайымыз тым нашарлап кетті. Әйтпесе, туған жерімізді тастап не қыламыз», – дейді Сергей.

Урбанизация: оңтүстіктен солтүстікке

Негізі демография мәселесі солтүстік және шығыс облыстардың барлығында да бар. Бірақ Қызылжар өңірінде бұл жылдан жылға асқынып барады. Солтүстік Қа­­зақстан облысы еліміздегі соңғы 10 жыл­­да халық саны қатты азайып бара жатқан жалғыз облыс деуге болады. Егер 2010 жылы мұнда 592 мың адам тұрған болса, былтыр бұл көрсеткіш 548 адамды құраған. Бұл проблеманы шешу мақса­тында мем­лекет тарапынан 2013 жылы оң­түстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдар­ламасы қабылданған болатын. Оның негізгі бағыттары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасында да қарастырылған. Оған ел азаматтарынан бөлек, азаматтық алған қандастарымыз да (оралмандар) қатыса алады. Көшуге ниет­тілерді ынталандырудың бірнеше бағыт­ы бар. Олар – баспана жалдауға жұм­сайтын шығындарды субсидиялау, Рес­пуб­ли­калық бюджеттен бағдарламаға қа­ты­сушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік жәрдемақы, ком­муналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсету және тағы бас­қалар. Жергілікті атқарушы билік қо­ныс аударушы әр отбасынан еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуға мін­деттелген. Мамандығы жоқтарына тегін орта кәсіби білім беріледі. Сондай-ақ балалары болса, балабақшаға және мек­тепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруа­шылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөл­шерде жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Ал бизнес жоспар ұсынған азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшер­лемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады. Соны­мен қатар «Серпін» бағ­дарламасы бойын­ша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орын­дарында грантпен оқу мүмкіндігі қарастырылған. Үкіметі қоныс ауда­рушылардың шығу өңірі – Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қы­зылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары болады деп бекітсе, оларды қабылдайтын өңірлер Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қара­ғанды облыстары деп бекітті. Соңғы 10 жылда оңтүстік аймақтардағы халықтың саны жыл сайын 2%-ға көбейіп, халқының тығыздығы бойынша 6,4 шаршы шақырымға 1 адамнан келіп отыр. 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Солтүстік-Шығыс өңірлерге 1 402 отбасы қоныс аударған. Олардың жалпы саны – 4 826 адам. Үкімет 2018-2022 жылдар ара­лығында 59 мың отбасын солтүстікке кө­­шіруді жоспарлап отыр. Соған орай 2018 жылы – 7 100, 2019 жылы 6 962 адам көшірілді.

Теріскейге көштің көлігі аз

2018 жылдың желтоқсан айында бұл мәселені облыс әкімі үш жылда шешемін деп уәде берген болатын. Бірақ ол уәденің орындалмағанын көріп отырмыз. Көшіп барушылардың көбі жұмыс жоғына, берген үйлердің сапасының нашарлығына шағым айтуда. Оған қоса солтүстіктегі көштің қар­қыны да өте баяу. Оған бұл мәселенің тек жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қарастырылып отырғаны себеп. Сенатор Айгүл Қапбарова қоныс аударушыларға тұр­ғын үй берудің нақты тетігін пысықтау және «бір терезе» қағидаты бойынша де­ректердің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігін айтады. Ол бюро­кратиялық кедергісіз жер учаскелерін беру қа­жеттігін және баспана салуға жеңіл­де­тілген несие беру керегін де атап өтті. «Теріскейге көш «Еңбек» нәтижелі жұ­мыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі ретінде ғана қарастырылып отыр. Ол қо­ныстандыру барысында туындайтын мін­деттер мен мәселелердің барлық спектрін қамтымайды. «Бастау Бизнес» бағдарла­масының бағыты кәсіпкерлікті, әсіресе, қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауыл шаруашылығы және АӨК саласындағы даму мәселелерін қажетті ша­­мада шешпейді. «Өңіраралық көші-қон процесінде жас отбасыларға елеулі көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері жүзеге асырылса, Қазақстан жас­тарының шетелге көшіп кетуінің қазіргідей өсуі жағдайында бұл пәрменді шара болып саналады», – дейді Айгүл Жарыл­қа­сын­қызы. Әрине, Ресейдің кейбір саясатшы­сымақтарының жел сөзінен өре түрегеп, көк байрақ ұстап атпен шауып жүрген қа­зақстандықтардың бұл ісі жөн де болар. Бірақ солтүстіктің мәселесі челленджбен ғана шешілмейтіні анық. Ендеше, «тұлпар мініп, ту алғандардың» ат басын Қызыл­жарға бұрып, осы нөпірімен Солтүстік Қа­зақстан облысына көшіп барғаны абзал. Сонда ғана патриоттық сезімнің парасаты мен пайдасы өз мәнін таппақ. Ал теріскейге көштің бағдарламасы өз алдына бөлек қарастырылып, онда жеңілдіктер мен мем­лекеттік қолдау еселеп артса, «көш кө­лікті болары» сөзсіз!

Нұрлан ҚОСАЙ