Шымкент қаласының Қайнарбұлақ саяжайының Жаңақұрылыс алабынан хабарласқан қария ауызсу мен жарықтың зардабын тартып отырғанын жеткізді. Осында келіп, тұрғындардың жағдайымен танысуды өтінді. Бардық, көрдік.
Редакцияға телефон шалған Базарбай Янгибаев ақсақал осыдан 10 жыл бұрын Жетісай ауданынан көшіп келіпті. Оған дейін Өзбекстанның Сырдария өңірінде тұрыпты. Жалпы, мұнда тұрғындардың басым бөлігі оралмандар екен. «2011 жылы біз айдалада жалғыз үй тұрдық. Кейін біртіндеп қоныстанушылар көбейді. Сол 10 жылда көшіп келушілердің көбейгені болмаса, мына жерде еш нәрсе де өзгерген жоқ. Су жоқ, электр жарығын өзіміз қаржы жинап, жекеменшіктен тартып алғанбыз. Жолдың тұрысы міне, мұны да біраз жыл бұрын ақша жинап, тас төсеттірдік. Анау сайдағы мектепке балалар осындай қар жауған, жер қатты кезінде жолды жақындатып төте жолмен барады. Ал жаңбыр жауып, жер лай болғанда айналып жүреді», – дейді қария. Шымкенттің іргесіндегі Қайнарбұлақ одақ тұсында саяжай ретінде құрылған. Қазір саяжайға арналып, 3-4 сотық жерге салынған үйлер тұрғындардың мекеніне айналған. Саяжайдың айналасына соңғы он шақты жылда жаңа үйлер қоныстана бастады. Соның бірі – бүгінде 2 мыңнан аса отбасында 8 000-ға жуық тұрғыны бар Жаңақұрылыс алабы. Оның бүгінгі келбеті ақсақал айтып тұрғандай. Мұндағылар үйін көмірмен жылытады. Шамасы келгендер қыс түспей күздігүні көмірді базадан 15-16 мың теңгеден алып қалса, оған жағдайы көтермегендер Қайнарбұлаққа әкелетін алыпсатарлардан тоннасын 20 мың теңгеден сатып алып жүр. Қаптап алатындар да көп.Ауызсу да жоқ
Ауылға ауызсу әкімдік тарапынан аптасына бір мәрте су таситын көлікпен келеді. Оны «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған. Ал ауыл ішін лай, қар басып қалған күндері су таситын көлік көшеге кіре алмай үлкен жолдың бойына келіп тұрады. Тұрғындар бірі шелегімен, енді бірі баклажкасымен, бөшкеге үйді-үй су тасып алуға асығады. Бір отбасы аптасына 400 литр су алуға құқылы. Көбі оны да тасып ала алмайды екен. Себебі күндіз үйдегі ер-азаматтар жұмыста, бала-шаға мен кемпір-шал шамасы келгенінше тасып алады. «Қақаған аязда ол су да қатып қалады», – дейді тұрғындар. «Екі келінімнің де аяғы ауыр. Балалар жұмыста, немерелерім кішкентай. Өткенде көп су тасып алуға шама келмей қалды. Одан бөлек, 1 айға жуық су таситын көлік бұзылып, су келмей қалып, ауызсудың азабын тарттық. Сосын қарды ерітіп ішуге мәжбүр болдық», – дейді Базарбай ақсақал. Көше бойында бір үй 3 метр тереңдікте су толтырып қоятын құдық қазыпты. Кейінгі кездері көлік суды осында құйып кетіп жүр. Көршілерге бұл да бір медет. Ең бастысы, мұнда су қатпайды. Көрші-қолаң су келгенде осында кезекке тұрады. «Ауызсу жер астынан 35-40 метр тереңдіктен шығады. Құдық қазып алуға ешкімнің қалтасы көтермейді», – дейді тағы бірде атай. Ауылдағы ауызсудың азабы осымен тоқтай тұрсын. Электр жарығының машақаты бұдан да өтіп кетеді. Жел үп етсе, жарық жалп ететін аймақтың нағыз өзі. Үйелмелі-сүйелмелі қолдан құрастырылған бағаналарды көріп қорқасыз. Сымдары айқыш-ұйқыш, үстіңе түсіп кетердей. «2011 жылы көшіп келген соң 4 жыл бойы жарықсыз отырдық. Мотормен, кейде шырақпен үйге жарық кіргізетінбіз. Ол да күйіп кете береді, жыл сайын бір мотор алып жүрдік. 2015 жылдың басында адам басы жиналған соң жекеменшік компанияға ақша жинап беріп, үйімізге электр жарығын кіргіздік. Бағаналарды өзіміз қойдырдық. Әр бағанаға 10 мың теңгеден, оның астын қазғанға 2 000-нан, одан бөлек сымы бар, жалпы әр отбасы 35 мың теңге көлемінде қаржы жинап бергенбіз. Жекеменшіктің 1 кВт-інің тарифі – 25 теңге. Үкіметтікін алып отырған мынау Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары 13 теңгеден төлеп жүр. Жақында жарықтың өзіне бір айға 6 800 теңге төледім. Онда да жарқырап отырғанымыз шамалы. Сәл жел тұрса жарық өшеді де қалады. Кешке мүлдем сығырайып қалады. 2 тоңазытқыш, 1 телевизор күйдірдік» деп мұңын шақты Базарбай ақсақал.Атауы жоқ көшелер
Ал 2015 жылы көшіп келген Өмірзақ Байышов ақсақал кешке тіптен телевизор көре алмайтынын айтып шағымданды. «Үкіметтің электр жарығы келсе дұрыс болар еді. Ақша жинайтындарға тағы 300 теңгеден қосымша береміз. Үнемі жарық өшіп қалады-ау деген күдікпен қамымызды жасап отырамыз. Жаңадан көшіп келіп жатқандар сол бір трансформатордан сым тартып, жалғап ала береді. Сосын шығар, трансформатордың қуаты жетпей жатады. Келесі көшенің басында тұратын электр жарығы мекемесінде жұмыс істейтін бір жігіт сол аумаққа орталықтандырылған электр энергиясын тартып беріпті. Бізде ондай да мүмкіндік болмай тұр. Күл-қоқыс алып кететіндерге ай сайын 700 теңгеден төлейміз. Ондағы шығаратын қоқысымыз – от жаққан күліміз»,– дейді ол. Ауыл тұрғындары биыл судың не болмаса жолдың, не табиғи газдың, тіпті жарықтың да келетін-келмейтінінен бейхабар. «Аудан әкімін мүлдем көрмегенбіз, депутаттарды сірә танымаймыз», – дейді олар. Базарбай атай тұрғындардың аманатын арқалап талай мәрте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына барған екен. 5 жыл бұрын барғанында ондағылар «астанада EXPO-ға дайындық жүріп жатыр, қаржының бәрі сонда кетіп жатыр, сәл шыдаңыздар» деп шығарып салыпты. 2-3 жылдан соң EXPO бітті ғой, қарағым деп барған екен, қаржы бөлінсе, мәселелеріңіз шешіледі деп тағы шығарып салыпты. Былтыр біреулер келіп, келесі жылға табиғи газды жобаға енгіземіз деп, әр үйден 10 мың теңгеден жинап алып кетіпті. Одан кейін ізім-қайым хабар жоқ. 2 200 түтіні бар ауылда 20 шақты көше бар. Бірақ атауы жоқ, жедел жәрдем келсе де, біреуге мекенжай айтқанда да ыңғайсыз. Қаратау ауданы әкімдігіне қарайтын Қайнарбұлақ саяжайының Жаңақұрылыс алабы туралы мәліметті сұратқанымызда да осы жағдайға тап болдық. Аудан әкімі Абзал Әліқұлов ауылға жиі барып, халықпен жүздесіп тұратынын, тұрмысы төмен отбасыларға демеушілер есебінен көмір жеткізіп бергенін айтып ақталғанды. Кімге сенеміз, «өмірі түрін көрмедік» деген халыққа ма, әлде ант-су ішіп отырған әкімге ме? Әкімдік берген мәліметтерге сүйенсек, тұрғын алапқа 2021 жылы ауызсу мен табиғи газ кіргізу үшін 49,8 млн теңгеге жоба жасалып, өткен жылдың қараша айында мәслихат сессиясына ұсынылған. Мұнда тек ұсынылғаны айтылып отыр. Ал электр жарығына жобалық-сметалық құжат дайындалыпты. Айтуынша, 2021 жылы «Береке» ЖШС 2 760 абонентке жарық кіргізеді. Ал автомобиль жолдары үшін жасалған жобада бірнеше атауы жоқ көшенің орташа жөндеуден өтетінін айтады. Жалпы, әкімдіктің әуелдегі әдеті, барлық мәселені биыл шешіп тастаймыз деп үйіп-төгеді. Дегенмен 10 жылда бірде-бір мәселесі шешілмеген бұл аумаққа бір жылда айды алып беретініне сенгіміз келмей отыр. Жалпы, миллион тұрғыны бар мегаполистің миллион проблемасы бола бермек. Оның үстіне, соңғы 3 жылда қалаға қосылған қала шетіндегі жаңа ауылдардың мәселесі бүгін-ертең шешіле қоймайды-ау. Қайтып шешілсін, қала әкімі М.Әйтеновтің қалаға жұлдыздарды жинап, одан бөлек алтынмен пара-пар жерді қалталы компанияға тұрғын үй кешеніне беремін деп басы дауға қалып жатқанда, қала шетіндегі тұрғындар сол баяғы көмескі тіршілік кешіп отыра беретін секілді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы