Пандемияда аурухана қаржысын жымқырғаны рас па?
Пандемияда аурухана қаржысын жымқырғаны рас па?
221
оқылды

Өткен жылы коронавирус инфекциясы өршіп тұрғанда жедел шешім қабылданып, небәрі 18 күнде салынған Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасы төңірегінде жағымды-жағымсыз ақпараттар толастар емес.

Жағымды дейтініміз – санау­лы күннің ішінде аурухана құ­ры­лы­сын аяқтап, оны қазіргі та­лапқа сай құ­рал-жабдықпен толық қам­та­масыз етіп, дәрігер­лердің вирус­пен күре­суі­не ба­рынша жағдай жа­сауы бол­са, жа­ғымсыз ақпарат қатарына ау­ру­хана құрылысы сапасына көңі­лі толмайтындардың пікірі мен осы құ­рылысқа бөлінген қаржының жым­қырылуы жа­йын­дағы дерек­тер­ге тоқталуға болады. Біраз күн бұ­рын BI Group холдингі құры­лы­сын жүргізген модульді инфекция­лық ауруханаға бөлінген 5,5 млрд тең­генің 3,9 млрд теңгесі ұр­лан­ға­ны туралы ақпарат бұрқ ете қалды. Сы­байлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Жай­лы қалалық ор­та басқар­масының бас­шысы Са­пар Нұра­шевтың ұс­тал­ғаны тура­лы ақпаратты рас­та­ған. Іле-ша­ла қала әкім­дігінің бас­­пасөз қыз­­­меті мұндай ақпарат­тың шын­дық­қа жанас­пайтынын мәлімдеді. «Әлеуметтік желілерде және сайт­­тарда жарияланған Жайлы қа­ла­лық орта басқармасының бас­шы­­сы Сапар Нұрашевтың ұстал­ға­ны туралы ақпарат шын­дыққа жа­наспайды. Нұрашев жұмыс ор­нында отыр. Қала әкім­дігі қажет ақ­паратты және тергеу­ге дейінгі тек­серіске қатысты түсінік беруге дайын» деген ақ­парат таратты. Алматы әкімдігі шенеунікті еш­­кім ұстамағанын мәлім­дегеннен кейін сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы қызмет өкілдері ҚазТАГ агент­тігі­не қайта қо­ңырау шалып, Нұра­шев­қа қа­тысты түсініктеме тұжы­ры­мын «біз сотқа дейінгі тергеудің тір­­келгенін растаймыз» деп өзгер­туді сұраған. Байқап отырғандай, Алма­ты­дағы модульді аурухана құрыл­ысын жүр­гізу барысында жем­қорлық әре­кеттер болғаны жай­лы ақпарат әлі нақтыланған жоқ. Алматы про­куратурасының мә­ліметінше, биыл 16 қаңтарда Алматының сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызметі сотқа де­йінгі тергеуді бастаған. Іс Қыл­мыс­тық кодекстің 189-бабы 4-бө­лі­гі 2-тармағы, яғни модульді жұқ­па­лы аурулар ауруханасын салуға бө­лінген аса ірі көлемде бюджет қа­ра­жатын жымқыру бойынша тер­геліп жатыр. «Соталды тергеуді тіркеуге Ал­ма­ты Ішкі мемлекеттік аудит де­пар­таментінің (ІМАД) қо­рытын­ды­сы негіз болды. Ол 2020 жыл­дың 21 желтоқсанында жа­салды. Қыл­мыстық іс бойынша адамдар күдікті деп танылмады және ұсталмады. Қазір тергеу органы жоспарланған тер­геу әре­кетін жүргізіп жатыр. Қо­­ры­тын­дының тұжырымдары мен өз­ге де ақпарат жарияланбайды» де­лін­ген Алматы қаласы про­ку­роры­­ның орынбасары Сәкен Ермек­­баевтың жауабында. Бұған дейін Алматы қала­сының Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаменті жұқпалы ау­рулар ауруханасына бөлінген ақ­ша­ны жымқырды деген күдікпен тер­геу жүргіз­ілетінін хабарлаған. Бі­рер күн бұрын департамент қыз­мет­­керлері жаңа аурухана салуға бөлінген ақшаны жымқыру ісі бойынша БАҚ-та резонанс жаса­мауды сұрады. «Тергеу барысында кел­тіріл­ген нақ­ты залалды анықтау үшін Ішкі мемлекеттік аудит де­партамен­тінің актілері міндетті түрде тексеру жүр­гізу үшін тір­келеді. Соманы және ақ­ша жым­қыр­удың болған-болма­ғанын анықтау үшін тиісті сарап­тама тағайындалады. Көп жағдайда расталмайды. Істі тоқтатуы да мүм­кін», – деді Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы қызметтің аса маңыз­ды істер бойынша тер­геушісі Да­нияр Бегайдаров. Оның айтуынша, Алматы қа­ла­сындағы СOVID-19 орталығы үшін салынған модульді аурухана ісі Ішкі мемлекеттік аудит де­партаментіне тіркелген. Бүгінде қылмыстық іс тер­геліп жатыр. Ол тергеу бары­сын­да бәрі анық­талатынын, сон­дай-ақ бұл жө­нін­де қосымша ха­бар­лайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар тер­геуші бұл ІМАД актісі бойын­ша тіркелген әдеттегі іс еке­ніне және ондай іс өте көп бола­ты­нына тоқталды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ