«Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Талғат Нәрікбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досановпен кездесті.
Сервистік орталық ғимаратында өткен кездесу барысында сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылықтардың пайда болуына ықпал ететін негізгі себептер талқыланды. – Екі апта ішінде біздің жұмыс тобымыз жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар қабылдап жатқанын зерттейтін болады. Мамандар тобы барлық бағыт бойынша жұмыс істеп, Шалқар және Мұғалжар аудандарын қамтуы тиіс. Басты мақсат – болашақта сыбайлас жемқорлық құбылыстарын болдырмау, сол арқылы қоғамның «Nur Otan» партиясына деген сенімі артады, – деді жұмыс тобының жетекшісі Талғат Нәрікбаев. Орталық өкілдері қонақтарға ANTIKOR ORTALYGY барлық азаматқа жедел және қолайлы жағдайда өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік беретінін айтты. – Бізге ТКШ саласынан бастап әлеуметтік төлемдерге байланысты мәселелерге дейінгі барлық мәселе бойынша өтініштер айтылады. Сыпайы қызметкерлер, ашық кабинеттер адамдарға шынайы сенім тудырады. Кейде келушілер сервистік орталық әкімдікке қарағанда көбірек өкілеттікке ие деп қате ойлайды. Олай емес. Біз тек өз мүмкіндігімізше әрбір жүгінген адамға көмектесуге тырысамыз, – деп сендірді құқықтық алаңда. Айта кетейік, Ақтөбе облысына «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы келген болатын. Топ мүшелері екі аптаның ішінде өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды және партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуы бойынша жұмыс нәтижелерін зерделеуді жоспарлап отыр.Әбілмансұр ЖАСАН