Білікті жемқорлар заңсыз ақша табудың өзгенің ойына келмес жолдарын табады. Шымкентте қаланың топографиялық картасын жасаудан-ақ жүздеген миллион теңге ел қаржысы жымқырылған.
Шымқалада сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ұрлауды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің байламынша, еліміздің үшінші мегаполисінің архитектура басқармасының экс-басшысы бюджет қаржысын қазынадан қалтасына басудың жаңа әдісін табады. Ол қаланың топографиялық картасын жасату үшін тендер жариялайды. Тіпті, оны жасату кезінде елдің біраз ақшасы үнемделгенін көз қылып хабарлайды. Кейін анықталғандай, карта жарамсыз болып шыққан. Нәтижесінде, 2020 жылдың маусымында Шымкенттің сәулетшісін жемқорлықпен күресушілер ұстап әкетті. «Бұл жерасты және жерүсті құрылыстарының толыққанды картасы болуы тиіс еді, мұндай карта мегаполисте құрылыс жүргізу үшін аса қажет. Оның тіпті стратегиялық маңызы бар. Сондықтан лайықты карта жасау орнына ол ақшаны ұрлаған. Бүгінде карта қолдануға жарамсыз», – деді Шымкенттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Асхат Жұмағали. Антикоррупциялық қызмет дерегінше, Шымкенттің Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы «ИнвестСтройПроект ЛТД» ЖШС директорымен ымыраласу арқылы «Шымкент қаласының аумағындағы жерасты және жерүсті коммуникацияларының топографиялық түсірілімі» деген тендер өткізіп, 498 миллион теңгені ұрлаған. Бас архитектор құзыретін пайдаланып, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа жер телімін сатып алып, ақшаны заңдастырады. Ол жер телімі басқа адамның атына жазылған. Сотта сотталушылардың айыбы толығымен расталды. Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты өз үкімімен барлық мүлкін тәркілей отырып, экс-шенеунікті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Жер телімі мемлекеттің құзырына өтеді. Оның ымыраласы 8 жылға темір торға қамалады. Қос қылмыскерден мемлекетке келтірілген шығын сомасы өндірілді.Елдос СЕНБАЙ