Полиция департаментінің хабарлауынша, 26 қаңтар күні 102 нөміріне терезе алдында бала тұрғаны жайында хабарлама түскен. Полицейлер оқиға орнына жылдам жетіп, төртінші қабаттың терезесінде тұрған сәбиді құтқарып алды.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, қала тұрғындарының бірі 102 нөміріне қоңырау шалып, Е-16 көшесі бойындағы тұрғын үй пәтерінің бірінде ашық тұрған терезеге кішкентай бала шығып алғаны туралы хабарлаған. Бала жылап анасын шақырған. Көршілері арнайы орын қызметкерлеріне оның терезеден құлап кету қаупі бар екенін жеткізген. Артынша тұрғын үйге патрульдік полиция экипажы жіберілген. Полиция капитаны Әділет Далабаев пен аға лейтенант Әуелхан Мұталхан 4-қабаттағы пәтерді бірден тауып, оқиға орнына жеткенімен, пәтер есігі жабық болған. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, олар баланы сөзге айналдырып, есікке қарай шақырған. Есіктің сыртынан сәбимен сөйлесіп, көңілін аулауға тырысқан. Сөз арасында 6 жасар бала үйде жалғыз қалғанын, қатты қорқатынын айтқан. Полицейлер осы аралықта пәтердің жалға берілгенін анықтап, қожайынымен байланысқа шығып, есікті ашып беруін өтінген. Осылайша, үйге кіріп, баланың дін-аман екеніне көз жеткізген. Баламен бірге анасының келуін күтіп, оны аман-есен ата-анасына тапсырған. Әрі бұдан былай баланы жалғыз қалдырмауын сұрап, ескерту жасаған.Айбике ЖАНАСЫЛ