Алдағы уақытта елімізде тағы бір агенттік құрылады, монополияны тәубесіне түсіретін жаңа заң қабылданады, жайылым жерлер қарапайым халыққа қолжетімді болады. Осы және өзге де жаңалықтар кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды.
Жиынға Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшылары қатысты.Дағдарысқа қарсы шараларға 6,3 трлн теңге жұмсалды
Кеңейтілген отырыста Үкімет жетекшісі Асқар Мамин өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол былтыр пандемия салдарынан туындаған жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін шектеуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Тауарлар өндірісі 2 пайызға, құрылыс саласы – 11,2, ауыл шаруашылығы – 5,6, өңдеу өнеркәсібі 3,9 пайызға өскенін жеткізді. 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңдеу өнеркәсібі де өсім көрсетті. Бірақ ОПЕК+ келісімін орындауға байланысты тау-кен өндіру өнеркәсібінің дамуы шектеулі болғанын атап өтті. Қызмет көрсету секторы 5,6 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция 7,5 пайыз болды. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл Жұмыспен қамтудың жол картасын және дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде мүмкін болыпты. Мемлекеттік бюджет кірісі трансферттерді есепке алмағанда 9 трлн 751 млрд (102,7%) теңге сомасында орындалды. Ал Республикалық бюджеттің кірісі трансферттерді есептемегенде жоспарға қатысты 100,3%, ал жергілікті бюджеттер 108% орындалды. Халықаралық қор 94,4 млрд долларға жетсе, алтын-валюта қоры 35,7 млрд долларға дейін ұлғайды. Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активі – 58,7 млрд доллар. Сыртқы сауда айналымы 11 айда 77,7 млрд доллар болды, экспорт – 43,4 млрд, импорт – 34,4 млрд доллар. Соның арқасында сыртқы сауданың оң сальдосы 9 млрд доллар деңгейінде сақталды. «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы қабылданып, іске асырылды. Бұл халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шұғыл шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар және экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар. Осының арқасында 700 мың кәсіпкер салық жеңілдігін алды. Зиян шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80% несие төлеу мерзімін кейінге ауыстыру жеңілдігін пайдаланды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы қаржыландырылды. Үкіметтің экономика мен халықты қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларының жалпы көлемі 6,3 трлн теңгеге жетті, бұл жалпы ішкі өнімнің 9% пайызы», – деді Асқар Ұзақбайұлы. Ол, сонымен бірге биыл жүзеге асатын жобалар мен жұмыстарды да атап берді.100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды
Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкіметтің басты міндеті экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және қазақстандықтардың табысын арттыру екенін атап өтті. Сөйтіп, пандемия мен шектеу шараларынан, сондай-ақ, сауда байланыстарының үзілуінен айтарлықтай зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызына назар аударды. – Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау Бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Ол Үкімет мүшелері мен әкімдердің сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру жұмысын сынға алды. Былтыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңге болды. Жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге (қаржының 52 пайызы) бөлінген. Экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған. – Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын, – деді Президент.Азаматтар қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналасқан
Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстар арасында айтарлықтай айырмашылық бар болып шықты. Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлініп, бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарламадағы халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқарғанымен, ондаған, жүздеген мың жұмыс орнының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бары анықталды. – Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген! Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған. Мұндай жағдай, әсіресе Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталды. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 трлн теңгеден небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз! Мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз, – деді Мемлекет басшысы. Қ.Тоқаев Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржының кіріс көлемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлемдердің жинақтық деңгейі төмен екені байқалады. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны анықталған. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 млрд доллардан астам қаржыны құрайды.Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады
Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты күшейтуді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрттен біріне, ал Дүниежүзілік банктің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «көлеңкелі» аймақта екен. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады. – Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 млн теңгеден астам қаржы шығындалады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжірибе біздің елде де, нақты айтқанда елорда әкімдігінде қолданылған. Мұндай әдіс «Самұрық-Қазына» қорында апробациядан сәтті өтті. Бұл қызметтік көліктер санын едәуір қысқартуға және әкімшілік шығынды 1,5 млрд теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді. Үкіметке Президенттің Іс Басқармасымен бірге меморгандар басшыларын қызметтік көлікпен қамтамасыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын. Бұл жұмыс нақты қысқартуды қажет етеді, – деді. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің жаңадан тағайындалған орынбасары – Сыртқы істер министріне ақпан айының соңына дейін инвестицияларды басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Әрбір еркін экономикалық аймақтың лайықтылығына талдау жасап, олардың жаңа жұмыс моделін әзірлеу қажет. – Өзінің Арнайы экономикалық аймағын нақты дамытумен айналыспайтын әкімдердің жағдайы қыл үстінде тұрғанын айтқым келеді. Біз ондай аймақты жабамыз және бюджет қаржысын шығындамаймыз. Бұл проблеманы тез арада шешуіміз керек. Экономиканы қайта қалпына келтірудегі инвестицияның екінші көзі – банк несиелері және қор нарығы. Бірақ ол да ақсап тұр. Инфляцияның орнықты төмендеуі, инфляция мен девальвацияның тұрақтануы – ақша-кредит саясатын жұмсартудың маңызды шарты. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны 2021-2022 жылдары 4-6 пайызға қайтарып, 2025 жылы 3-4 пайызға дейін төмендетуі керек,– деді Президент.Білім саласына түбегейлі өзгеріс керек
Мемлекет басшысы оқушылардың білім сапасының халықаралық бағалауына да назар аударып, мектептердегі білім сапасының жүйелі түрде нашарлағанын айтты. Сондықтан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. – Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру – тәжірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық берген жөн, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұжырымдамасында 2025 жылға дейін жаңа 800 мектеп салуға уәде берілген. Президент осы жұмысқа шұғыл кірісуді және биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды.Жайылым мәселесі жөнге келеді
Президент Жер кодексінің кей нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды. Осыған байланысты Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзетулерді қабылдауды тапсырды. Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналып жүр. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағым көп түседі. Жайылымның 99 пайызы шаруа қожалығының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент су ресурстарын сақтап, тиімді пайдалануды ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамудың кепілі екенін айтты. Себебі экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындалады. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Сондықтан Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу жүктелді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинағын пайдалану жөніндегі бастама да сөз болды. Президент ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағаның өсуіне жол бермеу үшін нақты шара қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндіру жұмысын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізуі тиіс.Мен де отандық екпе салдырамын
Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесі күрделі сынақтан өтіп, саладағы олқылықтар айқын көрінді. Бір ғана мысал – былтыр 156 ана өлімі тіркеліп, өлім-жітім 2,8 есе артты. – Үкіметке облыс әкімдіктерімен бірлесіп және кәсіби қауымдастық мүшелерін тарта отырып, денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізуді тапсырамын. Бұл ретте босандыру және жансақтау бөлімдеріне, олардың медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне басымдық беру керек. Бас прокуратураға осы мәселе бойынша іріктелген тексеру жүргізу тапсырылды. Оның қорытындысы бойынша кінәлі адамдарға қатысты шара қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі жағдайдан сабақ алуымыз керек. Пандемияның басталғанына бір жыл болды. Жинақталған тәжірибені ескере отырып, әрекет ету қажет. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде эпидемияға қарсы шараларға теңдестірілген тәсілді қамтамасыз ету мақсатында иммундық мәртебе туралы ақпарат қамтылатын QR код енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды. – Әрине, жаппай вакцинациялау дағдарысты еңсерудің нақты әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Дайындық жұмыстарын зерттеу кезінде вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының қажетті көлемі жетіспейтіні анықталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындықты толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте өзім отандық екпе салдырамын, – деді Президент.Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетіледі
Президент онлайн режимде өңір басшыларымен тілдесті. Мысалы, Батыс Қазақстан облысын электрмен жабдықтаудағы кемшіліктерді атады. Себебі былтыр бұл өңірде электр қуаты 182 рет үзілген. Бұл мәселені шешу үшін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады. Өңір басшысы Ғали Есқалиев облысқа қарасты екі аудан электр қуатын Ресейден сатып алып отырғанын, сондықтан электр желілерін қалпына келтіру және 2 ауданға электр желісін тарту өзекті мәселе екенін жеткізді. Бұл бағытта тиісті іс-шара атқарып жатқанын тілге тиек етті. Қызылорда облысының күрделі кезеңді бастан кешіп жатқаны Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Өңірдің негізгі табысы мұнайдан түсетіні белгілі. Бүгінде мұнай қоры таусылып, өндіру көлемі азая түскен. Сондықтан Президент Қызылорда өңірін қолдау үшін жаңа мұнай-газ кеніштерін барлап, қазіргі кен орындарына зерттеу жүргізуді, өңір экономикасын әртараптандыруды жүктеді. Шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамытуға өңірдің шамасы жетпейтінін айтқан Қ.Тоқаев Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтардың өтінішімен жұмыс істеуді қайта жаңғырту үшін «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орталығын ашуды тапсырды. 1 шілдеге дейін жүйе барлық мемлекеттік органда іске қосылуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің бүгінгі ең басты міндеті азаматтардың өмір сапасын жақсартып, табысын арттыру екенін, мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне бағытталуы тиіс екенін шегелеп айтты.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ