«Мүмкіндігі шексіз» кәсіпкерлер
«Мүмкіндігі шексіз» кәсіпкерлер
259
оқылды

Олардың әрбір күні табандылық пен күреске толы. Әр қимылы қиындықпен, әр қалауы қияметпен жүзеге асады. Біріне сенің бірауыз сөзіңді түсіну бақыт болса, біріне жарық дүниені көру арман. Бірі қара жерді басып жүруге зар болса, біріне өміріндегі игі жандарды бір құшақтау мұң. Бірақ олар қанша шарасыз күйге түссе де, мойыған емес. Өйткені жеңуге деген жігері жетелеп, өмірге деген құштарлығы қуат береді. Сондықтан да мүмкіндігі  шектеулі жандардың арасында ерік-жігер деп аталатын «шексіз мүмкіндікке» ие азаматтардың да бар екенін ұмытпаған абзал. Тек жеке басындағы қиындықтарды жеңіп қана қоймай, мүгедектігіне қарамастан жеке кәсіп ашып, өзі секілді өзгелерге де жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлердің өмірі көпке үлгі.

Мемлекеттік қолдау – «Бизнес Бастау»

Елімізде 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, 695,1 мың мүмкіндігі шенктеулі жандар бар екен. Бұл халық санының 3,7%-ы. Солардың ішінде 419 мыңы еңбек етуге қабілетті болса, жұ­мысқа тек 83 мың адам ғана тартылған. Бұл небәрі – 20%. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ОЭРС) елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыра түсу үшін мемлекет тарапынан көптеген жұмыс атқарылып жатыр. «Үкіметтің «мүмкіндігі шектеулі жандардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндік туғызу» жобалық кеңсесінің аясында оларды жұмысқа алу квотасын енгізу бойынша талдау жасалды. 1 қаң­тардағы мәлімет бойынша, штат саны 50 адамнан асатын 14 635 кәсіпорын бары анықталды. Солардың ішінде 11 761 мекемеде түсіндіру жұмыстары жүріп, 49 963 мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тұрғызу мүмкіндігі анықталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін бұл квотаны орындамаған жұмыс берушілерге өтемақы төлету тетігі қарастырылуда. Арнайы қорға жиналатын бұл норма 2023 жылы енгізілуі мүмкін», – деді жобалық кеңсе өкілдері. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында мем­лекет өз бетінше бизнес ашқан мүмкіндігі шектеулі жандардың көбейгеніне мүдделі. Бұл мақсатта салықтан жеңілдік жасап, «Атамекен» ҰКП арқылы оқытуда. Алматы қаласында бұл жұмыс жемісті жүзеге асып отыр. 2019 жылы Алматы қаласында «Жас Кәсіпкер» жобасы бойынша – 2 650 адам, «Бизнес Бастау» бойынша 4 250 адам оқыған. Осылардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны – 230. Осы жылы алған білімін одан әрі кәсіп етіп жалғас­тырған 2 867 адамға мемлекет тарапынан қаржы берілген. Ал 2020 жылы 2 600 адам оқыған болса, оның 100-і инклюзивті санаттағы жандар болыпты. 700 адамға старттық капитал ретінде грант берілген. «Мүмкіндігі шектеуді жандарды оқыту курстары 3 аптадан тұрды. 2019 жылы инклюзивті сабақтарды 4 лекпен өткіздік. Оқулар негізінен мүмкіндігі шектеулі мылқау адамдардың «Үміт» орталығының базасында өтті. Бірақ біз Алматы қаласының барлық ауданын қамтитын болғандықтан, оған зағип, нашар көретін, мүкіс, саңырау адамдар да қатысты. Мені сабаққа қатысушылардың ынтасы, мұқияттылығы өте қатты таңғалдырды. Олар әр сабақты зерделеп тоқып, іс бастауға үлкен құлшынысы бар екенін көрсетті. Қабілеттері қандай кәсіп түріне қолайлы екенін түсінуі үшін шаштараз, тігіншілік, етікші, қолөнер, ағаш өңдеу, кілт жасау, жеңіл өнеркәсіп секілді, тағы да басқа бизнес түрлерін ұсындық», – дейді «Атамекен» ҰКП-ның (Алматы қаласы) бизнес-тренері Айгүл Жайлыбаева. Олардың бірқатары бизнес-жоспарын қорғап, мемлекеттен грант алып кәсібін бастап кеткен. Арасында бұрыннан бизнесі бары да бар. Солардың бірі – құлағы нашар еститін Рустам Сабиров 2019 жылы оқып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, өзінің құрылыс нысандарына, жиһаз өндірісіне арнап ағаш тақтай дайындайтын ағаш өңдеу цехына қосымша құрал-жабдық сатып алған. «Бұған дейін осындай цехта жалдамалы жұмысшы болып біраз істедім. Одан соң өз алдыма бөлек кеттім. Цехта бірнеше ағаш кесу, тесу, жону, жаншу, шлифтеу станоктары бар еді. Оған қосымша құрал-сайман сатып алдым. Сосын жұмысымды заңдас­тырдым. Еденге арналған тақтайшалар, плинтус, есік, карниз сынды және гарнитуралар, үстелдер мен столдар жасаймыз. Жылдық айналым әзірге 1 миллион теңгенің кө­лемінде. 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекетке көмегі үшін алғы­сымды білдіремін», – дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге ескерткіш қою керек

Елімізде кәсіп ашқысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандар өте көп. Бірақ бұл тұста белгілі бір қиындықтар бар. Олар орынжай жалдау, бастапқы және айналым капиталын табу сынды мәселелер. Мемлекет мұндайда қымбат емес орынжайларды жалға ұсынып, қолдау көрсетуге дайын екенін аңғартып жүр. «Оған қоса, «Атамекен» тарапынан да оқу бағдарламасы жолға қойылған. Мұнда бәрі тегін. Кеңес беру, оқыту, бизнес-жоспар құрау. Соңғы екі жыл оқуды табысты аяқтап, бизнес-жоспар құрып, оны сәтті қорғап шыққандардың әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген. Мұнда сертификат алғандар одан әрі әкімдіктерге барып, басқа да грантқа қатыса алады. Ал ондағы сома әр өңірдің өз шартына қарай 3-5 миллионның аралығын құрайды. Бұл жаңа басталып келе жатқан бизнес үшін өте үлкен көмек», – дейді «Атамекен» ҰКП төрағасының штаттан тыс кеңесшісі Алмаз Ержан. Көпшілікке қоғамдық белсенді, блогер ретінде таныс Алмаз Ержан, сонымен қатар ELAMAN әлеуметтік инновациялық жобалар қоры ҚҚ төрағасы болып табылады. Ол инклюзив санатты жан­дардың бизнесін дамытуға мемлекеттік сатып алуға қатыса алмай отырғанына қынжылады. Оның айтуынша, тендердің айналасы өте лас, астыртын ойындарға толы. Оған қатысатын компаниялардың көбі нақты цехы немесе өндірісі жоқ делдалдар. Сондықтан да бұл саланы тәртіпке келтіруді қолға алуда екен. «Атамекеннің» қатысуымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Аукеновтің жетекшілігімен Ұлттық жоспарға және Әлеуметтік кодекске осы жайттарды енгізу қа­растырылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан бизнесте жүрген азаматтардың бар үміті осы құжатта.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ