Түркістан облысында мал қазылған орға түсіп, қырылып жатыр
Түркістан облысында мал қазылған орға түсіп, қырылып жатыр
170
оқылды

Арыстағы Монтайтас ауылында жалға алған жердің иелері «мал жүрмесін» деп жер телімінің айналасын қазып тастаған. Бұл туралы КТК хабарлады.

Жайылымда жүрген жылқы, сиырлар боранда пана іздеп, қазылған арыққа түсіп өлді. Барынан айырылған малшылар өлекселерді қар астынан аршып алып жатыр. Боранды күні терең шұңқырға түскен мал шыға алмай қалған.

Тұрғындар қар астынан шалажансар күйі табылған малдың саны көп дейді. Малмен күн көріп отырған жұрт шығынды кімнен дауларын білмей отыр. Кезінде үлеске берілген жерді егін саламыз деп кәсіпкерлер жалға алған. Бірақ егін екпесе де, бос жатқан алқаптарды айналдырып «мал баспасын» деп тереңдігі бір метрден асатын арық қазып тастаған. Қысы-жазы малынан айырылған жұрт ауыл әкімінен кәсіпкерлерге шара қолдануды талап етті.

Алайда Монтайтас ауылының әкімі игерілмеген жерлердің тізімін жылда ауданға жібереміз, бірақ одан еш нәтиже жоқ деп қол қусырып отыр. Монтайтас ауылдық округінің әкімі Тоқберген Баекеев: «Былтырдан айыппұл мәселесін қарастырып жатыр...», – дейді.

Кеше Президент Үкіметтің жиынында ауылда мал жаятын жайылым жер жоқ екенін айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге игерілмей бос жатқан жерлердің проблемасын шешуді тапсырды.