«Қасым хан» сериалының жолы болмай-ақ қойды. Әуелде 75 серия түсіріледі деп жоспарланған. Тіпті, режиссері де бекітілген. Аттай қалап, «Ертұғырылды» түсірген түріктің атақты режиссері Метин Гюнайды да шақырғанбыз.
75 бөлімнен тұратын туынды жылдың төрт мезгілін қамтитыны, ал түсірілімі 3 жылға созылып, Отырар төбе, Сауран, Сарайшық қалаларында өтетіні де белгілі болған еді. Өкінішке қарай, «Қасым хан» сериал болып басталып, соңында толықметражды фильмге айналды. Қазақтың ұлы хандарының бірі, әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы Қасым хан туралы сериал түсіру идеясы 2018 жылы басталған. 2019 жылы қыркүйек айында танымал жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев «Қасым хан» фильміне арнап жазған бір сериялы прокаттық фильм сценарийінің орнына түріктің режиссері 75 сериялық кино түсіргелі жатқанын айтып, наразылығын білдірген. Түркияда «Ертұғырыл» сериалын түсірген режиссер Метин Гюнайдың қазақ ханы туралы тарихи туындыны түсіретіні, оған бюджеттен 11 млрд теңге бөлінгені белгілі болған. Алайда тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны түрік режиссерінің сценарийімен түсіруге қарсы болған жазушы Смағұл Елубаев әлеуметтік желідегі парақшасында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға арнайы хат жазған. Жазушы фильмге қатысты жоспарларды дереу киностудияның Сарапшылар кеңесінің талқысына қайта салуды сұраған. Елубаевтың өтінішіне құлақ асқан министр фильмнің түсірілуі кейінге шегерілгенін мәлімдеген болатын. Сол кездері Смағұл Елубаев БАҚ-қа берген пікірінде: «Фильм тоқтатылды, консервацияда тұр. Қаржылық мәселелері тексеріліп жатыр. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Осы даудан соң министрмен кездесу болды. Фильм халыққа керек. Мен бір жылдай жұмыс істеген сценарий тұр, дайын. Бірақ жоба мүлдем жабылған жоқ. Уақытша тоқтатылып тұр. Менің ойымша, бәрі дұрыс шешіледі. Себебі қаржысы бөлінген, жабылмауы керек деп ойлаймын. Консервациядан алынуын күтіп отырмыз» деген еді. Қаржылық мәселелері тексеріліп жатыр дегені рас болды. Өйткені күні кеше Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Қазақфильм» АҚ-тың «Қасым хан» киножобасы» филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметінше, Қуаныш Ахметов, оның қызметкері Владимир Чиженков және жеке кәсіпкер Қуаныш Әнуарбеков жеке бас пайдасына кенелу мақсатында қызметтік жағдайын пайдалану мен алдын ала топтасып келісу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырған. Үкімде көрсетілгендей, 2018 жылдың қыркүйегінде Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясы арасында «Қасым хан» фильмін түсіру үшін мемлекеттік сатып алу бойынша келісім жасалған. Тергеу қылмысқа қатысы бар тұлғалардың тарихи сериалды түсіруге қажетті пиротехниканы сатып алуға бөлінген 29,9 млн теңгені жымқырғанын дәлелдеді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдікті тұлғалар «Қазақфильм» АҚ-ға келтірілген шығынды толық қайтарып берген. Сот үкімімен айыпталушылар Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармағы бойынша (өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету, ірі көлемде) кінәлі деп танылды және «Қасым хан» киножобасы» филиалының бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласы пробациялық бақылаумен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылу жазасына сотталды. Жалпы, «Қасым хан» сериалы туралы әңгіме бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы кезінде шыққаны белгілі. Жазушы Смағұл Елубаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жазған хатында: «11 миллиард Қазақстан ақшасына түсіріле бастаған қазақтың ұлы ханы туралы сценарий неге қоғамдық пікірден тасада шешілді? Неге еш жерде талқыланбады? Немесе, кімдер талқылады? Бәрі құпия. Бәрі астыртын. Бұл кино тарихында болмаған практика. Сондықтан мен Қасым хан тағдырына алаңдап, Сізге осы хатты жаздым» деген еді. Тіпті, кинодраматург «11 млрд теңге бөлінгені рас, оның 700 млн теңгесі шашылып үлгерген. Тиісті басшыларға мәселе тереңдемей тұрғанда, осы кезде талқылау болғаны дұрыс деп айттым» деп шырылдаған-ды. Ең қызығы, сериал түсіру туралы жоба басталғанымен, соңы бітпей қалды. Ал «Қасым хан» туралы толықметражды фильм жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл жобаны мүлдем басқа адамдар қолға алған. Фильмнің режиссері – Ақан Сатаев. Ол: «Бұрын ол сериал ретінде түсірілуі жоспарланған еді. Режиссерлікке мен келдім. Енді біз толықметражды кино болады деп шештік. Кеңесші-тарихшыларды қосып, қазір киномыздың сценарийін жазудамыз және жалпы түсірілім мерзіміне дайындық жұмыстарын жан-жақты қызу жүргізудеміз», – дейді.P.S.
«Қазақфильм» киностудиясы «Қасым хан» тарихи сериалын түсіруге бөлінген қаражаттан 30 миллионға жуық теңгенің жымқырылуына қатысты түсініктеме берді. Онда: «Сериалдағы қаражатты жымқыру фактісі бойынша тергеу киностудияның бұрынғы басшылығына қатысты қозғалған. Продюсері Қуаныш Ахметов болған «Тарих толқынында: Мәңгілікке қол жеткізу. Қасым хан» тарихи сериалын түсіру 2018 жылы басталды. Алайда түрік режиссері Метин Гюнайдың жобаға қатысудан бас тартуына байланысты 2020 жылы бұл жоба өзінің тұжырымдамасын өзгертті және «Ұлы дала таңы» жұмыс атауы бойынша толықметражды көркем фильмге айналды. Жаңадан құрылған түсірілім тобын режиссер Ақан Сатаев басқарады» делінген.
Айым БЕКТҰР