Жастар арасында жыныстық сауаттылық неге төмен?
Жастар арасында жыныстық сауаттылық неге төмен?
637
оқылды

Жуырда әлеуметтік зерттеумен айналысатын БҰҰ Халықты орналастыру (ЮНФПА) қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, жастардың репродуктивті, жыныстық денсаулығына арналған Shyn.kz сайты мен Telegram-бот іске қосқан еді. Бұған елде жүргізілген соңғы зерттеулер әсер еткен көрінеді. Осы уақытқа дейін мамандар жастардың 90 пайызы жыныстық жағынан сауатсыз екенін айтып келген. Кесірінен түрлі ау­рулар мен әлеуметтік проблемалар көбейе бастаған. Де­генмен қоғамда әлі де «жыныс» деген сөзді ұятқа теліп, нәти­жесінде «ауруын жасырғандар» бар. Сайып келгенде, жы­ныстық сауаттылық жайы елеусіз қалғандай.

Қазақстандағы сауалнама мен зерттеудің қорытындысы бойынша, жасөспірімдер жыныстық қаты­насты шамамен 16,5 жастан бас­тайды. Оның үштен бірі жыныстық белсенді болса, қалған 60%-ы бір жылда төрт серік ауыстырады. Оған қоса, жасөспірімдер сексуалды-репродуктивті денсаулық туралы білмейді екен. Мысалы, 91%-ы АИТВ мен ЖИТС жұғу жолдарынан хабарсыз. Ал 60%-дан астамы жы­ныстық инфекциялардың белгісі симптомсыз өтсе, ауру емделді деп есептейді. Олардың үштен бір бө­лігі, 34,4%-ы ғана мүшеқапты дұрыс қолдану тәсілін біледі. Қазір Қа­зақ­станда жасөспірімдер ара­сындағы туу коэффициенті Эко­номикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріне қарағанда 5-6 есе жоғары. Алайда жыныстық жол­мен инфек­ция жұқтырған жас­өспі­рімдер ара­сында АИТВ фак­тілері жыл сайын артып келеді. Жыныстық жағынан бел­­­сенді жас­тардың 14,8%-ы соңғы 12  айда кем дегенде бір рет жыныст­ық жолмен берілетін инфек­ция­лардың бел­гілері болғанын хабар­лаған. Бі­рақ оның 62,6%-ы медицина кө­мегіне жүгінбеген екен. Осыдан-ақ бұл мәселенің біршама ушық­қанын байқаймыз. ЮНФПА қолдауымен 2018 жы­лы жүргізілген әлеуметтік зерт­теу кезінде 15-19 жас аралығында жасөспірімдерде белсенді жы­ныстық өмір басталатыны анық­талған. Бірақ олардың ара­сында репродуктивті, жыныстық ден­саулық туралы білім жеткіліксіз деңгейде болған. Ал 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нә­тижесі балалардың ақпаратты ата-анасынан алуы қажет екенін көр­сеткен. Себебі сауалнамаға қа­тысқандардың 83,9 пайызы бала­ларға жыныстық тәрбие беру мә­селесіне ата-ана жауапты деп тап­қан. Бірақ балалар ата-анасының көп мәліметті білмейтінін, қарым-қатынасты сенімді түрде жүргіз­бейтінін, өздеріне көңіл бөлмейтінін айтып шағымданыпты. Бірнеше жыл бұрын елімізде мектеп бағдарламасына жыныстық сауаттылық пәнін енгізу жайы сөз болды. Дегенмен қоғамның қарсы­лығына ұшырағаннан кейін бұл тақырып жылы жабылған. 2019-2020 жылғы оқу жылында мектеп­терде біртіндеп жыныстық сауат­тылық жайлы оқытып отыру мін­деттелгенімен, қазір оның қалай жүзеге асып жатқаны беймәлім. Бірақ мұның әзірге пилоттық жоба екенін ұмытпаған жөн. Яғни, барлық мектепке енгізілмейді. Се­бебі мұғалімдерді дайындау қажет. Алайда жыныстық сауат­тылық жеке бір пән ретінде жүр­мейді екен. Қоғам наразы­лығынан кейін бе, әйтеуір Білім және ғылым ми­нистрлігі ол үшін сағат бөле ал­майтынын жеткізген. Сондықтан жыныстық сауат туралы оқы­тыл­ғанның өзінде, жаратылыстану, биология сияқты пәндерде тақырып ретінде аталумен шектеледі. 2018 жылы тәуелсіз зерттеуші Қарлығаш Қабатова жасөс­пі­рімдерге арнап жыныстық сауат туралы UyatEmes.kz жобасын жа­саған еді. Жыл сайын шамамен 10 мыңға жуық оқушы қыздың жүкті болып, түсік жасату мен жыныстық аурулар көбейгеніне назар аударған жоба жетекшілері осы сайтты іске қосты. Елімізде осы секілді әрекеттер ар­қылы жағдайды реттеуге тал­пыныстар жасалып-ақ жатыр. Себебі салдарымен күрес­пей, алдын алудың жолы осы – жыныстық сауатқа келіп тірелген. Ал сала мамандары бұған қатысты не айтпақ? Ерлерге жеке тоқталып, осылай айдар тағуымыздың өз себебі бар. Қазақстанда сәби сүйе алмай жүр­ген отбасы саны көбейгені жиі айтылады. Әдетте, мұндай жағдайда кінәні әйел адамнан іздеу басым. Алайда медициналық тәжірибе ер адамның денсаулығындағы ақауға байланысты әйелінің бала көтере алмауы жиілегенін дәлелдеген. Ер адамдар намыс санап, өз еркімен дәрігерге қарала қоймайтыны тағы рас. Бұл – біз арқау еткен жыныстық сауатқа тікелей қатысты болып отырғаны айтпаса да белгілі. Осы ретте уролог дәрігер Олжас Иман­ғалиұлынан ер-азаматтардың жы­ныстық сауаты мен пробле­малары турасындағы пікірін білген едік. – Бала 5 жастан бастап урологтің қадағалауында болуы қажет. Бірақ елімізде балалар урологі тапшы, көп­теген ауданда мүлде жоқ. Уролог баланың жыныс мүшесінің дұрыс жетілуін бақылайды. 15 жастан бастап ересектер урологінің бақы­лауында болуы тиіс. Жылына кем дегенде 1 рет, ал 40 жастан асқасын 2 мәрте тексерілген жөн. Қазақ отбасында жыныстық сауат туралы әңгіме ашық айтылмайды, әке-шеше оны баласына дұрыс тү­сіндірмейтіні шындық. Сон­дықтан да ер адамдар уролог маманға қа­ралуға ұялады. Ақыры ауруы ас­қынып, жанына батқан кезде ғана ем іздейді. Қоғамда жас отбасылар арасында ажырасу статистикасының өсуінің басты себебінің бірі – ерлер белсіздігі. Көпшіліктің қателігі – үйленгеннен кейін бала болмаған жағдайда ғана емделе бастайды. Үйленер алдында тексеріліп, емделу қажет. Адамдардың жыныстық сауаттылығы өте төмен. Бұл ауру­лардан емделмесе белсіздікке апа­ратынын көптеген жігіттер біле бермейді. Еркектерге қатысты мә­селені тізбектеп айта берсек тау­сылмайды. Айналып келгенде, бәрінен сақтанудың жалғыз жолы – жыныстық сауат. Оны бала кезден білмесе, есейе келе кеш болуы мүм­кін, – дейді маман. Түйіндей келе, бұрын қанша дегенмен «ұятқа» балаған дүниенің бүгінгі күні қоғамның бас ауыртар проблемасына айналғанына көз жетті. Ұрпақ саулығы да өз кезегінде осыған байланысты. Демек, жы­ныстық сауат жастарға қажет бі­лімнің бірі десек, артық айтқандық болмас.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ