2021 жылғы 28 қаңтарда сағат 15:00-де Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында Túrkistan халықаралық газетінің жинағы таныстырылады.
Іс-шараға қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, саясаттанушы-публицист Кенжеболат Жолдыбай, алаштанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, республикалық Бас редакторлар клубының мүшелері, журналистер, сондай-ақ жас ғалымдар мен зерттеушілер қатысады.
Túrkistan халықаралық газетінің жинағына Тәуелсіздік жылдары басылым бетінде жарияланған таңдаулы материалдар іріктеліп енгізілген. Елдік бірлікке, ұлттық тұтастыққа үндейтін сүбелі мақала, сұхбаттар топтастырылған кітап ел Тәуелсіздігінің шежіресіндей. Тарихтың ақтаңдақ беттері мен түркі әлеміне ортақ шежіре, рухани-мәдени мұра да аталған кітап бетінен табылады. Жинақ қалың оқырманға рухани азық болса, қазақ баспасөзін зерттеушілер үшін таптырмас көмекші құрал.
Негізін Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов қалаған Túrkistan халықаралық газеті 1994 жылғы 28 қаңтардан бастап шыға бастады. Сол уақыттан бері басылым бетінде саяси-қоғамдық, тарихи-танымдық, рухани, мәдени тақырыптардағы сараптамалық мақалалар, орамды ойлар мен парасатты пайым-пікірлер үзбей жарияланып келеді. Әсіресе, туысқан түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығы мен алыс-жуықтағы қандастар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Елдік сипаты жағынан өзіндік бағыты анық қалыптасқан, қазақ баспасөзінде орны бар басылым Қазақстан Тәуелсіздік жылдарының әрбір елеулі оқиғасын назардан тыс қалдырған емес.