«Мал ұрлады» деген күдікпен ұсталған әскерилер сот алдында жауап беріп жатыр. Бұл туралы КТК хабарлады.
Сот процесі онлайн форматта өтіп жатыр. Алты күдіктінің екеуі – әскери қызметкер.
Сарыағаштағы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Дархан» шекара заставасының қызметкері мен «Сарығаш» шекара қызметінің бақылаушысы тағы төрт серігімен 7 сиыр, 3 қой мен бір жылқыны ұрлады деп айыпталып отыр.
Прокурордың айтуынша, мал ұрлау былтыр шілде айында басталған. Алты адамнан құралған қылмыстық топ Келес ауданында жайылып жүрген малды айдап алып кеткен.
Одан бөлек қорадан да мал ұрлаған. Келген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.