Ноттингем және Питтсбург университеттерінің түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов небәрі 7 минутта коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест ойлап тапты. Айтуынша, тест арқылы кез келген адам үйде отырып-ақ өзін тексере алады. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Болат Сұлтанқұлов жаздан бері зертханада жұмыс істеп келеді. Қазақстанда індет өршігенде «айналама қалай көмектесемін?» деген ғалым коронавирусты жылдам анықтайтын тест жасауға бекініпті.
«Наноденелер дейтін болады. Міне, соны қолдандым. Оны акуладан немесе түйеден ғана алады. Қазақстанда оны өндірмейді. Сондықтан зерттеу жасау үшін наноденелерді Швейцариядан алдыруға тура келді», - дейді ол.
Жас генетик айтқан наноденелер антидене іспеттес. Көлемі әлдеқайда кіші. Ағзаға тез сіңеді. Әсері де жылдам білінеді. Болат Сұлтанқұлов соны негізге алып, жарты қарыстай ғана болатын тест таяқшаларын алты айда әзірлеп шығарған.
«Наноденелер деген мына зат. Алтынның ұсақ бөлшектерімен араласқан. Оны синтездеп, тест таяқшаларын жасап шығардым. Оған адамның сілекейін жағып, вирустың бар-жоғын оп-оңай анықтауға болады. Небәрі 7 минутта анықтайсыз. Ал ПТР-тесттің нәтижесін бір күн күту керек. Кейбір өңірде тіпті екі тәулік күтетіндер бар. Ал мынау әп-сәтте дайын болады», - дейді генетик.
Отандық ғалым әзірлеген тест әлі сатылымға шықпаған. Зертханалық тексеріс аяқталды, енді клиникалық тексерістен өтеді.
«Тест нәтижесі 85 айызға дейін дәл көрсетеді. Бұл жобаны жасау үшін маған көп адам көмектесті. Жас ғалымдар альянсы қолдады. Назарбаев университетінің әлеуметтік қоры грант бөлді. Ал биотехнология орталығы осы зертханада жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Жұмылып жүріп осындай жаңалық ойлап таптық», - деді ол.