"Барлығы тағатсыздана күтіп жүр. Бәрінің осы ақшаға деп ойлаған өз жоспарлары, төлейтін несиелері бар. Қалалық аурухананың бухгалтериясына хабарласқанмын. Өйткені мен қызмет еткен модульды аурухана қалалық ауруханаға қарайды. Олар ештеңе білмейтінін, қаржыландырудың жоқтығын айтып енді өздеріне хабарласпауларын сұрады. Енді қайтерімізді білмей дал болдық", - дейді қала тұрғыны Жанерке Балтакескенова.Ауысымға түскен барлық медициналық қызметкерлер өзінің негізгі жұмыстарынан ақысыз демалысқа шығарылған. Жанеркенің айтуынша, жаңадан ашылған модульды стационарда оларға еңбектері үшін төлеммен қоса екі аптаға жұмыстары үшін жеке жалақы уәде етілген.
"Біз қалалық ауруханаға бардық, бірақ бізді онда кіргізбеді", - дейді Жанерке.Біз болған жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан білмек болдық. Басқарма басшысы төмендегідей жауап берді.
"Медициналық ұйымдарда жұмыс уақыты есебі әр айдың 25 күні ұсынылады. Одан кейінгі жұмыс күндері үшін ақы қалдығы келесі айда төленеді. Төленбеу мәселесі өткен жылдың 23 қарашасынан болған. Ол кезеңде бұл аудару болмаған. Осыған байланысты қазіргі сәтте есептесу жүргізілуде", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықов.Бұл есептеудің аяқталуын қазір 627 адам күтіп отыр. Жалпы қарыз сомасы 300 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл туралы батыл айту тек Жанерке Балтакескенованың ғана қолынан келді. Оның айтуынша, көпшілік дәрігерлер жұмыстарынан айырылып қалудан қорқып, ештеңе айтқысы келмеген. Сондықтан да әлеуметтік желілерде аноноимді шағымдар қалдырған. Әлеуметтік желілерді қарап төмендегідей жазбаларға куә болдық.
Бірінші адам: «Біз көппіз, ешкімге бір тиын да төленген жоқ. Біз қайда шағымданбадық. Денсаулық сақтау басқармасы ештеңе білмейді. ФСМС күнде «таңғы аспен» тойдырады. Бірақ тубдиспансерге төлем жасапты. Тіпті бізді жұмыстан босатамыз деп те қорқытады. Екінші адам: Ешқандай артық нәрсе сұрап жатқан жоқпын. Өзімнің адал еңбегіммен тапқан ақшамды ала алмағаныма қапалымын. Менің білуімше, жаңадан ашылған бұл аурухана тек бірінші ағымдағыларға ғана төлеген. Ал ақпанда 6- ағымдағылар жұмысқа кіреді», - дейді дәрігерлер.Ал басқарма басшысы Нариман Сыздықов әрбір медицина қызметкеріне жағдайды түсіндіруге дайын екенін мәлімдеді.
"Егер бізді естіген қандай да бір қызметкердің қандай да бір сауалы болса, осы мәселелерді жедел арада шешу үшін бізге денсаулық сақтау басқармасына жүгініп өтініш берулерін сұраймын», - деді Нариман Сыздықов.Дәрігерлер жалақылары қашан түсетінінен хабарсыз. Денсаулық сақтау басқармасы істің жуық арада шешімін табатынына сенімді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы