Пәтер дауы: Қосшы және Ақмол ауылында дайын үйлер берілмей тұр
Пәтер дауы: Қосшы және Ақмол ауылында дайын үйлер берілмей тұр
312
оқылды

Елорданың іргесінде Қосшы ауылы мен Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылының тұрғындары дау көтерді. Даудың басы Дайрабайдың сиыры емес... Екі ауыл тұрғындарын да алаңдатқан сауал салынған 45 пәтерлі тұрғын үйлердің пайдалалануға берілмеуі болып отыр. Құжаттарын желтоқсанның ортасында тапсырып «Бір ай ішінде қоныс тойын тойлаймыз!» деген тұрғындардың жергілікті билікке өкпелері қара қазандай. Билік берген уәдесінде тұрмаған. Сөйтіп, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып енді аламыз деген отбасылардың қуаныштары су сепкендей басылыпты. Тұрғындар өздерінің жанайқайын аудан әкімдігінен бастап, облыс әкіміне дейін жеткізген. Алайда, жергілікті әкімдіктегілер асығар емес. Енді қайда барып шағымданарымызды білмей дал болдық деген тұрғындар «Айқын» тілшісінен араша сұрады.

  «ӘКІМДІК БІЗДІ АЛДАП КЕТТІ...» Қосшы ауылы тұрғындарының айтуынша, 45 пәтерлі үй салынып біткен. Целиноград ауданы әкімдігі 14 желтоқсан күні жұрттың құжаттарын жинап, ай ішінде қоныстандыруға уәде беріпті. Баспана мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен, жетім-жесір сияқты тағы да басқа санаттағы азаматтарға берілуі тиіс болған. Бірақ межелі уақыттан біршама уақыт асып кеткенімен әкімдік пәтерлердің кілтін беруге асықпапты. Бізбен тілдескен аналардың айтуынша 45 пәтерлі үйдің 9-ы мүгедек адамдарға, алтауы тұл жетімдерге, ал отыз пәтер көп балалы отбасыларға берілетіні айтылған. Бірақ, соңғы уақытта көп балалыларға пәтерлердің отызы емес тек 15-і ғана беріледі екен деген сыбыс шығыпты. – Құжаттарымызды 14 желтоқсан күні өткізгенбіз. Бізге бір ай уақыт ішінде тұрғын үйді тапсырамыз деп уәде еткен. Одан кейін сайлау өтсін деді. Енді қыркүйек айында береміз деп жатыр. Бізге дайын үйді неге бермей жатқанын түсінбедік. Тоғыз ай бойы дайын үйді не үшін күтуіміз керек? Өзім бала кезімнен үшінші топтағы мүгедекпін. Көп балалы отбасылардың бірімін. Осыған дейін 4 баланы көп балалы ана мәртебесінен алып тастаған. Кейін аналардың толқуларынан кейін қосты. Тіркеуге тұру да аса қиынға соқты. Сөйтіп баспана кезегіне 2019 жылы зорға тұрдым. Қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Аудан әкімдігіне, Nur Otan партиясына талай бардық. Бірақ еш нәтиже болар емес. Мәселені облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа да жеткіздік. Қаншама мұқтаж отбасылар осы пәтердің берілуін күтіп отыр. Көпшілігі көп балалы аналар. Жағдайлары өте нашар адамдар да бар. Ал әкімдік асығар емес, – дейді Жұлдызай Тұрар есімді Қосшы ауылының тұрғыны. Жыл соңында жұртшылықтан құжаттарын жинап алған әкімдік енді үйдің инженерлік коммуникациясын тартатынын айтып шығарып салған. Тұрғындардың сөзіне сенсек өткен жылдың қорытындысында үй дайын, пайдалануға берілді деп есеп берілген.   «ТӨРТ БАЛАММЕН ЖЕРТӨЛЕДЕ ТҰРАМЫН» – Баспана кезегінде 2016 жылдан бері тұрамын. Төрт балалы жалғызбасты анамын. Екі жылдан бері біреудің жертөлесін жалдап тұрып жатырмын. Жертөленің іші сыз тартады. Қосшыда осыған дейін үй салынбаған. Алғаш рет салынып отыр. Енді жеттік дегенде осындай жағдай болды. Әкімдік бізді алдап кетті. 14 желтоқсанда құжаттарымызды жинап алып, бір айдан соң комиссия болып, пәтерлеріңіз табысталады деген. Пайдалануға бердік деп облыс әкімдігіне де солай есеп беріпті. Еш жауап болмаған соң 15 қаңтарда бардық. «Сәл күтіңіздер, 24 қаңтарда болады» деді. Оны да күттік. Барсақ баспаналарыңыз қыркүйекте тапсырылады деп қарап отыр. Күйіп кеттік. Сонда дайын тұрған үйді тағы бір жыл не үшін күтеміз? Әкім орынбасары Қанат Ағзамұлына кіріп мән-жайды сұрадым. Ол инженерлік коммуникацияларды қосу керек дейді. Қалай үйді салып болып, сосын коммуникация тартады? Мұны қалай түсінуге болады? Үйге барып арнайы кіріп қарап шықтым. Жарығы, суы, терезелері бәрі бар. Дайын тұр. Нені күтіп отырғандарын түсінбедім, – дейді Қосшы тұрғыны Раушан Нұрдолдина. Тұрғындар баспана кезегін де уақытында біле алмайтынын айтады. Әкімдіктегілердің айтуымен әкімдік сайтына кіріп қараған тұрғындар баспана кезегі туралы еш мәлімет ала алмапты. Баспанадан үміттілер енді әкімдік уақыт оздырып, мемлекеттен бөлінген үйді «Бақытты отбасы» басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қайта сата ма деп қауіптенеді. Дәл осындай жағдай аудан орталығы Ақмол ауылында да қайталанған. Мұнда да әкімдік желтоқсанның ортасында тұрғындардың құжаттарын жинап алған. Алайда, пәтерлер әлі күнге тапсырылмапты. – Мен Ақмол ауылындағы жаңадан салынған пәтерлерді алуға тиіс адамдардың бірімін. Міне бір айдан асып кетті. Пәтер береміз деп құжаттарымызды алып кеткен. Бірақ  бүгінгі күнге дейін пәтерімізді ала алмай отырмыз. Үй желтоқсанда-ақ дайын болған. «Комиссия бөле алмай жатыр» дейді. Мен Президент әкімшілігіне шығуға мәжбүрмін. Қашанға дейін осылай жалғасады? Халықты ойыншық етіп бітті. Біресе құжаттарды әкеліңдер дейді. Біресе пәтерлерді бермейміз деп шығады. Тұрғындар не үшін жылдың үшінші тоқсанына дейін күтуі керек, – дейді Светлана есімді Ақмол ауылының тұрғыны (толық аты-жөнін айтқысы келмеді).   «САЛЫНЫП БІТКЕН ҮЙГЕ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ТАРТПАҚ...» Біз мәселені Целиноград ауданы әкімдігінен білмек болдық. Әкімдіктің ресми жауабы төмендегідей болды. «Қосшы ауылындағы 45 пәтерлі тұрғын үй бойынша инженерлік желілер жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылды, ақпан айында тұрақты электр энергиясын қосу аяқталады. Осыдан кейін тұрғын үй комиссиясы пәтерлерді бөледі. Ал Ақмола ауылындағы 45 пәтерлі тұрғын үй бойынша үйдің құрылысы аяқталды. Нысан өткен жылы желтоқсанның аяғында пайдалануға берілді. Бірақ құрылыс инженерлік желілерсіз жүргізілген. Ол жеке жоба бойынша қарастырылған болатын. Қазір су тарту және жүргізу бойынша мердігер ұйым анықталды. Электр жабдығы желілерін тарту және абаттандыруға мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Аталған үйге инженерлік желілерді қосуды аяқтау 2021 жылдың 2 тоқсанына жоспарланған. Осыдан кейін тұрғын үй комиссиясымен пәтер кезегіндегілерге баспаналар бөлінетін болады» деп хабарлады Целиноград ауданы әкімдігінен. Әкімдіктегілер осылай деп қысқа қайырды. Ал жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып енді үйлі боламыз деген көп балалы аналар мен мүгедек адамдар әлі қанша қиындықтармен күресетіні бір Аллаға аян...

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы