Полиция қызметкерлері қайтыс болған ер адамның атына үш несие рәсімдеген

Жезқазғанда қайтыс болған ер адамның ұялы телефоны арқылы үш шағын несие рәсімдеген екі криминалист сотталды, - деп хабарлады Жезқазған қалалық соты.

Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай, өткен жылдың 25 наурызында сотталушылардың бірі қызметтік міндетін атқарып жүріп, жедел-тергеу тобымен бірге жол апаты болған жерге барған.

Оқиға Кеңгір ауылы маңында болған.

Полицейлер көлік жүргізушісінің оқиға орнында қайтыс болғанын анықтаған. Оқиға орнын тексерген тәртіп сақшысы марқұмның ұялы телефонын тауып алып, бұл туралы тергеушіге айтпаған. Телефонды қалған заттай айғақтарға қоса салған. Кейін олардың бірі марқұмның телефонын өзіне алып, тіпті әріптесіне көрсеткен. Іс-әрекеттерінің заңсыз екенін білсе де, тәртіп сақшылары бөтеннің телефонын ақтарып, ішінен банктің мобильді қосымшасын тауып алған.

Осыдан кейін олар марқұмның атына үш шағын несие рәсімдеп, жалпы сомасы 100 мың теңгені бөліп алған.

Бірнеше күннен кейін қайтыс болған ер адамның 50 мың теңге көлемінде жалақысы түскені туралы хабарлама келген. Сотталушылардың бірі бұл ақшаны бірден танысының картасына аударып жіберген.

Кейінірек олар телефонды 15 мың теңгеге сатқан. Шындықтың беті ашылған кезде полицейлер барлығын мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген.

Оларға "Ұрлық", "Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" және "Алаяқтық" баптары бойынша айып тағылды.

Жезқазған қалалық соты полицейлерді кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеді. Сонымен қатар сот оларды лейтенант және аға лейтенант шенінен айырды.

Бұған дейін аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитовтың бас бостандығы 6 айға шектелгенін хабарлаған болатынбыз.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.