Шетел банктері не өзгертеді?
Шетел банктері не өзгертеді?
214
оқылды

Осыдан бес жыл бұрын Дүниежүзі сау­да ұйымына мүше болдық. Халықаралық ұйымның талабына сәйкес, 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шетел банктері Қазақстанда филиалын ашып жұмыс істе­уі тиіс. Бұл үдеріс несиенің пайыздық мөл­шерінің төмендеуіне ықпал етеді де­ген болжам бар. Болжам шындыққа айна­ла ма? Еліміздегі екінші деңгейлі банктер шетел­дің қаржы ұйымдарымен бәсекеге дайын ба? Біз сарапшылардан осы сұрақ­тарға жауап алдық.


мақсат.JPG

Мақсат ХАЛЫҚ, 
экономист:

– Бірден айтайын, шетелдік банк­тер Қазақстан нарығына қатты қы­зығушылық танытып отырған жоқ. Себебі бізде халық аз, нарық үлкен емес. Шетелдік банктер келсе, Еуро­падағыдай 2-3 пайызбен ипотека бе­реді деп болжап жатқандар бар. Бірақ олай болмайды. Шетелдік банктер біздің елге келген соң Ұлттық банктен несие алады. Ұлттық банктің ережесімен, Қазақстан заңнамасымен жұмыс істейді. Ал Ұлттық банктің пайыздық ставкасы – 9,25 пайыз. Сондықтан ипотека пайызы күрт төмендейді деп ойламаймын және ол жақын арада бола қояды деуге негіз жоқ. Әрине, Ұлттық банк соңғы жылдары инфля­цияның өсуін болдырмау үшін айтарлықтай жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл инфляция деңгейі 6 пайыздан аспайды, келер жылы 4 пайыздың төңірегінде болады деп отыр. Егер 4 пайыздық дәліз сақталса, бұл екінші деңгейлі банктерге берілетін несие ақшаның пайыздық став­касының төмендеуіне әсер етеді. Сондықтан ипоте­каның пайыздық мөлшерлемесінің төмендеуі шетел банктерінің келуімен байланысты емес. Бұл – ел экономикасындағы қалыпты жағдай. Онда шетел банктерінен қандай пайда бар деген сұрақ туындайды. Шетел банктері технологиялық банк саналады. Корпоративтік этикасы дамыған, сапалы қызмет көрсетеді, бұл халық үшін өте пайдалы.

Отандық банктер шетелдік банктермен бәсекеге белгілі бір дәрежеде дайын. Бұдан қызмет сапасы көтеріледі, клиент үшін күрес басталады, корпора­тив­тік этикетті сақтауға ұмтылады. Біздің заңнамада шетел­­дік мекемеде жұмыс істейтін 3-4 санаттағы жұ­мысшылардың 90 пайызы жергілікті кадрлардан жасақталуы тиіс. Ал 1-2 санаттағы кадрлар, яғни топ-менеджерлердің арасындағы жергілікті мамандар үлесі 70 пайыз болуы тиіс. Бұл еліміздегі банк саласы ма­мандары үшін зор мүмкіндік. Елімізде 30-ға тарта банк жұмыс істейді десек, соның жартысын шетелдік банктер құрайды. Олардың арасында Араб, Пәкістан, Үндістан, Ресей, Қытай, Түркия елдерінің банктері бар. Демек, келесі жылы шетелдік банктердің үлесі арта түседі. Өз басым Deutsche Bank сияқты банктер келгенін қалар едім, себебі бұл банктер нарыққа сапа алып келеді.

 

Меруерт.JPG

Меруерт МАХМҰТОВА, 
экономист:

– Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқан шетелдік 14 банктің еншілес филиалы бар. Бірақ олар Қазақстанның заңымен тіркел­ген заңды тұлғалар. ДСҰ-мен жасал­ған келісімдер күшіне ене бастағаннан кейін шетелдік ірі банктер Қазақстанда филиал аша алады. Бірақ шетелден банктердің қаптап келуі екі­талай, себебі біздің нарығымыз үлкен емес. Халықтың жағдайы да керемет болып тұрған жоқ. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, шетел банктерінің филиа­лының Қазақстанда қабылдайтын депозитінің көлемі 120 000 доллардан кем болмауы керек. Сондықтын шетел банктерінен қаржы алу қалталы азаматтарға ғана қолжетімді болады деп ойлаймын.

Әрине, шетел банктерінің келуі отандық банктер үшін бәсекені арттырады деп ойлаймын. Бірақ отандық банктер халықаралық бәсекеге даяр емес. Олар мемлекеттік қолдауға үйреніп, дағдыланып қалған. Сондықтан меніңше, шетел банктерінің келуі біздің банктерге маңызды проблема болайын деп тұр. Оны уақыт еншісіне қалдырамыз. Кеңестік кеңістіктегі Эстония Дүниежүзі сауда ұйымына кірген соң, шетел­дік банктер үшін шекараны ашты. Ол елге Скандинав елдерінің банктері көп кірді. Содан кейін шетелдік банктердің активтерінің үлесі 97 пайызға жетті. Бірақ бізге келетін шетел банктеріне Ұлттық банк талапты күшейтіп жатқанына қарағанда, олар бізде сонша­лықты қаптап кетпейді. Негізгі талап – филиалды құратын бас институтының «ана» капиталы 20 мил­лиард долларды құрауы керек. Бұл біздің елге тек ірі мекемелердің келетінін білдіреді.

 

Уалихан.JPG

Уәлихан ДИДАРБЕКОВ, 
экономист:

– Біздің қаржы нарығымыз Еу­ропа немесе АҚШ банктеріне аса тар­тымды емес. Бұл аталған аймақтар секілді жерлерден ірі банктер келуі екіталай дегенді білдіреді. Ірі «гигант­тар» ең бірінші қаржы нарығы дамы­ған мемлекеттерде жүреді. Әрине қазіргі таңда, Ел­ба­сымыздың қолдауымен, мемлекетіміз еліміздің қаржы нарығын дамыту мақсатында үлкен жобаларды іске асырып жатыр. Соның бірі – Астана халықаралық қар­жы орталығының (АХҚО) іргетасын қалау. Мы­са­лы, қазіргі таңда АХҚО маңында еліміздің көптеген ма­маны өздерінің қаржылық білімдерін шыңдап жатыр.

Екіншіден, елімізде шағын және орта бизнес аса дамымаған. Шетелдің банктеріне ең біріншіден «ширақ» және дамыған бизнес керек. Олар ең алдымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен операциялар жасап пайда табады. Ал олар үшін бөлшек сауда нарығы шетелдік банктер үшін аса табыс көзі болып саналмайды.

Егер шетелдік банктер елімізге кіріп жатса, бұл ең алдымен еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді деп сенемін. Олай дейтін себебім, біздің ірі банктеріміз шағын және орта бизнеске аса көңіл бөлмейді. Ең маңыздысы, шетелдік банктер елімізге шетелдік инвестициялар алып келеді және Астана халықаралық қаржы орталығының ары қарай дамып, өсуіне ықпалын тигізеді.


Жазып алған

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ