Қазақстанда автокөлік ұрлығымен күрестің жаңа тетіктері іске қосылатын болады. Бұл жаңалық Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды. Палата Спикері бөтеннің көлігін заңсыз айдап әкету қылмысына тосқауыл қою үшін заманауи цифрлы технологиялардың мүмкіндігін молынан пайдалануға шақырды.
Мәжіліс «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, соңғы 15 жылда Қазақстанда жалпы саны 40 мың 303 машина ұрланыпты. Оның көбісі көрші елдерге шығарылып, сатылады не бөлшектеледі. Алайда осы мерзімде небәрі 223 автокөлікті ТМД елдері тауып берген. Бұл ретте соның 66-сы ғана Қазақстанға кері қайтарылды. Осылайша, қазақстандықтар ауқатынан, асырап отырған құралынан айырылады. Мәжіліс Спикері ІІМ жүйесінде тіркеуде тұрған автомобильдерге қатысты дербес деректердің сыртқа ағып кетуіне тоспа қойып, жүйені ретке келтіру керегін баса айтты. Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, осы заң жобасы қабылданып, хаттама ратификацияланған соң қазақстандық полиция барлық қажетті құралға қол жеткізеді. – Әрине, деректермен, мәлімет алмасумен тек адал, заңға бағынатын, әрі ақпаратты қылмыскерлерге ұстата салмайтын қызметкерлер ғана айналысуы керек. Бүгінде мысалы, ауыл шаруашылығында ірі қара малға чип салынады. Сол арқылы мал ұрлығы біршама азайып келеді. Ал автомобильдер болса, ары қарай ізім-ғайым жоқ болуда. Бұл қалай? Көлік деген мая шөптегі ине емес қой, – деді Н.Нығматулин. Депутаттар тағы бір жайтқа назар аудартты: неге екені белгісіз, түзетулерге сәйкес, мемлекеттік шекарамызды кесіп өтетін автокөліктер туралы мәліметтердің интеграцияланған деректер базасын қалыптастыру және ұстап тұру міндеті Қазақстанға таралмайды екен. Мәжіліс төрағасы машиналар ағыны орасан зор болғандықтан, шекарадан әрлі-бері өтетін әрбір көліктің VIN-кодын жоғалған көліктердің деректерімен салыстырып тұрудың мүмкін емесіне келісті. Дегенмен оның байламынша, бұл жұмыста заманауи техникалық құралдар пайдаланылуы тиіс. – ІІМ-де бағдарлау-ориентировка деген құрал бар. Оларды шекаралық өтпелердегі ақпараттық базаға да енгізіп қойыңыздар. Ол жерде техникалық айыру қабілеті жоғары бейнекамералар орнатыңыздар. Қазіргі кезде ондай камералар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына және ірі облыс орталықтарына кіреберісте орнатылған. Сонда көліктің нөмірін таныған жүйе дабыл қағады: шекараны кесіп өткелі тұрған автокөліктің іздеуде жүргенін нұсқайды. Дабыл қағылысымен, шлагбаум жабылады. Ол автомобиль жалпы ағыннан бөліп алынып, тексеру алаңына әкетіледі. Мұндай мұқият тексеру рәсімі 10 минуттан артық уақыт алмайды, – деді Нұрлан Нығматулин. ІІМ ұқсас жүйені ел ішінде – ірі қалаларда тиімді қолдана бастады. Енді оны Шекара қызметінің ендіргені маңызды. «Айтпақшы, бұл цифрландыру бағдарламасының нақты жүзеге асып, елге игілік әкелуінің бір үлгісіне айнала алады. ХХІ ғасырдамыз. Сонда көлік ұрлығының көбісі неге ашылмай қалатынын түсіндіріп, ақталудың да қажеті болмайды, – деп түйді Мәжіліс төрағасы.Айхан ШӘРІП