«Туған ай тураған ет секілді» дейді халқымыз. Тез таусылатынын меңзесе керек. Ай аунап, жылыстап жыл да өтті. Әр саланың жұмысы қорытындыланып, жеткен жетістік пен кеткен кемшілік ескерілетін кез. 2019 жыл еліміздің ауыл шаруашылығына не берді? Қазақстан экономикасының қос күретамырының бірі – агросекторда атқарылған шаруалар қандай? Шағын шолу жасап көргенді жөн көрдік.
«Субсидия болмаса нан мен ет және сүт те жоқ!». Дәл осындай ұранмен қараша айының 4-і күні Ақтөбеде фермерлер митинг өткізді. Сірә, биыл агроөнеркәсіптегі басты тақырыптың бірі де осы субсидия «жыры» болды десек қателеспеспіз. Жоғарыда айтылған рұқсат берілген митингіге Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Жезқазған және Нұр-Сұлтаннан жүзге жуық адам қатысып, субсидияның қысқаруына һәм уәде етілген қаражаттың кешігуіне наразылық білдірді.
Шаруашылық өкілдерінің Ақтөбеге жиылып, мәселесін бейбіт митинг өткізу арқылы жеткізуге әрекет етулерінің жөні бар. Жалпы, биыл республикадағы мал шаруашылығына қаржы жетпей жатқаны туралы Үкімет отырыстарында да, Парламент мінберінде де бірнеше мәрте айтылды. Үкіметтің кезекті бір отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекет бюджетінен мал шаруашылығын субсидиялауға деп қарастырылған 36,5 млрд теңгенің кешігуіне байланысты сұрау салған. Бірақ Қаржы министрі бұл өтінішті қанағаттандырмай, кейінге созып келді. Себеп – бюджетте қаражат аз. Қаржы министрлігінің қазына ақшасын ұстата салмай, қытымырлануын да түсінуге болады. Өйткені агроөнеркәсіпке құйған қаржының тәуекелі көп. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы ақша аяйтын сала емес. Әсіресе, Қазақстанның агросекторын мемлекет қолдауынсыз дамыту жақын арада мүмкін емес. Саладағы ұзақ жылдан бері қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін бюджеттен әлі де көп қаржы бөлуге тура келеді. Онсыз оңалу жоқ. Ел Үкіметі де мал шаруашылығы және инвестициялық субсидиялар бойынша жинақталып қалған берешек ақшаны толық төлеп беруге шешім қабылдады.
Осылайша, бүгінге дейін Үкіметтің шешімімен инвестициялық субсидияға қажет 28,5 млрд теңге берешек ақша төленді. Бұдан бөлек, Асқар Мамин мал шаруашылығын субсидиялауға 36,8 млрд теңге, сондай-ақ инвестициялық субсидиялар бойынша 11,7 млрд теңге көлеміндегі қарыз қалдығын жабуға тапсырма берді.
Дегенмен субсидия ақшасының да сұрауы бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұдан былайғы уақытта субсидияның тиімсіз түрлерін қаржыландыруды тоқтатуды ұсынып отыр. Яғни, нәтижеге бағытталған түрлері ғана қалып, тиімсізіне көмек қаржы берілмейді. Министрдің айтуынша, тиімсіз субсидиядан үнемделген қаржы бюджетке кері қайтарылмай, агросектордың өзінде қалады. Ол шамамен 20 млрд теңге көлеміндегі қаражат. Бұл ақша ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтарды жаңартуға, құс еті фабрикалары мен қант қызылшасы өндірісін ұлғайтуға, сондай-ақ өнімді сақтауға арналған инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.
2019 жылы агросекторда қол жеткізген жетістіктің бірі – ЕАЭО-тың техникалық регламентін енгізу кейінге шегерілді. Айта кетейік, Қазақстан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік Одақтың «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 033 техникалық регламентін енгізуге міндетті болатын. Таяуда Санкт-Петерборда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында аталған талапты енгізу уақыты 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін созылды. Бұл – Қазақстанның сүт өндірісі үшін үлкен жетістік. Өйткені аталған техрегламент ең алдымен Одақ ішіндегі сүт өндірісі мықты дамыған Ресей мен Беларуське тиімді. Біздің өнім толықтай сай болмағандықтан, 033 регламенті бойынша отандық өндіріс оңбай ұтылатын едік. Ендігі мақсат – алдағы 5 жыл ішінде аталған техникалық регламентке сай, сүт және сүт өнімдерінің сапасын көтеру.
Айтқандай, Үкімет БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының көмегімен Хорватияның тәжірибесін үйренуге ден қойып отыр. Хорватия мемлекеті сүт өнімінің сапасын Еуропалық Одақтың талабына сай қылу үшін 15 жыл дайындалған деседі. Бізге дәл қазіргі сапамен ЕО-тың ауылы алыс, бес жыл ішінде ЕАЭО талабына сай бола алсақ та көп олжа.
Өнім сапасы демекші, 2019 жылдағы тағы бір жеңісіміз – таяуда Премьер-Министр А.Мамин АҚШ-қа жұмыс сапарында америкалық агробизнес өкілдерімен келісімге келуі. АҚШ-тағы аса ірі ет өнімдерін өндіруші Tyson Foods компаниясы Қазақстанда үш зауыт салады. Инвестиция көлемі 1 млрд 250 млн долларға тең. Бұдан бөлек, суару жүйесі өндірісін ашу туралы келісімге қол қойылды. Сөз жоқ, осы келісім аясында Қазақстанға АҚШ-тың агросектордағы мол тәжірибесі мен жоғары технологиясы келеді. Америкалық бизнес өкілдерінің тәжірибесі отандық агроөндірістің экспорттық әлеуетін ашуға үлкен көмегі тиеді деп топшылаймыз.
Ауыл шаруашылығында биылғы оң нәтиже аталған саланы жетілдіруге арналған заңның қабылдануы деуге әбден болады. 2019 жылғы 28 қазанда Президент Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осының негізінде Жер, Орман, Бюджет кодекстеріне түзетулер енгізілді. Жерді ұтымды пайдалану мониторингін жүзеге асыру аясында қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану бойынша нормалар бекітілді.
Сондай-ақ Ауыл жастарына арналған квота бойынша аграрлық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болады. Бұл агросектордағы маман тапшылығы мәселесін шешіп, кәсіби білімді жастарды ауылға тартуға мүмкіндік берілмек.
Бұдан бөлек, фермерлерді қолдау мақсатында шаруалар үшін міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүйесі енгізіліп отыр. Жаңа жүйе ауыл шаруашылығы субьектілерін қолдаудың нақты бағытын айқындап береді. Яғни, сақтандыру полистерін алуды субсидиялау жүйесі енгізілуде. Оған қоса ол полистерді банктерден несие алу кезінде кепілдік ретінде пайдалануға болады.
Десек те, ауыл шаруашылығында неше жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемалар жиынтығы келесі жылға да «мұраға» қалдырылғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде ең бастысы – жердің тозуы. Ғалымдардың есебінше, Қазақстанда 75% жер деградацияға ұшыраған, осының кесірінен экономикаға келетін шығын 7 млрд долларға бағаланып отыр. Топырақтың құнары 17% төмендеп, суармалы жерлер көлемі 2,5 млн гектардан 1,1 млн гектарға азайып кеткен. Сол себепті аталған проблемаларды біртіндеп шешу үшін алдағы жылдары үлкен қаражат көзі қажет.
Қаражат демекші, агроөндірісті қаржылай қолдауда цифрлық көрсеткіштер бас айналдырғанымен, салыстырмалы түрде әлі де аз. Мәселен, бізбен бір Одақтағы мемлекеттер Беларусьте ЖІӨ-нің 17%-ы, Ресейде 7%-ы аталған саланы қолдауға жұмсалып отырса, бізде бұл көрсеткіш 5%-дан аспайды. Демек, ауыл шаруашылығына қарастырылған қаражат ЖІӨ-нің көрсеткішінде жоғарыламай кешенді проблемаларды еңсеру жылдан-жылға шегеріле бермек.