Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының нақты мұқтажына қосымша 131 млн текше метр су қажет. Бұл мәселені шешу үшін 3,5 млрд теңге керек екен. Бұл туралы сенатор Нариман Төреғалиев Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді. Оның айтуынша, БҚО-ның оңтүстігіндегі Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала аудандарының тұрғындары сусыз қалатын түрі бар.
Қазіргі уақытта аймақта сумен жабдықтау мәселесі аса маңызды болып отыр. Себебі бұл өңір негізінен мал шаруашылығымен айналысады және Ресейден су алады. Бүгіндері Еділ өзенінен Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары арқылы облыстың оңтүстік аймақтарына ағып келетін су мөшері айтарлықтай азайды. Сонымен қатар жыл сайын су алу шығыны да өсіп келеді. Батысқазақстандықтардың нақты мұқтажына қосымша 131 млн текше метр су қажет. Облыс алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – мал басын көбейту, оны өңдеу және экспорттау. Су тапшылығы бұл мақсатты жүзеге асыруға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. «Соңғы жылдары шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шетелден асылтұқымды мал сатып алып жатыр. Бірақ қазіргі проблемалардың кесірінен барлық малдан айырылып қалу қаупі бар», – деген Нариман Төреғалиев қаржыландыру мәселесін де қозғады. Оның айтуынша, былтыр 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде батыс өңірі тұрғындарына су жеткізу шығынын өтеу мәселесі қолдау таппады. Сондықтан сенатор биылғы ақпан-наурыз айларында бюджетті нақтылау кезінде БҚО үшін 131 млн м3 көлемінде су жеткізу жөніндегі шығыстарға қосымша 3,5 млрд теңге бөлуді сұрады. Бұл қадам Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.А.ЕРСҰЛТАН