Осы аптада әлемде коронавирусқа қарсы вакцинаны ұрлаудың алғашқы оқиғасы тіркеліпті: Polsat News хабарлауынша, 27 қаңтарда белгісіз біреулер Польшаның Илово-Осада кентіндегі клиниканың есігін бұзып, COVID-19 вакцинасының 18 дозадан тұратын үш флаконын алып кеткен. Бұл оқиға тек дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер ғана тегін егілетіні хабарланғаннан кейін болған. Бұл жайт халықаралық қоғамдастықта «қарапайым жұртқа вакцина жетпей қала ма?» деген қауіп барынан хабар берсе керек.
Қазақстанда вакцина жеткілікті көлемде болуы тиіс: оның өндірісі бір мезгілде екі өнеркәсіптік алаңда жолға қойылуда. Оның үстіне, елімізде кез келген адам бюджет есебінен тегін егіле алады. ДСМ дерегінше, ақпан айында Қазақстанда халыққа КВИ-ге қарсы екпе егу науқаны басталады. Ол кезең-кезеңмен жүргізіліп, жыл соңына дейін созылмақ. Нәтижесінде, 2021 жыл аяқталғанша 6 миллион адамды қамту жоспарланған. Бұл ретте бірнеше жайтқа мән бере кеткен жөн. Біріншіден, вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Сондай-ақ аяғы ауыр әйелдер де салдырмайды. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі екпе салғызу ересектер үшін ерікті жүретініне назар аудартады. Көңілі қаламаса, азамат бас тартуға құқылы. Ешкім мәжбүрлей алмайды. Қалаған азамат өзі тіркелген емханаға барып, вакцинаны алу тәртібі қандай екенін біле алады.Фейкпен «қоректену» – денсаулыққа зиян
Вакцинаға қатысты кең таралған фейктерге сенген азаматтар «вакцинамен бірге адамдарды жаппай чиптеп тастайды екен» деп қорқады. Мамандар бұл үрейге негіз жоқ екенін айтады. Отбасылық дәрігер, қазақстандық педиатр, дәйекті медицина саласындағы танымал блогтың авторы Дмитрий Киреевтің айтуынша, бұл фейк белгілі меценат-миллиардер Билл Гейтстің ағылшын тіліндегі сұхбатын орысшаға дұрыс аудармаудан және бұрмалаудан туындаған. «Әсіресе, орыстілді ақпарат ағынында өрістеген «астыртын мәмілелесу теориясына» жүгінсек, Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда төл BMGF қоры арқылы COVID-19 вакциналарын қаржыландырып жатыр. «Ол вакцинамен бірге чип егіледі, адам белсіз болып қалады, осылайша адамзат саны азайтылады» деген қауесет бар. Шынында, Гейтс вакцинамен бірге чип енгізу туралы ештеңе айтпаған. Reddit желісінде әлеуметтік желіні пайдаланушылардың сұрақтарына жауап берген миллиардер кімнің коронавируспен сырқаттанып жазылғаны, кімнің вакцинацияланғаны туралы жалпы ақпараттан тұратын цифрлы сертификат жасалуы мүмкін екенін ғана айтты. Осы сөзді бұрмалаған блогерлер оқырманын елеңдету үшін «Гейтс әр адамға цифрлы сертификаты бар микрочип енгізбекші» деп таратқан. Халық бұл өтірікке сенбеуі керек», – дейді доктор Дмитрий Киреев. Ол «вакцинамен бірге чип енгізіледі» деген фейк ақпаратты ғалымдар да, Buzzfeednews, Reuters, Factcheck.org ресурстары да зерделей келе жоққа шығарғанын еске салды.Егілудің игілігі – қалыпты өмірге оралу
– Дүниежүзінде пандемия жарияланғалы 1 жылдай уақыт өтті. Карантин шаралары бізге көп нәрсені үйретті. Бүкіл адамзат басымдықтары мен құндылықтарын қайта қарауға мәжбүр болды. Бүгінде тек вакцинациялау ғана бәріміздің карантинсіз өмірге оралуымызға, экономиканы тұрақтандыруға мүмкіндік береді! Жаппай вакцинациялансақ қана балалар балабақшалар мен мектептерге, студенттер – дәріс залдарына оралып, еркін бара алады. Адамдар туыстарымен, әріптестерімен, достарымен қауышып, емен-жарқын әрі қауіпсіз қарым-қатынас жасай алады, – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов. Ол КВИ-ге қарсы вакцинациялауды бастау үшін медициналық персонал даярлықтан өтіп, оқытылып жатқанын жеткізді. Егу пункттерінің дайындығы тексерілуде. Емхана-ауруханалар вакцинаны сақтау үшін қажетті салқындату жүйелерімен жабдықталуда: мұздатқыштар, термоконтейнерлер сатып алынған. Вакцинаны тасымалдау кезінде де тиісті температураны сақтау мәселесі бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді. – КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың тактикасы, екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Жаппай оқыту 29 қаңтарда аяқталуы тиіс. Президенттің азаматтардың иммундық мәртебесі туралы ақпараты бар QR-кодты енгізу тапсырмасын орындау үшін вакцинациялаудың электронды паспорты әзірленуде. Вакцинациялау туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі, – деп түсіндірді М.Шоранов. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ақпанда, яғни вакцинациялаудың бірінші кезеңінде ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Артынша отандық вакцина да ел қажеттілігіне жарап қалуы мүмкін. Алдағы айдың басында 20 мың доза көлемінде «Спутник V»-ның алғашқы партиясы Ресейден келеді деп күтілуде. Ал 15 ақпаннан бастап ол елімізде, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндіріледі: 90 мың доза көлеміндегі 1 партиясы 26 ақпанда өңірлерге жолданады. Кейін шамамен 2 миллион дозасы жасалмақ. Бүгінде отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық зерттеудің I және II фазаларынан сәтті өтті: адамға қауіпсіз деп танылыпты. ІІІ фаза сынағы дайындалуда. Деректер бойынша, ресейлік «Спутник V»-ның тиімділігі шамамен 92% ғана болса, ал қазақстандық QazCovid-in 96% жоғары деңгейіндегі тиімділігін көрсеткен. Отандық вакцина көктемге қарай өндіріле бастауы мүмкін. Бірінші кезеңде оның да 2 млн дозасы шығарылады. ДСМ-ның сендіруінше, вакцина нарыққа түскеннен кейін де үнемі бақылауда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық вакцинаны салғызатынын мәлімдегені белгілі. Бірқатар биік лауазымды тұлғалар сынақ аясында отандық антиковид-вакцинаны еккізді. Жалпы, 10 миллион қазақстандыққа коронавирусқа қарсы тегін вакцина салғызу үшін мемлекет 50 миллиард теңге жұмсауды көздеп отыр.Вакцинациялау не үшін қажет?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың болжамынша, вакцинациялауды, бетперде режимін, әлеуметтік арақашықтықты және шектеу шараларын сақтағанның өзінде эпидемиологиялық жағдай 2021 жылдың соңына дейін жалғаспақ. – Індет наурыз айының соңында шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мыңға дейін дерт жұқтырған адам тіркеледі деп күтілуде, ал 24 мың төсек-орында науқас жатуы ықтимал. Пессимистік сценарий бойынша тәулігіне жұқтыру саны 9 мыңға дейін жетеді, 45 мың пациент ауруханада жатады. Онда қатаң карантин шараларын енгізу қажет болады, – деді министр. Қазір инфекциялық стационарлар 31%-ға, реанимациялық төсек-орындар 19%-ға жүктелген. Өңірлерде жалпы сомасы 17 млрд теңгенің қоры құрылды. «СҚ-Фармацияның» 4 хабында 10 млн бетперде және дәрілік заттардың екі айлық жаңартылатын қоры қалыптастырылды. Тестілеу қуаты тәулігіне 40 мыңнан 100 мыңға дейін артты. Мамандардың мәліметінше, адамзатқа жойқын соққы беретін індеттерді тек вакцинация ғана тоқтата алады. Соңғы 150 жыл ішінде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайды, соның ішінде 25 жылы – вакцинаның арқасы. «Егер тұрғындардың 95%-дан астамы вакцинациялаумен қамтылса, қоғамда ұжымдық иммунитет пайда болады. Ұжымдық иммунитет екпе егуге болмайтын осал топтарды қорғайды. Неғұрлым көп адам вакцина алса, індет қоздырғыштарына әрі қарай таралу үшін организм табу қиынға түседі. Яғни, инфекцияның белсенді циркуляциясы тоқталады, індет тұйықталады. Неғұрлым көп адам егілуден бас тартса, ұжымдық иммунитет төмендейді, індеттер қайта өршиді», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі. Елімізде тәуелсіздік жылдарында жүргізілген иммунизация тиімділігін көрсетті: қызамықтың (краснуха) 1998 жылы 15 346, ал 2018 жылы 1 дерегі ғана тіркелді: вакцинация бұл дертті 3 мың есеге азайтты. Паротит 140 есеге – 1998 жылғы 5 490 сырқаттан 2018 жылғы 38 сырқатқа дейін кеміді. Қазақстанда 1996 жылдан бері дифтерия, полиомиелит індеттерінің бірде-бір жағдайы тіркелмеді. Ұжымдық Еуропаның бірқатар елі қызылшаға қарсы егуді тоқтатқан-тын. Оларда 2019 жылы қызылша эпидемиясы басталды. Содан сабақ алған АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа да батыс елдері бүгінде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация жүргізу науқанына қызу кірісті.Елдос СЕНБАЙ