«Бозой» газы маңызды қор
«Бозой» газы маңызды қор
245
оқылды

Еуразиядағы ең ірі жерасты газ қоймаларының бірі күрделі қайта құрудан өтті және қазір елдегі газ тұтынудың маусымдық ауытқу проб­лемасын толық шешуге қа­білетті.

Ақтөбе облысының аумағындағы Үстірт жазығының шөлейтті жерінде орналасқан «Бозой» жерасты газ қоймасы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Ақтөбе және Қостанай облыстарының газ тұтыну­шы­ларын газбен жабдықтаудың әркел­кілігін реттеуде әрқашан маңызды рөл атқарды. Кейін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры пайдалануға берілген кезде, «Бозой» ЖАГҚ Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының тұтынушыларын табиғи газбен қамтамасыз ету жүйесінің маңыз­ды бөлігіне айналды. Бүгінде «Бозой» газ қоймасы – бұл сарқылған газ кен орнында құрылған Еуразия континентіндегі ең ірі жерасты кешені. Қойманың ерекшелігі оның екі учаскеден – 1974 жылы құрылған «Жаман­қоянқұлақтан» және «Жақсы­қоянқұлақ­тан» тұратынында, бұл учаске 1982 жылы пайдалануға берілді. «Бозой» газ қоймасын үздіксіз пай­далану жылдарында мұнда жабдықтар мен инфрақұрылымның әбден тозуы тіркелді. Қазақстанда осы бірегей газ қоймасына басқа балама болмағандықтан, оны басқаратын «Интергаз Орталық Азия» АҚ (ИОА) компаниясы оны толық қайта жа­ңар­туды қолға алды. Барлық жұмыс екі кезеңде жүргізілді. Алдымен 36 жаңа пайдалану ұңғымалары бұрғыланды және жабдықталды, құрама пункттерге дейін шлейфтер салынды. Содан кейін «Жаманқоянқұлақ» учас­кесінде құрама пункттердің өздерін қайта жаңарту, сондай-ақ «Бозой» ЖАГҚ «Жақ­сы­қоянқұлақ» учаскесінде қайта жаңарту және құрылыс басталды. Жақын арада газ қоймасы 4 млрд м3 («Жа­ман­қоянқұлақ» учаскесі 3 млрд м3 және «Жақсықоянқұлақ» учаскесі 1 млрд м3) газды сақтаудың жобалық көлеміне шығады. Жылыту маусымының ең жоғары кезеңінде газ алудың тәуліктік көрсеткіші 27 млн текше метрге дейін жетеді. Бозой Тұрақты газбен жабдықтау туралы айтатын болсақ, жерасты газ қоймалары­ның жалпы магистралды газ құбырлары­ның күрделі жүйесінде қандай рөл ат­қаратынын түсіну маңызды. Шын мәнін­де, ЖАГҚ газ тасымалдаудың барлық жүйе­сінің жұмысын реттеу құралы болып сана­лады. Осылайша, жерасты газ қойма­сының жұмысы газды тұтыну көлемі арт­қан кезде оны реттеуге мүмкіндік береді және газдың үздіксіз жеткізілуіне кепілдік береді. Бұдан басқа, жер астындағы газ тек сақталып қана қоймайды, мұнда оны магистралды газ құбырына беру алдында тазарту және кептіру жүргізіледі. Осы мақсатта 2017 жылы газдың сапасын арттыру, оны ылғалдан ажырату үшін «Бозой» жерасты газ қоймасының технологиялық схемасы қазіргі заманғы «газды кептіру қондырғысымен» (ГКҚ) жарақтандырылды. Газ табиғи жағдайда тереңдігі 350-400 м жерасты қабаттарында сақталғандықтан, ол су қабатының буы­мен қаныққан. Газды кептіру қондырғысы көгілдір отынның сапасын арттыруға мүм­кіндік береді. Осынау орасан газ қоймасы дұрыс жұ­мыс істеуі үшін жерүсті және жерасты жаб­дықтарының барлық жұмыс қабілет­тілігін сақтау маңызды. Әдетте, бұл қажет бол­ған жағдайда тұрақты техникалық қыз­мет көрсету, диагностика және жөндеу ісі. Сондықтан қоймалардың тозуын ескере отырып, оларды жөндеу қажеттілігі туындайды. Мысалы, «Бозой» ЖАГҚ-дан басқа, «ҚазТрансГаз» компаниялар тобына қарас­ты тағы екі жерасты газ қоймасы бар – 650 млн м3 газ сақтауға қабілетті Түркіс­тан облысындағы «Полторацкое» ЖАГҚ және Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» ЖАГҚ. Екі қойма да еліміздің ірі қалалары – Ал­ма­ты мен Шымкентті газбен жабдық­таудың маңызды элементі болып саналады. «Полторацкое» ЖАГҚ 1960 жыл­дың ба­сында іске қосылған. Оның ха­лық тығыз орналасқан шекара айма­ғында орналас­қанын ескере отырып, ком­пания оның жұмы­сының қауіпсіздік дең­гейін арт­тыруды басым міндет деп белгілеп отыр. Осы­ған ұқсас көрініс 1986 жылы 850 м те­реңдікте су тұтқыш-коллек­торда құ­рыл­ған «Ақыртөбе» ЖАГҚ-да байқалады. «Ақыр­төбені» жаңғырту газ сақтау сыйым­ды­лы­ғын кезең-кезеңімен 130 млн м3-ден 200 м3-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Болашақта бұл көрсеткіш 400 млн м3 дейін өсуі мүмкін. Жалпы, жаңғыртылған жерасы газ сақтау қоймасының сенімді жұмысы жы­лы­ту маусымында газ тұтынуды тұрақ­тан­дыруға орасан ықпал етеді, ал күтпеген жағ­дай болса, елдің оңтүстік өңірлерін ба­рынша қысқа мерзімде газбен қамтуға қау­қарлы.

Жарқын ТҰРЛЫБЕК, Нұр-Сұлтан қаласы