Алматыда көптен бері айтылып, жұрттың талқылауына түскен крематорий ақыры салынатын болды. Тіпті, құжат бойынша 2021 жылдың 21 қыркүйегінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Өткен жылдың соңында Алматы жайлы қалалық орта басқармасы тендер өткізіп, жеңімпаз компанияны таңдаған. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сәйкес, шаһар билігі былтыр 21 желтоқсанда Mega Build Kazakhstan ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған.
Крематорий Алатау ауданында салынады. Ақын Сара көшесінің солтүстігі мен ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан паталогоанатомиялық бюро жанында бой көтеретін крематорийдің бір залы мен екі пеші болады. Бұған дейін Алматыда салынатын крематорийдің жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тендерін DNT Center Stroy ЖШС жеңіп алған. Шартқа сәйкес, ол жұмысты бес ай ішінде, яғни 2020 жылғы қазан айының соңына дейін 44,5 млн теңгеге орындауы тиіс еді. Осы компания крематорий құрылысы барысына авторлық тексеріс жүргізіп, қадағалап отырады. Бұл қызмет құны бюджетке 15 млн теңгеге түседі.Мәйіт өртеу – бизнес көзі емес
Елімізде крематорий салу туралы әңгіме 1980 жылдары басталған. Сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен даулы мәселеге нүкте қойылған. Деректерге қарағанда, 2003 жылы кремация жабдықтарын жеткізетін чех компаниясы өкілдерімен Алматыға екі кремация пешін әкелу туралы шешім қабылданып, бюджеттен крематорий салуға қаражат қарастырылған. Дегенмен белгілі бір себептерге байланысты жоба кейінге қалды. Араға жылдар салып, 2012 жылы бұл мәселе тағы көтерілді. Алайда Алматы құрылыс басқармасы елдегі мұсылман қауымы мәйітті өртеуге қарсы шығатындықтан, Қазақстанда крематорий ешқашан салынбайтынын мәлімдеген. Содан соң 2014 жылы «Спецкомбинат ритуальных услуг» МКК өкілдері әкімдіктің тапсырысы бойынша құны 3 миллион доллар тұратын крематорий құрылысы жобасын дайындады. Әйтсе де, бұл жоба да тоқтап қалды. Біз назарымызға ілінген бірнеше мысалды ғана тілге тиек еттік. Сөз басында даулы мәселе деуіміздің өзіндік сыры бар, мұсылман баласы мәйітті өртемеген, шариғатта бұл дұрыс емес деп көрсетілген. Бұл мәселеге өткен жылы 13 маусымда «Айқын» газетінде жарияланған «Қазақстанда крематорий салудың маңызы неде?» деген мақаламызда жан-жақты тоқталғандықтан, оған қайта айналып соғу артық болар. Осы жерде белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының Facebook парақшасында жазған пікірін келтіруді жөн санап отырмыз. Мәйітті өртеу діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да құпталмайтын іс екенін айтқан ол, «Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу – біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ сыйлау – біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз», – дейді. Байқап отырғандай, Қайрат Жолдыбайұлы Алматыдағы емес, келешекте Нұр-Сұлтан қаласында салынатын крематорий туралы айтып отыр. Осы жерде «Қырық жылдан бері қарсылыққа ұшырап, құрылысы басталмаған крематорийдің бірден екеуін салуға соншалықты не қажеттілік туды?» деген ой келеді. Өйткені бұл, біріншіден, арзан жоба емес. Ел бюджеті ақшасын тағы да желге шашу болып шықпай ма? Екіншіден, тап осы крематорийге сұраныс соншалықты көп емес. Осы күнге дейін кремация қызметіне жүгіну үшін қазақстандықтар Мәскеу, Челябинск, Барнаул және Новосібірге хабарласатын. Жерлеу рәсімдері бюросының өкілі Юрий Назаренконың айтуына қарағанда, кремацияны айына 1-2 адам ғана сұрайды екен. Бұған дейін шекара асып, Ресейге барғандар еліміздің басқа өңірінен ақыры салынуға шешім қабылданған Алматыдағы крематорийге жете алмай қалып па? Онда халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын біздің елде екінші крематорийдің не қажеті бар? Тап осы мәйіт өртеу қазақ үшін бизнес көзі бола алмайтыны – басы ашық мәселе.Қос крематорий құны – 3,22 миллиард теңге
Өткен жылға арналған республикалық бюджеттен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында зираты бар крематорий салуға тиісінше 1,74 миллиард және 1,48 миллиард қаржы бөлуді қарастырып отыр. Шотқа салып есептеп жіберсек, еліміздің екі қаласында 3,22 миллиард теңгеге қос крематорий салынбақ. Алматыда крематорийдің салынып, биыл іске қосылатыны, оған кімдер жауапты екені белгілі болды. Ал Нұр-Сұлтандағы крематорийді қандай компания салатыны әзірге белгісіз. Қала әкімдігі елордалық крематорийдің жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлейтін компанияны таңдап қойған. Өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеу құрылыс дирекциясы «Биологиялық және медициналық қалдықтармен патологиялық бюро салу» объектісі бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды. Құжаттар келісімшарттың 099 «Зираттармен крематориялар салу» бюджеттік бағдарламасы бойынша тіркеуге жататынын көрсетеді. Жобалаушы – «Инженерлік-конструкторлық бюро» ЖШС 2021 жылдың 28 ақпанына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынуға міндетті. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны – 41,9 миллион теңге. Осы деректерге қарағанда, демек көп ұзамай Нұр-Сұлтан қаласына салынатын крематорийдің де жай-жапсары белгілі болып қалатындай.Жауапты қызметтегілер не дейді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде 137 142 адам қайтыс болған. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 22,7 пайызға, яғни 25 417 адамға көп. Былтыр кісі өлімі дерегі ең көп тіркелген ай – шілде. Коронавирус өршіп тұрған кезде елімізде 28 178 адам көз жұмған. 2019 жылы шілде айында 12 420 адам бақилық болған. Бұл өткен шілдеде өлім-жітім 2,3 есе өскенін білдіреді. Шілде айы еліміз үшін үлкен сынақ болғаны рас. Осы айда Нұр-Сұлтан қаласында өлім-жітім 3,4 есе өсіп, 2019 жылы 410 адам қайтыс болса, былтыр олардың қатары 1 388-ге жеткен. Алматыда 2,2 есе өсіп, бұрнағы жылмен салыстырғанда 1 134-тен 2 546-ға жеткен. Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкенттегі жағдай да мәз болған жоқ, бұрнағы жылы шілде айында 497 адам өмірден озса, былтыр шілдеде 1 491 адам қайтыс болған, яғни 3 есе көп. Деректерге сүйенсек, жыл сайын тек Алматының өзінде 7-8 мың адам өмірден озады екен. Мамандар қалада крематорий салу мәселесі қайтыс болғандарды жерлейтін жердің тапшылығы мәселесінен де туындап отырғанын тілге тиек етеді. Төтеннен келген коронавирус инфекциясы да крематорий салу мәселесін жеделдетіп жібергендей. Алматыда салынатын крематорий туралы Әділет министрлігінің өкілдері бұл нысан адам денесін өртеуге арналмағанын, яғни кәдімгі мәйітхана болатынын айтты. Мамандардың сөзінше, ондағы әмбебап пештер қауіпті індеттен көз жұмғандардың денесін сот-медициналық сараптамадан өткізгеннен кейін қалатын биологиялық қалдықтарды өртеуге арналған. Сондай-ақ пайдаланылған медициналық құралдарды, яғни шприц, маска, қолғап пен қорғаныс киімдерін жою үшін де қолданылады. Сондықтан мәйітханадан айырмашылығы болған соң, бюджеттік бағдарламада оның атауы крематорий деп көрсетілген. Әділет министрлігінің сарапшылық жұмысын ұйымдастыру департаментіне қарасты Сот сараптамалары орталығының жұмысын бақылау басқармасының басшысы Темірболат Қожамжаров мұндай жағдайда қауіпті заттарды жоюдың бірден-бір амалы арнайы пештерде өртеу екенін айтады. Өлімнің бұрынғыдан көбірек тіркеліп, қауіпті заттардың артуы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аса қауіпті биологиялық қалдықтарды жоюға арналған жоғары технологиялы пештері бар патологоанатомиялық бюроларды салуға мәжбүрлеген. «Қазақстанда өмірден өтіп кеткен шетел азаматтарын жерлеуге қатысты да проблема туындады. 2019 жылы қайтыс болған 50 шетелдік азаматтың денесі тексерілсе (ағзасын ашу арқылы зерттеу), өткен жылы 200 азаматты осылай тексеруге тура келді. Шекаралар жабылып, Отанына қайтару мүмкін болмағандықтан, олардың туған-туыстары мәйітханаларға жүгініп, кремация жасатуға өтініш білдірді. Патологоанатомиялық бюролар аса қауіпті вирустан немесе коронавирустан көз жұмған біздің азаматтардың денесін кремациялауды көздемейді. Денсаулық сақтау министрі 2018 жылғы 18 желтоқсанда бекіткен №40 бұйрығының 239-ережесінің 4-бөлігінде көрсетілгендей, адамның денесі тек туған-туыстарының келісімі бойынша кремацияланады. Кремациядан кейін күлі туыстарына беріледі», – деді Темірболат Қожамжаров. Жауапты қызметкердің сөзіне қарағанда, крематорий салудағы басты мақсат – биологиялық қалдықтарды жою. Экологиялық, қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда бұл уәж көңілге қонғанмен, көкейде көп сауалдың бары рас.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ