Ихсан – тәрбие негізі
Ихсан –  тәрбие негізі
741
оқылды

Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қа­сиет­терді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың біре­гейі де осы – ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жаман­дықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп баяндалған.

Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің ша­риғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» де­генді білдіреді. Жаратқан Алла құлдарына Құранда ихсан сөзінің мағынасын баяндаған. Аятта Алланың игілігі баяндалса, оның ең әуелі құл­дарына деген шексіз мейі­рім­ділігі, асқан рақымдылығы, мол нығ­меттерге бөлейтіні айтылады. Қа­­­­­сиетті аятта: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде және дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық ет­­­кендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүлік жа­сама! Алла бұзақыларды сүймейді» («Қасас» сүресі, 77-аят) делінген. Жаратушы иеміз күллі жара­тылысты ешқандай ақаусыз, кем­шіліксіз жаратты. Барша жа­ра­тылыс иесі ең әдемі, ең көр­кем бейнеде жаратылған. Осыдан-ақ адам баласы ғибрат алып, түсінуі қажет. Егер адам баласы ихсан ілімінің шынайы болмысын түсін­се, рухани құндылығы артып, иман байлығына күмәнсіз жетер еді. Алла Тағала келесі аятта: «Ол Алла көктер мен жерді ақиқат бойынша жаратты. Ол сендерді бейнелегенде көркем бейнеледі. Әрі қайтар жерлерің Оған қарай» («Тағабун» сүресі, 3-аят) деген. Ихсан ілімі әуелі пенденің Ал­ла­­ға деген итағатынан (бойсұну) басталады. Адам баласының Алла­ға деген ихсаны мынадай: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрселерден аулақ болу, ізгі амал­дарды арттыру. Алла Тағала: «Сон­дай-ақ иман келтіріп, салиқа­лы іс істегендердің сауапты жақсы амал­дары­ның еңбегін жоймаймыз» («Кәһф» сүресі, 30-аят) деп уәде еткен.

Ихсан – рухани ілім

Бірде Жәбірейіл періште саха­баларымен отырған Пайғам­бары­мызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақ киім киген жо­лаушы кейпінде келіп, көпші­ліктің көзінше былай дегенін хазіреті Омар (Алла оған разы бол­сын) баяндайды: «Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ар­дақты Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): – Ислам – Алладан басқа Құ­дайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куә­лік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рама­зан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару деп жауап береді. Әлгі кісі мұны естігенде: – Рас айтасың, – деді. Біз оның өзі сұрап әрі жауабын өзі растағанына таңғалдық. Мұнан соң әлгі кісі: – Иман дегеніміз не? – деп сұ­рағын жалғастырды. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): – Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да: – Рас айтасың, енді ихсан де­ген не? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын): – Ихсан – Алланы көріп тұр­ғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шү­бә­сіз, ол сені көруде. – Қиямет қашан болады? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): – Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, – деп еді, сонда әлгі кісі: – Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді. Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз: – Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», – деді. Мен: – Алла және оның елшісі біледі, – деп жауап бердім. Пайғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнін­де ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште бола­тын», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірген еді. Бұл хадис өте құнды дүниелерді бізге баяндайды. Иман, құлшылық және ихсан мәселесіне тоқталып өтеді. Ихсан – Алла сені бақылап тұрғанын, сен қай уақытта болсын Оның назарында тұратыныңды бір сәт естен шығармау екен. Міне, иман мен құлшылықтың ләззатын сезіну үшін әуелі адам бойынан ихсан көрініс беруі керек. Өйткені ихсан – иман мен құл­шылықты байланыстырып, ішкі жан дүниені тәрбиелейтін, байы­татын рухани ілім.

Ихсан – нәпсі тәрбиесі

Ел арасында ихсан ілімін не үшін кеңінен насихаттауды қолға алдық? Өйткені мұсылман баласы кемелдікке жету үшін ең алдымен өз-өзінен есеп алып, нәпсісін тәр­биелеу арқылы тақуалық амал­дарда ілгерілей түседі. «Шәмс» сүресінің 8-10 аяттарында: «Оған жамандық әрі тақуалық қабілеті бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Ал кім оны кірлетсе, қор болды» делінген. Осы орайда мына бір тәмсіл нендей ғибрат десеңші! Жақсы мен жаманның мысалын осыдан-ақ аң­­ғаруға болады. Бірде неме­ресімен күн шуақта отырған қария бір-бірі­мен ырылдасудан шар­шамайтын екі итіне сырттай қарап ойланады. Бала ес білгелі әлгі иттер атасының ау­ласында ылғи да ырылдасып жа­татын. Неге екені белгісіз, бұлар­ды атасы қасынан бір елі ажыратқан емес. Бір үйді күзеткенге бір ит жет­­­­пей ме, екеуінің түрі неліктен екі түрлі де­ген ой баланы көптен ма­залап жүрген болатын. Осы жо­лы ептеп атасынан сұрауды жөн көрді. Немересінің қойған сұрағына жымиған қарт: Олар мен үшін екі белгі, ба­лам, – деді атасы. Бала түсіне қой­мағандықтан: Ненің белгісі, ата? – деп қайта сұрады немересі. Жақсылық пен жамандықтың белгісі, – деді қарт. Мына сен көріп отырған ырыл­дасқан иттер секілді адам бойында да жақсылық пен жамандық ылғи бір-бірімен айқас үстінде жүреді. Бұларға қараған сайын мен соны еске аламын, сол үшін де оларды ылғи өзіммен бірге ұстаймын, ертіп жүремін – деді.

Қандай қоғам болсын, абы­ройы ас­қақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгер­шіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс.

Ата, сонда бұлардың күресте қайсысы жеңеді? – деді немересі. Қария күлімсіреп: «Е-е, балам-ай, қайсысына көбірек тамақ беріп болыссам, сөзсіз сол жеңеді ғой», – деген екен. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Сенен есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» дейді. Ал Хәкім Абай атамыз: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол ал­дыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп есті адамға ой сала отырып, кемелділіктің кілті ихсанда екенін баян етеді. Шал ақын бабамыз: «Нәпсің бір көкжал бөрідей, Иманың бағлан қозыдай, Егер тыю салмасаң, Иманыңды жеп кетер» деп жыр­лайды. Көкжал бөрідей болған нәпсіге тойтарыс беріп, өз-өзіңнен есеп ала білу – есті адамның си­паты. Есті адам дүниесі мен ақы­ретін қатар ала жүріп, еш өкін­бейтін хақ жолдың аясында өзін әдебімен, имандылығымен тәр­бие­­лейді. Ой салар өлең жо­лының жалғасында Шал Құлекеұлы: «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері, Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері» деп түйеді. Таяқты қатты ұстаған қойшы бөріге бой бермесі сөзсіз. Яғни, ихсан ілімі нұсқаған әдептілік пен тақуалықты мықты ұстаған мұсылман шайтанның азғыруына жол бермейді, ардақты атына кір келтірмейді. Данышпандар: «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса, құштар­лығы­ның құлына айналады. Құ­марлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап, қала­ған жағына сүйрейді. Мұндай адам­ның қалыбы құл­шылық пайда­сынан мақұрым қалады» деген екен. Ихсан – мұ­сылманды әуелі әдеп­тілікке, мұнан соң кемелдікке, ке­мелдіктен әрі нағыз тақуалыққа қарай жетелей бермек.

Ихсан – әдеп негізі

Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдеп­­тілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қа­лып­тастырады. Хазреті Мәуләна: «Ақылым жүре­гімнен: «Иман де­ген не?» деп сұра­ды. Жүрегім ақы­лым­ның құлағына иіліп: «Иман дегені­міз – әдеп» деп жауап берді» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі арқылы надандық құрсауындағы Мекке халқын мойын­датып, оларға өнеге көр­сетті. Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – дейтін. Қандай қоғам болсын, абы­ройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгер­шіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс. Осы арқылы да қоғамның өзіндік мәде­ниеті қалыптасады. «Тәрбие­сіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыз. Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттап: «Шын мәнінде, сен жо­ғары мінез-құлыққа иесің» («Қа­лам» сүресі, 4-аят) деген. Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жаса­ғандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» дейді. Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда: «Ол – көркем мі­нез» деп жауап береді. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын бірнеше қайталаса да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін – көркем мінез» деп жауап берген екен. Хазреті Мәуләна: «Біліп қойыңыз, әдеп – адам тәніндегі рух. Әдеп – әулиенің көзі мен көңілінің нұры. Егер шайтанның көзін жойғың келсе, көзіңді ашып қара, шайтанды құртатын – әдеп. Адам баласында әдеп болмаса, ол шындығында адамдық болмысын жоғалтады. Әдеп – адам мен хайуан­ның арасындағы айыр­машылық» деген екен. Ал әдеп дегеніңіз – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұят пен сыпайылық. Міне ихсан ілімі – иман иесінен осыны қалайды. Ихсан Қандай да бір мұсылман бауы­рына қараған сәтте оның бойынан кемшілік көрер болса «бұл нәрсе менде де болуы мүмкін» деп өз-өзін көркем мінезділікке тәрбие­леуі керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсыл­манның айнасы. Өзгенің кем­шілігін өзінің бойынан көреді» деп айтқан. Ілім қақпасы атанған хаз­реті Әли (Алла оған разы болсын): «Ең алдымен өз нәпсіңе, сосын барып өзге адамдарға на­сихат айт!» десе, ұлы ғалым Имам Шафиғи: «Өзіңе қатты, өзгеге жұмсақ бол!» деп өнегелі сөз қал­дырған. Ихсан ілімінен бастау алатын Ислам әдебі жекелеген тұлғадан бастап, күллі қоғам үшін де аса пайдалы. Дін – тәрбие құралы. Дін қай жерге ұяласа, тыныштық пен береке сол жерден көрініс берері ақиқат.

Ихсан – басшыға да, қосшыға да керек ілім

Біздің ендігі межелі мақса­тымыз – ел ішінде ихсан ілімін кеңінен насихаттау. Жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жандар үшін тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Мына дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап бере­тінінен қорқады, жасаған жақ­сы­лығының бақытқа, ал жаман­дығының зиянға себепкер бо­ла­тынын жадында ұстайды. Саңлақ сахабаның бірі Мұаз ибн Жәбәл былай дейді: «Йеменге басшылық қызметіне кетейін деп, үзеңгіге аяғымды қойған сәтте Алла Елшісі (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Мұаз! Адамдармен қарым-қатынас жасағанда жақсы мінезді бол!» деп маған соңғы өсиетін айтты. Мұ­сылман күнделікті өзін тәрбиелеп, өзгеге жамандығын тигізбеу үшін дұға-тілекте жүргені дұрыс. Мә­селен, Алла Елшісі (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) на­мазды бастамай тұрып, Жарат­қанға былай дұға ететін: «Уа, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиір­ке­нетін мінезді алыс ет. Бұл істі Се­нен басқа ешкім орындай ал­май­ды». Тағы бір дұғасында: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жарат­қаның секілді, мінезімді де сондай көркем ете гөр!» деп Жаратқанға жалбарынатын. Сахабалар Пайғамбарымыздан қандай амал көрсе, оны лезде іске асыруға асығатын. Сондай ардақты сахабаның бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) бір күні түнде тұрып Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) секілді: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де көркем ете гөр!» деп таңға дейін дұғасын жалғастырады. Таң атқаннан кейін әйелі: «Әбу Дәрда, бүкіл түнгі дұғаң және қа­же­тіңнің барлығы көркем мінез жайында сұраумен болдың ғой. Неге соншама таңға дейін мұндай дұға жасадың?» деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда: «Уа, Умму Дәрда! Бір мұсылман мінезін әдемілей-әдемілей ғұмыр кешетін болса, көркем мінезі оны жәннатқа жете­лейді. Егер мінезі жаман болып тіршілік кешсе, жаман мінезі тозаққа итермелейді» деп себебін жеткізген екен. Ғасырлар бойы асыл діннен ауытқымаған бабаларымыз да их­сан ілімін өмірлеріне серік ет­кен. «Өлім­­нен ұят күшті» деп, ұят­тың иманнан һәм ихсаннан екенін көр­­сеткен. Сондықтан бас­шыға да, қосшыға да керек нәрсе – ихсан ілімі, яғни көркем мінез­ділік. Ол – адамның ары мен ұятын сақтап, абыройын асқақтата түсе­тін рухани ілім.

Ихсан – жақсылық ілімі

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астында­ғыларға жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп бұйы­рады. Ихсан сөзінің мағынасы – жақсылық жасау. Исламның бізден қалаған ихсаны – жасайтын жақ­сы­лықты ең әдемі түрде, ең жақсы һәм кемеліне жеткізе отырып жа­сау, ата-анаға, ағайын-туысқа, көр­шіге, дос-жаранға жасайтын жақсылықты еш міндетсінбей, ең жоғары деңгейде іске асыру. Бір сөзбен айтсақ, толық мұсылман жақсылықтың ең шыңында жү­реді, ізгі ісімен үлгі болады. Мұсылман – әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді жан. Ғұлама ибн Мүбәрак: «Барлық ілімдерді бі­­летін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен кө­рісе алмасам өкінемін» деген екен. Құстың қос қанаты секілді мұсылман баласына білім де, әдеп те әркез керек. Ислам діні қандай таза болса, мұны екі дүниемнің ба­қыты деп білген адам әдеп негізінде өмір сүреді. Дініне титтей де кір келтірмеу үшін өмірлік мақ­сатын ихсан ілімінің аясына топ­тастырады. Абай атамыз осыны меңзеп, «толық адам» түсінігін кейінгілерге сөз етіп қалдырды. Мұсылман құл­­шылығын, күллі әрекетін, қарым-қатынасын, тіпті ғұмырын Жара­ту­­­шысын разы етуге арнаған кезде ихсан ілімінің шыңына жете ала­тынын айтқан. Хәкім Абай атамыз: «Ендi бiлiңiздер, ей пер­зенттер! Құдай Тағаланың жолы деген Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Таза мұсылман, толық адамның негізгі шарты – Құдай Тағаланың шексіз жолында жүру, разылығын табу. Абай атамыздың меңзеген «таза мұсылман, толық адам» тү­сінігі осы ихсан ілімінен баста­латынын байқаймыз. Себебі ихсан іліміне терең бойлап, әдеп, ар-ұят­­тан аттамаған мұсылман өзінің емес, ең алдымен ислам дінінің, туып-өскен жерінің абыройын биік қояды, кір келтірмейді. Отан­ға деген сүйіспеншілік, қыз­метке деген адалдық, ағайынға деген сый­­­ластық, жаманшылықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүру­дің бәрі осы ихсан ілімінен еке­нін әркез естен шығар­ма­ға­нымыз абзал.