«Шымкент-цирк» аңдардан бас тартпайды
«Шымкент-цирк» аңдардан бас тартпайды
269
оқылды

Соңғы аптада ақпарат құралдарында шымкенттік цирк ұжы­мы аңдардан бас тартыпты деген әңгіме желдей есті.  Біз осы­нау ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын «Шым­кент-цирк» мекемесі директорының міндетін ат­қару­шы  Нұрлан Әділхановтан сұраған болатынбыз.

Цирк ұжымына жуырда ғана келген басшы бұл ақпараттың бұр­маланып кеткенін айтады.  Оның сөзіне қарағанда, Шымкент цир­кінің жұмыс жоспарын жаңар­ту мақсатында ақпараттық комму­никациялар орталығында өткен брифингте «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасының ұйым­дас­тырылып  жатқаны ай­тыл­ған. Директордың айтуынша, елдегі карантин жағдайына бай­ланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып, наурыз айында экс­перимент ретінде бір жарым сағаттық «Наурыз думан» атты жаңа қойылым ұйымдастыру жос­пар­ланып отыр. Яғни, наурыз айын­да басталатын осынау бағ­дар­ламада жануарсыз, әртістердің шеберлігіне сүйене отырып,  қа­зіргі замандағы түрлі арнайы эф­фек­тілерді, LED экрандарды, де­корация-бутафор, арнайы рек­визиттерді пайдалана отырып жа­са­лады. Жаңа эстетикалық қо­йылым туралы бастаманы бри­фингке қатысқан  цирк саласының мамандары да қолдады. «Қойы­лым күш атасы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасовтың 150 жылдығына да орайластырылмақ. Көрерменге канадалық «Дю Солей» циркінің үздік әдістемелерін пайдаланып, ұлт­тық колоритті сақтап, жаңа қо­йылым дайындауға кірістік.  Жалпы,бұл аңдарсыз да өткізіп кө­рейік деген эксперимент. Алай­да аттарды пайдалануымыз мүм­кін. Қосым­ша аңдармен де жат­тығу шаралары жүруде. Бала­ларды қорғау күніне орай аңдар­мен өтетін  арнайы бағдарлама жасалады. Біз аңдар­дан бас тарт­пай­мыз. Шымкент циркінің мен­шігінде 6 ат, 3 пони және 2 арыстан бар», – дейді Нұрлан Ыдырысұлы. Шымкент-цирк сонымен бірге биыл Қазақстанды  жылжы­малы шапито циркімен гастроль­дік іссапарға шықпақшы. Shymkent circus – ZOO бағдарламасымен  цирк меншігіндегі аң-жануар­лар­ды біріктіріп, балаларға арналған жаңа бағдарлама ұсынбақ. Гас­троль­дік іссапардан оралатын мер­зімінде цирк ғимаратындағы аңдар тұратын жайларды, қора­лар­ды, торларды жөндеп, ың­ғайлы жай жасауды да жоспар­лауда. Бүгінде мұндағы жануар­лардың жағдайы, күтімі жақсы. Жұмысшы топ өз міндеттерін атқарып жүр. Жануарларды үйретуші  Жанат Қалметова манеждегі арыстандар Лео мен Симбаны 3 айлығынан бастап  асыраған. Олар бүгінде бір-біріне қатты бауыр басқан.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы