Сайлауалды бағдарлама Түркістан өңірінің дамуына тың серпін береді
Сайлауалды бағдарлама Түркістан өңірінің дамуына тың серпін береді
243
оқылды
Жуырда еліміз кезекті демократиялық белеске шықты. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілді. Бұл саяси додаға «Nur Otan» партиясы үлкен дайындықпен қатысып, жеңіске жетті. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жаңғырту бағытындағы тапсырмалары орындалып, жүйелі жұмыс атқарылды. Республика бойынша 216 сайлауалды бағдарлама әзірленді. Бірде-бір облыс, қала, аудан бағдарламадан шет қалған жоқ. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалұлы өз парақшасында алдағы міндеттер туралы баяндады. «Партиямыздың депутаттық корпусы алғашқы күннен бастап сайлауалды уәделерді іске асыруға кірісті. Біздің сайлауалды басымдықтарымыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша қалыптастырылды. Тек праймериз барысында ғана біз азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жинадық. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы 42 мыңнан аса аманат түсті. Олардың 65%-тен астамы аймақтық бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» депутаттары әрбір өңірде, қала мен ауданда барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуі тиіс», – деді Б.Қыдырғалиұлы. Түркістан облысы бойынша да 17 сайлаулды бағдарлама әзірленді. Әрбір аудан, қаланың өз жоспары бекітілді. Жол картасы әзірленіп, депутаттарымызбен тиісті жұмыстар жүргізілді. Біз әрбір аудан, қаланың өзекті проблемаларын сараптап, оны бағдарламаға енгіздік. Үгіт-насихат кезеңінде Түркістан облысының сайлауалды штабтарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 2256 ұсыныс пен аманат келіп түсті. Оның 21 пайызы әлеуметтік қолдау, 14,5 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты. Сонымен бірге ұсыныс-тілектердің 14 пайызы тұрғын үй және жер мәселесін көтерсе, жұмыспен қамту мәселесі бойынша да аманаттар келіп түсті. Ұсыныстар мен аманаттар партиялық бақылауға алынды. Оның біразы сайлауалды бағдарламаға енгізілген. Енді біз осы бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша нақты істерді қолға аламыз. Бүгінде Түркістан облыстық мәслихатында «Nur Otan» партиясының 37 өкілі бар. Біздің фракция басым дауысқа ие әрі осы сенімнің құны жоғары екенін терең түсінеді. Жалпы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарды қосқанда облысымызда «Nur Otan» партиясы 320 мандаттың 80 пайызын, яғни 263 орынды иеленді. Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 60%-ке жаңарды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын таныстырғанда бізге нақты міндеттер жүктеді. Бағдарламаны орындау – назарымызда. Алдағы 5 жылда Түркістан облысын 7 бағыт бойынша дамытуды жоспарлап отырмыз. Олар: 1. Экономикалық тұрақты аймақ; 2. Жайлы аймақ; 3. Әлеуметтік бағдарланған аймақ; 4. Жастарға арналған аймақ; 5. Мәдениеті мен тарихы бай аймақ; 6. Ашық және есеп беретін жергілікті органдар; 7. Қауіпсіз аймақ. Өңірде туризмді дамыту арқылы туристер санын 1,5 есеге көбейту, яғни, 2 миллионға жеткізу жоспарланған. Ол үшін түркістан қаласы мен өңірдегі өзге де туристік нысандарға қолдау күшейеді. «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейін 124,9 мың жаңа жұмыс орнын (жылына орта есеппен 24,9 мың) ашу міндетін қояды, оның ішінде 67,5 мың тұрақты. Нәтижесінде облыс бойынша орташа жалақыны 149,4 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жоспарлар бар. Өңір жұртшылығын сапалы жол мен таза ауыз сумен, «көгілдір отынмен» қамту мәселесі де басты назарымызда болады. Нұротандықтар өздеріне жүктелген жауапкершілікті біледі және осы бағытта жұмыс жүргізеді. Әрбір депутатқа тиісті тапсырма беріліп, жұмыс жоспары түсіндірілген. Халық қалаулылары жергілікті атқарушы билікпен бірге ел сенімін ақтауға бар күшін салады.

Бейсен Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі