«Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында партияның сайлауалды штабында белсенділік танытқан өңір азаматтары партия төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатымен марапатталды. Марапаттау рәсімі Қазақстанның Әнұранымен басталды.
Салтанатты жиынды ашқан «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков осы жолғы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауында сайлаушылардың партияға деген сенімі арта түскені анық байқалғанын атап өтті. – Бұл жолғы сайлау бұрынғылардан мүлде өзгеше форматта өтті. Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін барынша пайдалана алдық деп есептеймін. Еліміздегі үлкен саяси науқан өткен жылдың 21 қазанынан басталып, 2021 жылдың 10 қаңтарында мәресіне жетті. Шығыс Қазақстанда сайлаушылардың 84,45 пайызы «Nur Otan» партиясын жақтап дауыс берді. Соған орай, облыстық мәслихаттағы 38 депутаттық мандаттың 32-сін «Nur Otan» партиясы иеленді. 13 қаңтар күні Саяси кеңестің бюро отырысы өтіп, онда депутаттарға депутаттық мандат берілді. Қазір халық қалаулылары қызметтеріне кірісіп кетті. Атап өтерлігі, сайлау науқаны барысында ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Барлық іс-шара заң аясында өтті, – деді Олег Чугунков. Содан соң ол сайлау кезінде белсенділігімен көзге түскен белсенді азаматтарға партия төрағасының алғысхатын табыс етті. – Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында нұротандықтардың ел азаматтарымен бірлесе қол жеткізген бұл жеңісінің халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің орнықты дамуы үшін маңызы ерекше. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларын іске асыруда табандылық таныта беретініңізге сенемін. Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, амандық, бақ-береке тілеймін! – деп жазылған Елбасының алғысхатында. Елбасының алғысхатымен марапатталғандар қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті, облыстық мәслихат депутаты Әсем Мамутова, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жасұлан Шаймарданов, Қазақстан Жазушылар одағының Семей қалалық филиалының директоры Мерей Қарт және «Бота» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Қожахметов секілді бірқатар азаматтар бар. Айта кетейік, Елбасының алғысхатымен марапаттау рәсімі еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып жатыр.Әбілмансұр ЖАСАН