Ақтөбелік дәрігерлер 3D принтердің көмегімен пластикалық таңғыш ойлап тапқан. Олардың айтуынша, аталған таңғыш гипсті алмастыра алады.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің практикалық дағдылар орталығы жаңа жобаны таныстырды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, мұндай затты жасауға студенттер құлшыныс танытқан. «Былтыр студенттер жаңа жобаны қолға алып, іске асыру үшін түрлі әдісті қолданды. Алдымен жұқа, жіңішке лангет шықты. Тез сынғыш дүниені қалың етіп, қайта жасатты. Бірақ қысқа лангет дайындалған. Сөйтіп, ұзындығы қайта қаралды. Бір жыл уақытымыз осы жұмысқа кетті. 3D принтер травматология бөлімшесіндегі науқастар үшін ыңғайлы таңғыш жасаудың жолы әрі қарай жалғасады. Қолға ғана емес, аяққа да салуға болады. Балалар үшін ыңғайлы», – деді БАҚ-қа берген сұхбатында практикалық дағдылар орталығының қызметкері Алма Елубаева. Мамандардың сөзінше, жүгеріден жасалған пластик таңғыштың бір данасын дайындау үшін 6-7 сағат уақыт қажет. Гипс салмағы 1-1,5 келі болса, лангеттің салмағы 50 грамм. М.Оспанов атындағы БҚМУ оқытушысы, практикалық дағдылар орталығының басшысы Ерболат Ізтілеуовтің айтуынша, лангет гипске қарағанда рентген өткізгіш. Олар бірнеше нұсқасын дайындап, клиникалық сынамадан өткізуге жіберген. Жақында дәрігерлер қай нұсқаның оңтайлы екенін айтады. Кемшін тұсы өңделіп, қайта тексеріледі. Яғни, өте ұзақ процесс. Алдағы уақытта мамандар бірнеше данасы жергілікті ауруханалардың травматология бөлімшесіне береді.Айбике ЖАНАСЫЛ