Қордай қақтығысы: бөлінген қаржы қайда жұмсалды?
Қордай қақтығысы: бөлінген қаржы қайда жұмсалды?
360
оқылды

Өткен жылдың өзекті өрте­ген оқиғаларының бірі Қор­дай қақтығысы еді. Ақпан айын­да ауыл ағайындарының ара­сында туындаған  кикілжің­нің  соңы  қайғылы оқиғамен аяқ­талды. Базбіреулер бұл жайт­ты  пайдаланып,  ұлт араз­­дығын қоздыруға тырыс­қанымен, билік дер кезінде бәрін баса білді. Сондай-ақ ауданға бұрын-соңды бол­маған миллиардтаған қаржы бөлініп, тұрғындардың тұрмы­сы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Сонымен, бір жыл ішінде Қордайдағы халықтың жағдайы қаншалықты өзгерді? Қаралған миллиардтаған қар­жы қайда жұмсалды?

4 630 жаңа жұмыс орны құрылды

Қордайдағы қақтығыс кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында  65 нысан зардап шеккенін ел жақсы біледі. Оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысан болса,  сондай-ақ   47 жеңіл, 9 жүк көлігі, 2 трактор және 4 тіркеме сынды 62 автокөлік зақымданды. Аталған нысандарды қалпына кел­тіру мен Қордай ауданын қолдауға былтыр бұрын-соңды болмаған  35,1 миллиард  теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылды. Оның ішін­де  «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұр­лы жер» бағдарламаларын жүзеге асы­ру мақсатында құрылыс-жөн­деу жұмыстарына 21,8 миллиард тең­ге қаралды. Сол арқылы аудан бо­йынша 3 мектептің жаңа құ­рылысы қолға алынып, 5 көпқабат­ты тұрғын үйдің, 6 ауызсу жүйесінің, 7 инженерлік инфрақұрылымның, 4 спорт кешенінің, 4  қазандықтың, 6 елді мекеннің  газдандыруы мен  4 мектептің күрделі жөндеуі жүр­гізілді. Сондай-ақ  6 денсаулық сақ­тау нысаны, түрлі деңгейдегі 274 жол, 2 әлеуметтік  қызмет ғимараты  мен  2 су қоймасы жөндеу көріп, 45 демалыс орны абаттандырылды Жекелей айтсақ,  жобалар аясында 4 630 жаңа жұмыс орны құрылып, оның 2 279-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясын­да бөлінген қаржыға 13 құрылыс жо­басы іске асса, одан бөлек тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары саласы бойынша 198 жобаға жан біткен. Ал республикалық Үкімет ре­зерві есебінен 101 жобаға 2 мил­лиард  теңге бөлініп,  оның 1,9 мил­лиард  теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар  об­лыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы арқылы 73 миллион теңгеге 3 дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Қордай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сында 1 834 миллион  теңгеге 24 жоба іске асса,  аудан орталығында  884,5 миллион  теңгеге 21 көше (52,8 шқ) орташа жөндеудан өткен. Сонымен қатар  Қордай, Отар және  Бетқайнар ауылдарында типтік спорт кешені ел игілігіне  берілді. Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдар­лама­лары аясында 7 594,1 миллиард  теңгеге 25 ірі құрылыс жобасы қолға алынды. Оның ішінде  13-і  жаңа құрылыс болса, 8 күрделі және  4 орташа жөндеу жұмыстары.

15 үй салынып, 70 жыл күткен көгілдір отын кірді

Ауданда баспанаға мұқтаж аз қам­тылған және көпбалалы от­басы­ларды тұрғын үймен қам­тамасыз ету мақсатында асар жасау арқылы 15 үй салып, барлығында қоныс тойы тойланды. Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқа­бында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерсе,  дәл осындай 5 қабатты үй елді мекеннің  «Шығыс» алқа­бынан да салынды.  Ал  Қаракемер ауылында қолға алынған комму­налдық пәтерлердің құрылысы Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқ­талып, 20 коммуналдық пәтер кілті кезекте тұрған, көпбалалы отбасы­ларға және жас мамандарға сал­танатты түрде  табыс етілді. Қордайда бүгінгі күнге  дейін 7,4 шақырым жол жаңадан салы­нып, 343,6 шақырым жол орта жөн­деуден өтті. Нәтижесінде аудан­дық маңызы бар автомобиль жол­дарының жақсы және қана­ғаттанарлық үлесі 90  пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелер 75 па­йызға жетті. Қаракемер, Масан­шы, Сортобе, Бұлар  Батыр,   Ау­қатты,  Қордай,  Әлжан ана, Қара­сай және  Еңбек сынды 9  ауылдың көшелеріне  100  пайыз  асфальт төселді. Қордайлықтар үшін көгілдір отын мәселесі 70 жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай кел­ген. Былтыр  бұл түйткілдің  түйіні тарқатылып,  22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 248 шақырым  жобаға 11 миллиард тең­гедей  қаражат қаралды. Нәти­жесінде, 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газға қосылып,  көгілдір отынмен  қамту үлесі 95 пайызға  жетті. Қордай ауданы тұрғындарын ауыз­сумен қамтамасыз ету мақ­сатында болса, 6 елді мекенге тір­шілік нәрін тарту үшін  2,7 мил­лиард  теңге бөлінді.   Соның ар­қа­сында тұрғындардың орталық­тандырылған ауызсуға  қосылу көрсеткіші  78 пайызды діттеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да  жалғасын таппақ.

Демеушілер демеп, қор да қамқорлық танытты

Өткен жылғы Қордай оқи­ғасынан кейін зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына келсек,  бүгінде әйнектері сынған 103 нысан  де­меу­шілер есебінен жөнделді.  Сон­дай-ақ  «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес 213 миллион  теңгеге 54 өртенген нысан (41 үй, 13 кәсіп­керлік)  толықтай  қалпына кел­тірілді. «Қызыл сызық» ережесін бұзған 25 нысан бұзылып, Масаншы ауылын­да демеушілер есебінен са­лын­ған шағын футбол, стрит­воркаут, балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Одан бөлек, ауыл тұрғындарына арналған дем­алыс аллеясының құрылысы аяқ­талып,  ел игілігіне қызмет етуде. Бұдан бөлек, Қаракемер ауылын­дағы демеушілер есебінен дә­рігер­лік амбулатория мен шағын футбол, стритворкаут алаңшалары­ның құрылысы аяқталып  қойса, Күнбатыс-1 ауылындағы меди­цина­лық пунктін қабылдау жұмыс­тары жүргізілуде. Қордай

Қаржы арқылы мәселе шешілсе игі...

Сөз басында айтқанымыздай, Қордай ауданына  былтыр  35 млрд теңге бөлінді. Бұл – бір аудан үшін  өте мол қаржы. Білетіндер  бір жыл ішінде  еліміздегі бірде-бір ауданға осыншама мол қаржы бөлінбегенін алға тартады. Тіпті, 70 жылда жасалмаған істі бірнеше айдың ішінде тындырдық. Газ тартуды айтамыз.  Алайда  этносаралық жанжал сипатын алған  оқиғаның  астары тек әлеуметтік мәселеде жатыр ма? Қаржы құю  түрлі этнос өкілдерінің бір өңірге шоғырланып,  елдің өзге өңірлерінен оқшау­лануына, сөйтіп  іштей тынып тіршілік етуінен туындауы мүмкін  мәселелерді шеше ала ма? Мәселе осында. Мемлекет қаржы құйып жат­қаны­мен, біз әлі күнге  түрлі шие­леністердің түп-төркіні мен шынайы себебін толық білдік  дей алмаймыз.  Демек, мәселені тек қаржымен  шешу  біржақты ғана сипаты бар амал болуы мүмкін.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы