Еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі жыл өткен сайын артып, Қазақстанның бейбітшілік пен тыныштыққа, ынтымақ пен татулыққа негізделген қадамдары көпшіліктің назарын аударып келеді. Оған барша қазақстандық өз үлесін қосты. Әсіресе, еліміздің заң шығарушы органы – қос палаталы Парламенттің мемлекеттің өркендеуіне сіңірген қызметі зор.
Биыл еліміз үшін айтулы күндердің көптігімен ерекшеленеді. Бұл –Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. 30 жыл бұрын Қазақстан өз алдына мемлекеттілігін жариялады. Сондай-ақ биыл Қазақстанның қос палаталы Парламентінің құрылғанына 25 жыл. Парламент депутаттарын өздері сайлағанымен, сайлаушылардың көпшілігі үшін заң шығарушы органның тарихы беймәлім боп жатады.
Заң шығару билігінің ең жоғары өкілді органы саналатын Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, депутаттардың құқықтық жағдайы 1995 жылғы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Қазақстан Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңымен және басқа да заңнамалық актілермен регламенттеледі. Соған сәйкес халық қалаулылары, ең алдымен мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін және еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін заңдардың қабылдануын қамтамасыз етеді. Дайындалған заң жобасын алдымен Парламент Мәжілісінің депутаттары талқылап, ұсынылған жобаның тиімділігі мен кемшілігін анықтауы тиіс. Егер еліміздің мемлекеттік құрылымына кереғар ұғымдар мен ұлт болашағына теріс әсер ететін ережелер орын алса, қабылданбай, кері қайтарылады. Ал ел мен жердің игілігіне, халықтың қажетіне жарайтын заң жобалары бірауыздан қабылданып, Парламент Сенатының қарауына ұсынылады. Жоғарғы палата қабылдағаннан кейін заң жобасы Президенттің қол қоюына жіберіледі. Жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық құжаттарда Парламенттің өкілеттігі бірінші сессиясы ашылған сәтте басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталатыны, Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалатыны, Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Конституциясында көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін екені анық жазылған.
Енді Сенат пен Мәжіліс құрамын қалыптастырудағы бірқатар ерекшелікті байқауға болады. Мысалы, Сенат құрамына әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстанның астанасынан екі адамнан сайланады. Оларды облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының жергілікті өкілді органдарының депутаттары сайлайды. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделердің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, 15 депутатты республика Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл, олардың жартысы әрбір 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенатты мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың арасынан жасырын дауыс беру арқылы палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Президенті ұсынады.
Барлығы 107 депутаттан тұратын Мәжілістің 98 депутаты саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша, жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады, тағы 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы анықтайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Кезекті Парламент сайлауы жұмыс істеп тұрған Парламент Мәжілісі шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталардан кемінде 2 ай бұрын өткізіледі. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды палатаның депутаттары ұсынады.
Қос палаталы Парламент депутаттарын сайлаудың тәртібі, міне осындай. Бұл, ең алдымен халықаралық қауымдастықтың талабынан туындаған тәртіп екені белгілі. Дегенмен бізге керегі осы жылдар ішінде Парламент депутаттары қараған, талқылаған, қабылдаған заң жобаларының маңыздылығы деп есептеймін. Себебі қысқа болса да ширек ғасырлық уақыт біздің тарихымызды құрайды. Ал 1995 жылдан бері Парламент Мәжілісінде мемлекеттің игілігі мен қажеттілігі үшін көптеген заң жобаларын талқылаудан өткізген депутаттардың қатарында Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов, Ғани Қасымов, Амангелді Айталы, Серікболсын Әбділдин, Оразалы Сабденов, Ғалым Байназаров, Серік Әбдірахманов, Орал Мұхамеджанов, Сергей Дьяченко, Ирак Елекеев, Камал Бұрханов, Алдан Смайыл, Қуаныш Сұлтанов сияқты қоғам қайраткерлері, Мырзакелді Кемел, Өмірбек Жолдасбеков секілді зерттеуші ғалымдар, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Арғынбай Бекбосын сынды белгілі қаламгерлер, қазақтың батыр ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Абай Тасболатов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, әнші Нұрлан Өнербай мен Бекболат Тілеухан, актер Құдайберген Сұлтанбаев, мемлекет және саяси қайраткерлер Рамазан Сәрпеков, Серік Сейдуманов, Азат Перуашев, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина сынды тұлғалар еңбек етіп, болашақтың жарқын болуы жолында аянбай тер төкті. Олардың әрқайсысы өздері сайланған шақырылымның атын асқақтатып, әділеттілік пен адалдық жолында барынша ашық қызмет етті. Солардың қатарында Парламент Мәжілісінде І шақырылымдағы депутат болған Ермек Келемсейіт ағамыздың бір әңгімесі естен кетпейді.
Ауылшаруашылық саласына салынатын салық мөлшерін 50 пайыздық үстемеге жеткізу туралы заң жобасы Парламент қабырғасына талқылауға келгенде, халық қалаулылары бастаманың ауырлығын, қиындығын айтып, әрбір өңірден бір шаруа қожалығының табысы мен шығынын қатар есептету арқылы дәлелдеу керегін алға тартады. Сол тұста Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған Ермек Әбілмәжінұлы Алматы, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарына арнайы іссапармен барып, жер емген диқандардың жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысып қайтады. Іссапардан келген соң салынатын салық мөлшерін 50 пайызға көтерудің тиімсіздігін, тіпті қауіптілігін дәлелдеп береді. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, төрт түлігі мен құнарлы жерден өнім алған еңбек адамдарының қажырлы еңбегі мен аз табысына салынатын салық мөлшері 10 пайыздық деңгейде қалдырылады. Міне, әрбір заң жобасын тәптіштей оқып, астарлы ойы мен келтіретін шығынын назарға алатын әр депутат осылайша еңбектенеді. Бұл халық қалаулысының өз аузынан естіген әңгіме. Ел білмейтін, ешкім естімеген ондай оқиға көптеп саналады. Сондықтан қос палаталы Парламент қабырғасында еңбектенген әрбір депутатқа артылған жауапкершілік жүгі орасан екенін ұмытпауымыз керек.
Ал Жабайхан Әбділдин, Бірғаным Әйтімова, Өмірбек Бәйгелді, Әділбек Жақсыбеков, Гүлжан Қарақұсова, Өмірзақ Озғанбаев, Болат Тәкенов, Иван Щеголихин, Оралбай Әбдікәрімов, Нұртай Әбіқаев, Зәуреш Батталова, Шәмша Беркімбаева, Светлана Жалмағамбетова, Уәлихан Қайсаров, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мұхтар Алтынбаев, Ғарифолла Есім, Қайрат Мәми, Әділ Ахметов, Әли Бектаев, Аңсар Мұсаханов, Нұрлан Оразалин, Рашид Түсіпбеков, Қайрат Қожамжаров секілді елімізге белгілі қайраткерлер Парламент Сенатында Мәжіліс талқылауынан өткен әрбір заң жобасын мұқият қарап, түйткілді мәселелері болса талқылап, қажет болса қайтарып отырды. Сондай қажырлы еңбектің арқасында еліміздің болашағы мен бүгінгі күннің қажеттілігіне керекті салалардың жұмысы жанданып, кереғар тәртіп пен ереже түзетіліп келгені анық. Олардың осындай сырт көзге көрінбейтін аса жауапты жұмыстарды атқарып жатқанын жасыра алмаймыз.
Ендеше биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған Қазақстан Парламентінің бұрынғы және қазіргі әрбір қызметкерін, барша елімізді айтулы мерекемен құттықтап, елімізге тыныштық, тұрақтылық, бейбітшілік, әрбір отбасына, олардың бала-шағаларына, өздеріне мықты денсаулық, ашық аспан, жарқын болашақ тілегіміз келеді. Ел мен жердің кемел келешегі үшін еңбектенген қызметтеріңіз табысты да абыройлы, әрбір істеріңіз тиімді де пайдалы болғай!