Енді Шымкенттің қоғамдық көлік жүргізушілері сыпайы болуды үйренеді. Олар үшін арнайы тәлім-тәрбиелік курс өткізілмек.
Соңғы уақытта жолаушылар тарапынан автобус жүргізушілерінің дөрекілігі жөнінде арыз-шағым көбейіп кеткен. Тұрғындар сұрағына дұрыс жауап қайтармай, бір-бірімен жарысып, тіпті жаға жыртысуға дейін баратын шымкенттік жүргізушілердің әлеуметтік желіде талай «жұлдыз» болғаны белгілі.
«Енді әдеп курсынан өткен соң тәртіпке көнбесе, жұмыстан шығаруға тура келеді», - дейді диспетчерлік қызмет орталығының мамандары.
Автобус жүргізушілері, сондай-ақ психология негіздерін оқып, алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгереді. Жолаушылар жаңа бастамаға жүгенсіз жүргізушілерді сабасына түсіреді деп үміт артып отыр.
– Жүргізушілердің дөрекілігі жөнінде жолаушылардан түскен арыз-шағым толастар емес. Кондукторлардың да тәртібі жетісіп тұрған жоқ. Сол себепті осы оқу орталығын ашуды қолға алдық, – дейді «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ басшысының орынбасары Дархан Қуанышбеков.