Олар ол жаққа асыққан жоқ...
Олар ол жаққа асыққан жоқ...
5,106
оқылды

Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстары мен достары, әріптестері әлеуметтік желілерде марқұмдар туралы естеліктерін жариялап жатыр. Азалы естеліктердің үзіндісін жариялауды жөн көрдік.

«Генералдар кеңесі» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров ту­ралы шәкірті Талғат Қаналы бы­лай дейді:

«Бүгін қайғылы әуе апатынан ұстазым, есімі үлкен әріппен жа­зуға лайық нағыз офицер Рүстем Есімханұлы қаза тапты. Әкем өмірден өткен соң маған әкемдей қамқор болып еді. Мен оның энергиясына таңғалатын­мын, қаншама қала мен елдерде өтетін түрлі іс-шараларға ұшып жүретін. Рүстем ағамен көптеген тарихи маңызы бар шараларға бірге қатысу бақыты бұйырған тағдырыма ризамын. Ағаның арамыздан алыстап кеткенін ойлау қандай қиын. Иманды болсын».

Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы Арман Исина туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды:

«Қазақстан медицинасы ауыр қайғыны басынан өт­ке­руде. Әріптесіміз, акушер-гине­колог Арман Исина қаза тапты. Ол Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы болатын. Медициналық-са­ни­тариялық алғашқы көмек ма­ман­дарына созылмалы ин­фек­циялық емес ауруға шал­дық­қан пациенттерді халықа­ралық та­лаптарға сәйкес емдеу тәсілдерін үйретіп жүрген еді. Арман Исина Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еліміздегі әртүрлі денсаулық сақтау ұйымдарында, атап айт­қанда Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінде және халықара­лық денсаулық сақтау ұйымда­рында жұмыс істеді. Бұл бар­лығымыз үшін, әсіресе әріп­тесі­міздің отбасы үшін өте ауыр және орны толмас қайғы».

Кәсіпкер Бауыржан Қалиев (41 жас) туралы қарындасы Алинаның естелігі: «Менің ағам Бауыржан өте ақылды еді. Мек­тепті алтын медальмен, уни­верситетті дипломмен бітірді. ІІМ-де тергеуші болып істеді, кейін бизнеске кетті. Отбасылы, үш баласы бар. Бауыржан ба­лаларының лайықты өмір сүргенін қалайтын. Мұндай жағдай болады деп кім ойлаған? Ол Нұр-Сұлтанға жұмыспен барып, кешке Алматыға оралуы тиіс еді...»

Қазақ ұлттық универси­тетінің 4-курс студенті Сәния Аманжол (21 жаста) туралы сыныптас құрбысы мынадай естелік қалдырыпты:

«Сәния ашық-жарқын адам болатын, достарын жақсы көрді. Оны бала кезден білемін, ол туралы ойлағанда, үнемі күліп жүретіні еске оралады. Соңғы уақытта құрбыларымен жиі саяхатқа шықты. Жоспары көп еді... Бақиға ерте аттанғанын қабылдау өте қиын».

Кәсіпкер Николай Асташовтың (49 жаста) компа­ниясы ақпараттық технология­лар саласына қызмет көрсеткен. Көпшілік оны балық спорты­ның шебері ретінде жақсы бі­леді екен. «Ол балық аулағанды жақсы көретін, балықшылар бір-бірін жақсы таниды. Фо­рум­дарды әңгіме-дүкен құрады. Екеуміз бір балықшылар клубын­да мүше едік. Ол балық аулаудан өтетін ірі респуб­ли­калық ресми жарыстарда үнемі жеңімпаз болып жүретін. Дос­тары көп еді, шетелдік балықшы спортшылар жақсы танитын. Табиғатты өте жақсы көрді. Бос уақытын тауда, өзен-көлде өткізетін», – дейді досы Мәди.

Ұшақ апатынан көз жұмған­дардын қатарында Informburo.kz порталының редакторы Дана Круглова да бар болып шықты.

«Ол нағыз журналист еді. Мақалалары үнемі талқыға тү­сіп, редакцияның бар қыз­меткеріне үлгі болып жүретін. Қаңтар айында шы­ғарушы редактор болып, 1 жел­тоқсан күні журналистік зерттеу бөлімін басқарды. Ол адал, өжет әрі объективті еді. Бұл біз үшін орны толмас қаза», – деп жазды ақпараттық порталдың бас редактор Михаил Дорофеев.

Дана Круглова 1984 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетін жур­налистика мамандығы бойынша тамамдаған. Дана жаңа жылды Нұр-Сұлтандағы ата-анасымен қарсы алу үшін елордаға ұшқан.

34 жастағы Абай Нұрбеков электрик болып еңбек еткен. Көршісінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты бойынша, ол Арқалықтағы ата-анасына бару үшін отбасымен бірге ұшаққа отырған. Бұл оның соңғы са­пары болды. Әйелі Нағима мен төрт баласы аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр.

Ұшақ капитаны Марат Мұратбаев (58 жас) 1961 жылы 7 наурызда дүниеге келген. ATPL № 000179 капитан куәлігінің жарамдылығы 2024 жыл 26 сәуірге дейін. Ол тірі қал­ғанда әуе кемесінде 2024 жыл­ға дейін ұшушы еді. Сы­ныпт­асы Виталий Хеннің айтуын­ша, Марат мамандығын өте жақсы көрген. Ешкімге дө­рекі сөйлеп көрмеген, жұмыста да, отбасында да абыройлы бола білген. Вице-премьер Роман Скляр да Марат Мұратбаевты тәжірибелі ұшқыш деп бағалады.

Бір нәрсе анық, естелік ав­торларының ешқайсысы да туыстарын әуежайда шығарып салып тұрып, азалы естелік жа­замын деп ойламаған-ды. Трапқа табан іліктірген жа­қындары да бақи жаққа асыққан жоқ...


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ