66 жастағы петропавлдық азамат алаяққа алданып, есепшоттағы ақшасынан айырылды
66 жастағы петропавлдық азамат алаяққа алданып, есепшоттағы ақшасынан айырылды
184
оқылды

Polisia.kz-тің мәлімдеуінше, бүгінде киберқылмыскерлер айла-тәсілдерін түрлендіруде. 66 жастағы петропавлдық алаяққа алданып, 2 миллион 700 мың теңгесінен айырылды.

Қылмыскер өзін телефон арқылы банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырып, клиенттің шотынан белгісіз біреу ірі көлемдегі соманы алмақ болып жатқанын айтқан. Транзакцияға жол бермеу үшін банк картасының пин-кодын сұраған. Ер адам БАҚ-тан алаяқтардың әрекеттері жайлы білсе-дағы қылмыскер клиенттің шотында жатқан соманы және оның соңғы уақытта қандай қаржы операциясын жасағаны туралы айтып, арбауына түсірген. Бұл сөздерге сенген ол пин-кодын жайып салып, бар жиған-терген қаражатынан айырылған. Одан соң полицияға жүгінген. Петропавл қаласы ПБ Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері аталған фактіні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

– Бұл жағдай бірлі-жарым емес. Алда қылмыскерлердің нақты мәліметті қайдан алғанын анықтау керек. Әзірге алаяқтардың құпия ақпаратқа қандай жолмен қол жеткізгенін білу қажет. Сенімге кіру үшін олар клиенттің есімі мен жасын, ЖСН мен үйінің мекенжайын, банктегі шотының жағдайын айтады. Енді ақшаға қолжеткізу үшін оларға картаның пин-коды немесе sms-хабарламадан бір реттік құпия сөз қажет. Бұл мәліметтерге алу үшін олар психологиялық қысым көрсетеді. Банкке жеке хабарласпауына сенімді түрде кеңес береді, – деді екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов.

Нақты банк қызметкерлері телефонмен клиенттерден құпия деректерді ешқашан талап етпейтінін естен шығармаған жөн. Күдік туғызған қоңырау шалған уақытта сөйлесуді бірден доғарып, банкке жеке жүгінген дұрыс немесе ресми сайтта көрсетілген Call-орталыққа хабарласу қажет.