Жерлесіміз Данияр Қожан Нью-Йоркте қазақ тілінде ақпарат тарататын радио бағдарлама ашты. Қазақ тіліндегі радио Нью-Йорктегі орыс тілінде тарайтын "Freedom Fm" радиосында екі сағат эфирге шығып отырады.
Бірнеше күн бұрын алғашқы эфир өтті. Қонақ ретінде Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулы Алмат Айдарбеков, сондай-ақ Нью-Йорктегі алғашқы қазақ полицейі Димаш Ниязов шақырылды.
"Бәрімізге белгілі, қазіргі әлемдегі радионың рөлі әлі де үлкен. Ол әлі де тұтынушыға жақын және қарқынды дамып келе жатқан БАҚ. Америкада Қазақ радиосының эфирін аштым. Біз шетелде Қазақстанды сағынамыз. Бұл туралы ойлана келе таңдауым айқын болды. Мен Қазақстанның дауысын барлық АҚШ-қа жеткізіп, қазақ тілінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді", - дейді Данияр Қожан.
Радио шетелдегі, атап айтқанда АҚШ-тағы қазақтардың өмірі туралы хабар таратады. Сондай-ақ Қазақстан мен Американың жаңалықтары туралы хабардар етіп отырады. Радио эфирінде Данияр Қожан туған өлке туралы тың деректерді баяндайды.