Шығыны мол «Нұрлы Әлем»
Шығыны мол  «Нұрлы Әлем»
238
оқылды

Нұр-Сұлтандағы «Нұр Әлем» сферасының биылғы табысы, тіпті жылдық шы­ғы­нын да жаппай қалған. Тек ғимараттың комму­нал­дық және техникалық қызметінің өзі 527 млн тең­геге шыққан. Осының анық-қанығын, жалпы «Астана EXPO – 2017» ұлттық компа­ния­сының қай нысаны өзін-өзі ақтап отыр­ғаны, қайсы­сын әлі мем­лекет қаржы­лан­­ды­рып отыр­ғаны туралы Премьер-Ми­нистр мәлімет берді.

Жақында ғана «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы атауы QazExpoCongress ұлттық ком­паниясы болып өзгертіліп, Қа­зақстанның Сауда және инте­грация министрлігіне берілді. Енді онда еліміздегі маңызды мем­лекеттік және квазимемле­кеттік халықаралық сауда-эко­но­микалық шараның барлығы өткізіледі.

Биылғы қабылданған шешім бойынша Ұлттық компанияда 2015-2024 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясы бекітіліп, нақты бағыттары ай­қындалды. 2018 жылдан бастап ны­сандардың аумағын кеңейту­мен бірге, жұмыс істеуге қолайлы ету өзгерісі жүргізілуде. Қазір EXPO нысандарының жалпы ауданы 100 мың шаршы метрге ұл­ғайтылды. Қайта құру жұмыс­тары аяқталғаннан кейін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Астана IT универ­ситеті, IT-стар­тап­тардың ха­лықаралық техно­ло­гиялық паркі, Астана хабы, Жа­сыл тех­нологиялар мен инвес­ти­циялық жобалардың халықаралық орталығы және EXPO бизнес ор­талығы жұмыс істей бастады. Қа­зіргі уақытта EXPO-ның биз­нес ор­талықтарға толуы 36 па­йызға жетті.

Премьер-Министр Асқар Мамин­нің мәлімдеуінше, страте­гия бойынша 2021 жылдан бастап жоспарланған шараларды өткізу­де шығынға батуға жол бермейді. Мысалы, өткен жылы компанияға 319,8 млн теңге пайда түскен. Алайда биылдың өзінде «Нұр Әлем» сферасы 325 млн теңге кіріс тапқанымен, шығыны 527 млн теңгеге шық­қан.

«Биыл «Нұр Әлем» сферасы шығынын тек 64 пайызға ақтады. Мысалы, коммуналдық және техникалық қызметтің шығыны 527 млн теңгеге шыққан. Ал оның жылдық табысы жоспарлы түрде 325 млн теңге. Конгресс орталық та өз шығынын 53 пайыз ға­на ақтап отыр. Ондағы комму­налдық және техникалық қыз­меттің шы­ғыны 437 млн теңге, ал жылдық табысы – 234 млн ғана. Осылар­дың арасында тек Astana Hub нысаны өз шығынын өтеп отыр деуге болады. Оның жыл­дық шығыны 572 млн теңге бол­са, табысы – 462 млн теңге», – деп мәлімдеді Асқар Мамин. Соған орай 2020 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) министрлер конферен­циясын өткізбекші. Ал оның ұйым­дастырушысы – «Астана EXPO – 2017» ұлттық компа­ниясы. Депутаттардың пікірін­ше, осындай ауқымды шаралар­ды өткізу Қазақстан үшін та­бысты болады.

Айта кетерлік нәрсе, бастап­қыда «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы Үкіметтің 2013 жылғы 15 қаңтардағы қау­лы­сы бойынша елдегі EXPO – 2017 халықаралық мамандан­дырылған көрмесін дайындау және өткізу үшін құрылған еді. Үш ай бойы өткен мамандан­дырылған көрме Халықаралық көрмелер бюро­сының қол­дауы­мен өткені белгілі. Оған 115 мем­лекет және 22 ха­лықаралық ұйым қатысып, әлем­дік оқиғаға айнал­ғаны тағы бар. Сол көрменің тұжырымдамасын талқылауда EXPO аумағы бірден жаңа бизнес орталыққа айналады деп шешкен екен. Міне, сол жер­де бірегей экожүйеде орналасқан мемлекет үшін маңызды жаңа ұйымдар құрылатын болған. Тіп­ті, компа­нияның коммер­ция­ландыру депар­таментінің директоры Дәулет Еркімбаев «Көрме үшін тұр­ғы­зылған павильондар, әу басында кеңсе ретінде жасақтауға қо­лайлы етіп жобаланған» деген еді.