Ақмола облысында коронавирусқа қарсы вакцина егу басталды
Ақмола облысында коронавирусқа қарсы вакцина егу басталды
175
оқылды

Ақмола облысында алғашқы лекпен 200 ақ халаттылар коронавирусқа қарсы вакцина қабылдамақ. Алғашқылардың бірі болып облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов вакцина қабылдады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Таңғы оннан басталған індетке қарсы екпе егу Көкшетау қаласында №1 қалалық емханада, облыстық аурухана жанындағы емхана мен орталық емханада жүзеге асырылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше Ақмола облысына «Спутник V» вакцинасының 1300 данасы жеткізілді. Дәрілер қазір «СҚ Фармацияның» арнайы қоймаларында сақталуда. Облыста екпе жасайтын арнайы 24 орын жабдықталған. Сонымен қатар вакцина егетін 1104 медициналық қызметкерлер арнайы дайындық оқуынан өткен. Олардың 273-і дәрігерлер болса, 831-і мейірбикелер болып қызмет етеді. Өңірде алғашқы вакцина егу жұмыстары Бурабай, Зеренді аудандарында басталмақ. – Облысқа 1300 дана вакцина жеткізілді. Арнайы тізім жасалып, алғашқы лекпен ертеңнен бастап 200 медицина қызметкерлері вакцина қабылдайды. Тізімді барлық жағдайларды қарастыра отырып жасадық. Олар қандай емханада екпе қабылдайтынын біледі. Емханаға келіп дене қызуын өлшеп, қолдарын антисептикпен өңдегеннен кейін дәрігердің қабылдауында болып, бәрі жақсы болса екпені қабылдайды, – дейді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов. Алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаған Нариман Сыздықовты әңгімеге тарттық. – Өзімді өте жақсы сезініп отырмын. Қысымды тексеріп көрді. Бәрі жақсы. Мынадай пейдж берді, онымен жарты сағат ішінде стационар бекетінде бақылаудан өтуге тиіспіз. Бәрі күткендегідей реакция болды. Аздап басым айналғандай, әлсіздік басқандай болды. Бірақ бәрі қалыпты. Үш күнге дейін шомылуға, алкогольдік сусындарды қолдануға болмайды. Екпе егілгеннен кейін үш күн дәрігердің бақылауында боламын, – дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов. Ведомство мәліметінше алғашқы кезекте инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, жансақтау, қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасы минус 18 градуста сақталады. Осыған сәйкес өңірде 4 мұзатқыш камера жабдықталған. Қажет болған жағдайда диапазоны минус 43 градусқа жетеді. Мұздатқыштардың жалпы сыйымдылығы 1,96 текше метрді құрайды. Бұдан бөлек, аймаққа жақын арада 37 мұздатқыш камера, 61 белсенді термо контейнерлер, 101 дана мұздатқыш элементтерін сатып алу жоспарланған. Облыстан аудан орталықтарына «Спутник V» вакциналары арнайы термо контейнерлерде жеткізілмек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы