Қазақстандықтар ПТР тесттен өткен-өтпегені және оның нәтижесі бойынша түс-түске жүктелетін болады. Бұл жайында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың айтуынша, аталған деректер «Ashyq» қосымшасында көрсетілетін болады. Қазір бұл жоба карантиндік шаралар кезінде қызметіне шектеу қойылған бизнес өкілдері арасында (spa-орталықтар, фитнес орталықтар, кинотеатрлар) пилоттық режимде іске асуда. Егер де осы орталықтарға баратын болсаңыз міндетті түрде QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсетуге тура келеді. Бағдарлама қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөлініп, ПТР тесттің нәтижесі бойынша көрсетіліп тұратын болады. Әр түстің мағынасы төмендегідей:
Қызыл түс – қозғалысты шектеу, карантиндік шараларды қатаң сақтап, үйде оқшаулануды білдіреді.
Сары түс – көпшілік жерлерде қозғалысына шектеу қойылу, яғни азық-түлік дүкендеріне және өзі оқшауланып жатқан жерден 500 метрге дейінгі жерде орналасқан дәріханаға баруға ғана рұқсат етіледі.
Көк түс – ПТР тест міндетті (мысала әуежайда) жерлерден басқа орындарда шектеу қойылмайтын жандар.
Жасыл түс – Ешқандай шектеу жоқ адамдар. Бұл адамдарда ПТР тест теріс нәтиже көрсеткен.
– Аталған бағдарлама карантиндік шаралар кезінде жұмысы тұралап қалған бизнес үшін және дені сау адамдарға қауіп төндірмеуге мүмкіндік береді. Егер келушілерде смартфоны болмаған жағдайда ЖСН арқылы немесе жеке куәлікте көрсетілген штрих код арқылы тексеруге де болады, – деп атап өтті министрліктегілер.