Екі көлік соқтығысып, 9 адам ауруханаға түсті
Екі көлік соқтығысып, 9 адам ауруханаға түсті
142
оқылды

Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, 9 адам ауруханаға жеткізілді.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 1 ақпан күні шамамен сағат 13.00-де Орал – Атырау жолы бойында болды. «Лада Ларгус» пен «Datsun» автокөліктері соқтығысты. Полиция қызметкерлері анықтағандай, «Лада Ларгус» автокөлігі қолайсыз ауа райына байланысты жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Содан «Datsun» автокөлігімен түйіскен.

Ақжайық аудандық орталық ауруханасының директоры Алмас Жүнісбековтің нақтылауынша, аудан орталығы Чапаевтан 30 шақырым жерде, Самал ауылы тұсында болған жол апатына сағат 13.05-те жедел жәрдем шақырылды. Екі көлікте барлығы 11 адам болған. Екеуі дәрігерге қаралудан бас тартты.

«Қалған 9-ы түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде 1 жасқа толмаған бала бар. Жағдайы бір қалыпты, бас миы жеңіл түрде шайқалған. Үш адам жамбас сынығымен түскен. Бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Облыстық санавиациямен травматолог шақыртылды», – деді А.Жүнісбеков.