Елордада соңғы 7 айда мониторингтік топтар карантин шараларының сақталуын қадағалау бойынша 5 000-нан астам рейд жүргізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
2020 жылғы 9 қазаннан бастап осы жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде мониторингтік топтар карантиндік шаралардың сақталуын қадағалау барысында 373 бұзушылық анықтады.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 12 қоғамдық мекеменің қызметі тоқтатылды. Олардың қатарында "Жаным сол", "Tequila" караоке-барлары, "Золото" мейрамханасы, "Echo", "Сторис", "Abba" лаундж-барлары, "Kango" батут орталығы, "GINZA" караоке-мейрамханасы, "Табыс" дүкені бар. Жоғарыда аталған мекемелердің қызметі 1 айға тоқтатылды. "Алания" түнгі клубы сот шешімімен 3 айға, "Respawn" компьютерлік клубы 2 айға жабылды.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларына карантинді бұзғандарға қатысты барлығы 2 519 материал келіп түсті. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 1 244 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар жалпы сомасы 239 589 700 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта жалпы сомасы 337 304 510 теңгеге 1 612 әкімшілік айыппұл өтелді.