Онлайн қабылдау өткізді
Онлайн қабылдау өткізді
246
оқылды

Карантин талаптарын сақтай отырып, ZOOM плат­формасы арқылы өткен қа­былдауда тұрғындар бас­пана, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, жер мә­се­лесін заңдастыру секілді көкейкесті сауалдарын Қызылорда облыстық «Nur Otan» партиясы филиа­лы­ның төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға тікелей жеткізді.

І топ мүгедегі Вениамин Иванов 10 жылға жуық уақыттан бері пәтер кезегінде тұр. Ол Қызылорда қаласынан өзінің кезегі бойынша пәтер алу мә­селесі тез шешілсе дейді. Ол үшін екіжақты әріптестік ар­қылы мүгедектерге тұрғын үй беру мәселесі бойынша арнайы бағдарлама жасалып, ипоте­калық пәтер алуға мүмкіндік жасалса, әсіресе екінші са­нат­тағы үй алуға мүмкіндік берілсе деген ұсынысын алға тартты. Облыс басшысы екіжақты әріп­тестік арқылы мәселенің қа­ралуын қолдайтынын білдіріп, бұл бағытта жұмыс істелетінін айтты. Ал ІІ топ мүгедегі Александр Ульяновский электрлік қо­ларбаға таңылғандықтан оны қуаттағыш батареялар мен орто­педиялық жастық қажет екенін айтты. Сонымен қатар медици­налық мекемелерге, сауда, қыз­мет көрсету орталықтарына мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін емін-еркін кіріп шығуына жағдай жасалса дейді. Батарея және ортопедиялық жастықпен қамтамасыз етуге қатысты өзге өңірлердің тәжірибелері зерде­леніп, мүмкіндіктер жасалатын болды. Тиімді ортаға қол жеткізу мәселесі бойынша оған тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеу ұсынылды. Қала тұрғыны Зауре Уксимба­ева І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар атынан өтініш айтты. Оның айтуынша, 2016-2017 жыл­дары облыста мүмкіндігі шек­теулі 33 адам КИК бағдарла­ма­сы арқылы ипотека­лық не­сие­мен үй алған. Бүгінде ипотекамен үй алған­дарға 80 пайыз субсидия беріліп жатыр екен. Алайда осы жеңіл­дік жоға­рыдағы үй алған азаматтарға қа­рал­маған, осыған ықпал жа­салуын сұрады. Мәселе, тиісті министрліктер арқылы зертте­летін болды. Қабылдауда болған зейнет­кер Күләш Алматшаева Қы­зылорда облысына еңбегі сіңген, танымал радио дикторы, «Сыр-Сұлу» ән-би ансамблінің жетекші-режиссері, «Қызыл­орда вальсі» әнін алғаш орын­дау­шы, ағасы Сәбит Жаңабаевқа өзі туып-өскен Қармақшы ауы­лынан немесе қаладан көше атауын беруді сұрады. Өтініш иесіне ереже баршаға ортақ екені, мәселе тиісті комиссиялар тарапынан зерделеніп барып шешілетіні түсіндірілді. Жалпы, қабылдауға келген азаматтардың барлығының ұсыныс-тілегін мұқият тыңдаған облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықова арыз-шағымдар мен ұсыныстың орындалуын қамта­масыз ету үшін тиісті орган бас­шыларына нақты тапсыр­ма берді.

Әбілмансұр ЖАСАН