Биылғы сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Nur Otan» партиясының өңірдегі фракциялары жұмысын бастап кетті. Соның ішінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен жүздесті.
Солардың бірі Түркістан облыстық мәслихатының жас депутаты Амалбек Өміртай Келес ауданында бірнеше тұрғынды қабылдап, олардың мәселесін тыңдады.
– «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек кешегі мәлімдемесінде әрбір фракцияның жұмысы назарда болатынын, өңірлерді дамытудың жол картасын әзірлеу қолға алынғанын айтты. Бұл ретте бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Еліміздегі ең үлкен саяси күш «Nur Otan» партиясы жұмысындағы ең негізгі принциптер – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік, өзара сенім, ашықтық. Сондықтан партиямыз сайлауалды бағдарламасында көрсеткен межелі нысандарын орындау үшін жұмысын бастап кетті. Бүгінде «Nur Otan» партиясы атынан мандатқа ие болған депутаттар барлық елді мекенде қоғамдық қабылдау өткізіп жатыр, – деді депутат Амалбек Өміртай.
Халық қалаулысы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен сайлауалды бағдарламаны жүйелі іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын, бұл бағытта міндеттерді сапалы әрі адал орындауға бар күш салу керегін атап өтті.
Айта кетейік, қазір Түркістан облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 320 мандат болса, оның 263-ін нұротандықтар иеленген.