«Халықтық ІРО» халыққа қайта оралмақ
«Халықтық ІРО» халыққа қайта оралмақ
124
оқылды

Қазақстан «Халықтық ІРО» жобасына қайта оралатын бол­ды. Бұл тетікті билік мем­ле­кеттік ірі активтерден ха­лыққа үлес тарату ретінде дә­ріп­тегені мәлім. Алайда бұ­қа­ра­ның басым бөлігі бұл бағ­­дарламаны бәрібір қабыл­дамайды, мемлекеттің акция емес, ақша үлестіргенін қа­лайды. Қанша насихаттал­ғанымен азаматтардың көбі «Халықтық ІРО-ның» байы­бына бармады. Ендеше ескі құралды қайта қолға алудың қажеті бар ма?

Бұқара акция емес, ақша сұрайды

Өткен жұмада, 29 қаңтарда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IPO құралдарын мейлінше кең пайдалану қажетін мәлімдеді. Сондай-ақ алдағы жекешелендіру кезінде «бұл тетікке басымдық беруді» тапсырды. – «Халықтық IPO» бағдарла­масын қайта жаңғыртып, акция­ларды ең алдымен жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін ие­лену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мамандар бұл қадамның дұ­рыс­тығына сенімді. Өйткені Үкі­мет әзірлеген 2021-2025 жылдар­ға арналған жекешелендіру жоспа­рына сәйкес, ақыр соңында бә­секелес ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі мемактивтер берілмек. Олар негізінен инвесторлар мен бизнесмендерге тиеді. Бұл бө­ліс­тен қарапайым қазақстан­дық­тардың тыс қалдырылғаны жөн емес. «Дегенмен шыны керек, қар­жылық сауаты төмен адам­дар бәрібір оның мәнін жіті түсі­ніп, жете бағалай алмайды. Мы­салы, Үкіметке жолданған шағым­дарға талдау жүргіздім. Жұрт не дейді? «Тәуелсіздіктің 30 жы­лын­дағы табиғи ресурстарды ше­телге сатудан түскен табыстағы менің дивидендім, сол миллиард­тардағы үлесім қайда?» дейді. ІРО кезінде акциялардың тегін тара­тыл­майтыны, ақшаға сатылатыны мәлім. Сондықтан халықтың ба­сым бөлігі соған қызығады деп ойла­маймын. Дағдарыстан, де­валь­ва­циядан тұрмысы төмендеген адамдар үшін кредитті кешіру, азық-түлік себетін үлестіру, ком­му­налдық қызмет құнына өтемақы жасау секілді шаралар әлдеқайда жағымды. Ендеше ІРО өткізбес бұрын, халықтың қаржылық сауат­­ын көтеруге мән берген жөн»,– деген пікірде экономист Марат Ерғозин. Өзге сарапшылар «мемлекет алдап кетеді» деп қарапайым адам­дардың акцияларға сенбейтініне назар аудартады. Экономика ғы­лым­дарының кандидаты, профес­сор Гүлмира Пернееваның де­регінше, кезінде КСРО-да мемле­кеттік облигациялардың сан алуан түрін эмиссиялап, халыққа өткізу­дің қаптаған сәтсіз қадамын жа­сады, елді әбден зәрезап етті. «Аға буын өкілдерінің есінде шығар, 1990 жылы Кеңес халқы арасында пайызсыз заем қағазы таратыла бастады. Оны сатып алған адамдардың қаражатын 3 жылдан кейін сол кезде аса қат, тапшы, ұзақмерзімді пайдала­ны­латын тауарлармен өтеу жоспар­ланды. Бұл 1920 жылғы «натурал­дық заем­ның» сол кездегі заманауи баламасы болатын. Бірақ елді жайлаған жоғарғы инфляция көп өтпей-ақ оны орналастыруды тоқ­татуға соқтырды», – дейді про­фессор. Брокер Сергей Александров ағымдағы ахуал «Халықтық ІРО» өткізуге жарамайды деген пікір білдірді. «Пандемия жалғасып жатыр, көпте­ген ел карантинді ұзартты. Дағ­дарыс аясында нормативтер қа­тайтылды. Инвесторлар саны ке­міді. Ішкі және сыртқы нарық­тар­дағы белгісіздік, дамыған на­рықтардан капиталдың қашуы аясында отандық бағалы қағаздар нарығы жанданады деп күту аң­ғалдық болар еді. «ҚазТрансОйл», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіптен» кейін енді «Эйр Астана», «Қаз­МұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» секілді ірі компаниялар «Халықтық ІРО»-ға шығады деп күтілген. Әйткенмен, бүгінде олар­­дың бірқатарының көр­сет­кіштері төмендеді. Тиісінше, тар­тымдылығы да бұрынғыға қара­ғанда нашар», – дейді брокер. Ертең осы бағдарлама аясында сатып алған акцияларының құны күрт арзандап, ел ақша жоғалтып жатса, бұл бұқараның билікке деген наразылығын өршітер теріс факторға айналып кетуі ғажап емес. Қорыта айтқанда, сарапшы­лардың байламынша, Прези­дент­тің «Халықтық ай-пи-оны жан­дандыру» тапсырмасы бола­шаққа, постпандемия заманына арналса керек.

Бастапқы бағдарлама не әперді?

Алғашқы «Халықтық ІРО» бағдарламасы 2011 жылы жарияланды. Содан 2012 жылғы 6 қарашада басталып, 5 желтоқсанда аяқ­талды. Оның барысында «ҚазТранс­Ойл­дың» (ҚТО) акциялары тек Қазақстан аза­маттарына ғана сатылды. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылғы қарашада «Астана» ха­­­лық­аралық қаржы орталығының бир­жа­сы (AIX) және Лондон биржасы арқылы ІРО-сын өткізген «Қазатомөнеркәсіптің» құнды қағаздарын шетел азаматтары да иеленгені мәлім. «Халықтық ІРО» қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардан үлес алып, олардың бір қожайынына айналуына мүмкіндік беруі тиіс еді. Бұған қоса, ол «мемкәсіпорындардың жариялылығы мен ашықтығын арттыруы, олардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту керек» болатын. Азаматтар сыртында ҚТО акциялары жеке зейнетақы қорларына сатылды. Олар­дың кейінгі тағдыры не болғаны белгілі: кейін бәрі жаппай жабылып, активтерін, соның ішінде акцияларын БЖЗҚ алып қойды. Халықтық ІРО Бастапқыда өз мақсатына жеткендей болды. Қазақстандықтар үшін инвес­тициялаудың және жинақты көбейтудің қо­сымша құралы қолданысқа енгізілді. Қор нарығы жанданды. Бұқараның құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы артты, оларда алғашқы жеке инвесторлар пайда болды. Тіпті, акция сатып алып, немерелеріне сыйға тартқан қариялар кездесті. Жалпы алғанда, ІРО кезінде ҚТО-ның шамамен 38,5 миллион акциясы (жалпы акциялар санының 10%-ы минус 1 акция) саудаға қойылды. Басым көпшілігін зей­неткерлер құраған жеке тұлғалар 19 мил­лиард теңгеге өтініш берді. Бұдан ҚТО-да ұлттық компания инвестжобаларын жүзеге асыру үшін 28 миллиард теңге қосымша қаржы тартты. Одан да көп қаражат тарта алатын еді: тұрғындар мен зейнетақы қорлары өтініштерінің жалпы көлемі 56 миллиард теңгеден асып кеткен. Соның ішінде жеке ЖЗҚ-лар 37,3 миллиард тең­генің акциясын сатып алуға тілек біл­дірді. Ал 33 мыңнан астам қазақстандық ұлттық компаниядан 19 миллиард теңгеге үлес алуға ынта-ықылас танытты. Бағдарламаға сәйкес, жеке тұлғаларға басымдық берілді, сол себепті олардың 19 млрд теңгелік өтініші толық қанағат­тандырылды (жалпы көлемнің 67%-ы). Қал­ған акциялар қорлар арасында бөліске салынды.

Кем-кетік ескерілмей, кемелдік жоқ

Бұл нәтиже Үкіметті шабыттандырды. Шетелден тартқан кеңесшілердің мар­кетингтік зерттеулеріне сүйенген ол «Ха­лықтық ІРО» төртжылдық бағдарламасы аясында бірден 10 ірі компанияның үлесін саудаға шығаруды жоспарлады. Соның қорытындысында кем дегенде 160 мың аза­мат ұлттық компаниялар акцияларының иегері атанады деп күтілді. Яғни, әрбір ком­панияға орта есеппен 16 мың акционер-жеке тұлғадан келуі тиіс еді. Үлкен үлес бір қожайынның қолында жинақталып қал­мауы үшін 1 адам 7 миллион теңгеге дейінгі сомаға ғана акция ала алады деген шектеу қарастырылды. Келесі жылдары бұл шабыт су сепкендей басылды. Біріншіден, әлемде және елде экономикалық дағдарыс күш алды. Биржа көрсеткіштері құлдырады. Бұл жағдайда мемактив тым арзанға саудаланып кететін еді. Екіншіден, ҚТО-ның ізін басуға тиіс өзге ұлттық компаниялар биржаға шығуға, қызметін жария етуге дайын болмады. Жал­ғыз KEGOC қана 2014 жылы өз акцияларын ұсына алды. Үшіншіден, «ҚазТрансОйлдың» 1 ак­циясы ІРО-да 752 теңгеден сатылғаны мә­лім. Іле-шала ол 800-ге дейін қымбаттап, иелеріне азды-кем табыс әкелді. Алайда ізінше елді жапқан девальвация теңгедегі барлық табысты жоққа теңелтті: 2015 жыл­ғы 20 тамызда Қазақстан Үкіметі ұлттық валютаны еркін айналымға жіберу жөнінде шешім қабылдады. Салдарынан, бұған дейін жасанды түрде құрықталып келген доллар бағамы 188,38 теңгеден 255,26 тең­геге бір-ақ құлады. Сол 2015 жылғы қарашада «Халықтық ІРО» бағдарламасы жойылды. Бұған себеп ретінде «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының құрылуы алға тартылды: ІРО-сыз да кез келген адам оның биржасынан бро­керлер арқылы акциялар сатып ала алады. 2017 жылы осы бағдарламаға аудит жүргізген Есеп комитеті «Халықтық ІРО» мақсаттары толыққанды жүзеге асырыл­мағанын мәлімдеді. «Бүкіл бағдарлама жойылуға қойыл­ғанымен, мемлекеттік жоспарлауға жауапты орталық атқарушы орган оны іске асырудың тиімділігіне бағалау жүргізбеген. «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында қойылған міндеттер мен нысаналы инди­каторларға толық көлемде қол жет­кізіл­меген. Ак­цияларды қор нарығында орна­ластыру бойынша кеңесші-кон­сультанттар қыз­метіне 2,2 миллиард теңге шығындалды. Бірақ сол консультациялық қызметтердің нәтижесі ұлттық компаниялардың акция­ларын орналастыру бойынша іс-шара­лардың келесі кезеңінде пайдалануға жа­рамайды: себебі одан бері көп уақыт өтті және ол қызметтер, кеңестер өзектілігін жойды», – деп мәлімдеді Есеп комитетінің сол кездегі мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім. Есеп комитеті тағы бір кемшін тұсқа назар аудартты: «Нарықта «ҚазТрансОйл» және KEGOC құнды қағаздары орналас­тырыл­ғалы бері олардың акционерлері құрылы­мында жеке тұлғалардың үлесі үнемі азайып келеді. Соның кесірінен Қазақстан аза­мат­тарына ел­дегі ірі кәсіпорындардың акция­ларын иеленіп, оның қожайыны бо­луға мүм­кіндік беру жөніндегі бағдарлама мақ­саты да то­лыққанды жүзеге аспады», – деді ме­морган. Әйтсе де, «Халықтық ІРО» бағдарламасы болашақта, дағдарыстан кейінгі кезеңде қайтадан тартымды бола түсуі мүмкін. 2011-2015 жылдардағы бағдарлама аясында өткен ІРО-оларда екі ұлттық компанияның акцияларын сатып алуға 76 мыңнан астам қазақстандық қатысыпты. Яғни, 160 мың жеке тұлғаны жұмылдыру туралы мақсат бірден 48 пайызға орындалды. Президент Қ.Тоқаев ұсынған жаңа «Халықтық ІРО» бағдарламасының міндеті, мақсаты, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің анық-қанығы, жай-жап­сары әзірге жария етілген жоқ. Бір бел­гілісі, оны әзірлеу кезінде қазіргі жаһандық қор мен нарықтың жағдайы ғана емес, сондай-ақ алдыңғы бағдарламаның кем-кетігі де ескерілгені жөн.

Елдос СЕНБАЙ