Қазақстан «Халықтық ІРО» жобасына қайта оралатын болды. Бұл тетікті билік мемлекеттік ірі активтерден халыққа үлес тарату ретінде дәріптегені мәлім. Алайда бұқараның басым бөлігі бұл бағдарламаны бәрібір қабылдамайды, мемлекеттің акция емес, ақша үлестіргенін қалайды. Қанша насихатталғанымен азаматтардың көбі «Халықтық ІРО-ның» байыбына бармады. Ендеше ескі құралды қайта қолға алудың қажеті бар ма?
Бұқара акция емес, ақша сұрайды
Өткен жұмада, 29 қаңтарда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IPO құралдарын мейлінше кең пайдалану қажетін мәлімдеді. Сондай-ақ алдағы жекешелендіру кезінде «бұл тетікке басымдық беруді» тапсырды. – «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды ең алдымен жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мамандар бұл қадамның дұрыстығына сенімді. Өйткені Үкімет әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына сәйкес, ақыр соңында бәсекелес ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі мемактивтер берілмек. Олар негізінен инвесторлар мен бизнесмендерге тиеді. Бұл бөлістен қарапайым қазақстандықтардың тыс қалдырылғаны жөн емес. «Дегенмен шыны керек, қаржылық сауаты төмен адамдар бәрібір оның мәнін жіті түсініп, жете бағалай алмайды. Мысалы, Үкіметке жолданған шағымдарға талдау жүргіздім. Жұрт не дейді? «Тәуелсіздіктің 30 жылындағы табиғи ресурстарды шетелге сатудан түскен табыстағы менің дивидендім, сол миллиардтардағы үлесім қайда?» дейді. ІРО кезінде акциялардың тегін таратылмайтыны, ақшаға сатылатыны мәлім. Сондықтан халықтың басым бөлігі соған қызығады деп ойламаймын. Дағдарыстан, девальвациядан тұрмысы төмендеген адамдар үшін кредитті кешіру, азық-түлік себетін үлестіру, коммуналдық қызмет құнына өтемақы жасау секілді шаралар әлдеқайда жағымды. Ендеше ІРО өткізбес бұрын, халықтың қаржылық сауатын көтеруге мән берген жөн»,– деген пікірде экономист Марат Ерғозин. Өзге сарапшылар «мемлекет алдап кетеді» деп қарапайым адамдардың акцияларға сенбейтініне назар аудартады. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Пернееваның дерегінше, кезінде КСРО-да мемлекеттік облигациялардың сан алуан түрін эмиссиялап, халыққа өткізудің қаптаған сәтсіз қадамын жасады, елді әбден зәрезап етті. «Аға буын өкілдерінің есінде шығар, 1990 жылы Кеңес халқы арасында пайызсыз заем қағазы таратыла бастады. Оны сатып алған адамдардың қаражатын 3 жылдан кейін сол кезде аса қат, тапшы, ұзақмерзімді пайдаланылатын тауарлармен өтеу жоспарланды. Бұл 1920 жылғы «натуралдық заемның» сол кездегі заманауи баламасы болатын. Бірақ елді жайлаған жоғарғы инфляция көп өтпей-ақ оны орналастыруды тоқтатуға соқтырды», – дейді профессор. Брокер Сергей Александров ағымдағы ахуал «Халықтық ІРО» өткізуге жарамайды деген пікір білдірді. «Пандемия жалғасып жатыр, көптеген ел карантинді ұзартты. Дағдарыс аясында нормативтер қатайтылды. Инвесторлар саны кеміді. Ішкі және сыртқы нарықтардағы белгісіздік, дамыған нарықтардан капиталдың қашуы аясында отандық бағалы қағаздар нарығы жанданады деп күту аңғалдық болар еді. «ҚазТрансОйл», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіптен» кейін енді «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» секілді ірі компаниялар «Халықтық ІРО»-ға шығады деп күтілген. Әйткенмен, бүгінде олардың бірқатарының көрсеткіштері төмендеді. Тиісінше, тартымдылығы да бұрынғыға қарағанда нашар», – дейді брокер. Ертең осы бағдарлама аясында сатып алған акцияларының құны күрт арзандап, ел ақша жоғалтып жатса, бұл бұқараның билікке деген наразылығын өршітер теріс факторға айналып кетуі ғажап емес. Қорыта айтқанда, сарапшылардың байламынша, Президенттің «Халықтық ай-пи-оны жандандыру» тапсырмасы болашаққа, постпандемия заманына арналса керек.Бастапқы бағдарлама не әперді?
Алғашқы «Халықтық ІРО» бағдарламасы 2011 жылы жарияланды. Содан 2012 жылғы 6 қарашада басталып, 5 желтоқсанда аяқталды. Оның барысында «ҚазТрансОйлдың» (ҚТО) акциялары тек Қазақстан азаматтарына ғана сатылды. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылғы қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) және Лондон биржасы арқылы ІРО-сын өткізген «Қазатомөнеркәсіптің» құнды қағаздарын шетел азаматтары да иеленгені мәлім. «Халықтық ІРО» қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардан үлес алып, олардың бір қожайынына айналуына мүмкіндік беруі тиіс еді. Бұған қоса, ол «мемкәсіпорындардың жариялылығы мен ашықтығын арттыруы, олардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту керек» болатын. Азаматтар сыртында ҚТО акциялары жеке зейнетақы қорларына сатылды. Олардың кейінгі тағдыры не болғаны белгілі: кейін бәрі жаппай жабылып, активтерін, соның ішінде акцияларын БЖЗҚ алып қойды. Бастапқыда өз мақсатына жеткендей болды. Қазақстандықтар үшін инвестициялаудың және жинақты көбейтудің қосымша құралы қолданысқа енгізілді. Қор нарығы жанданды. Бұқараның құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы артты, оларда алғашқы жеке инвесторлар пайда болды. Тіпті, акция сатып алып, немерелеріне сыйға тартқан қариялар кездесті. Жалпы алғанда, ІРО кезінде ҚТО-ның шамамен 38,5 миллион акциясы (жалпы акциялар санының 10%-ы минус 1 акция) саудаға қойылды. Басым көпшілігін зейнеткерлер құраған жеке тұлғалар 19 миллиард теңгеге өтініш берді. Бұдан ҚТО-да ұлттық компания инвестжобаларын жүзеге асыру үшін 28 миллиард теңге қосымша қаржы тартты. Одан да көп қаражат тарта алатын еді: тұрғындар мен зейнетақы қорлары өтініштерінің жалпы көлемі 56 миллиард теңгеден асып кеткен. Соның ішінде жеке ЖЗҚ-лар 37,3 миллиард теңгенің акциясын сатып алуға тілек білдірді. Ал 33 мыңнан астам қазақстандық ұлттық компаниядан 19 миллиард теңгеге үлес алуға ынта-ықылас танытты. Бағдарламаға сәйкес, жеке тұлғаларға басымдық берілді, сол себепті олардың 19 млрд теңгелік өтініші толық қанағаттандырылды (жалпы көлемнің 67%-ы). Қалған акциялар қорлар арасында бөліске салынды.Кем-кетік ескерілмей, кемелдік жоқ
Бұл нәтиже Үкіметті шабыттандырды. Шетелден тартқан кеңесшілердің маркетингтік зерттеулеріне сүйенген ол «Халықтық ІРО» төртжылдық бағдарламасы аясында бірден 10 ірі компанияның үлесін саудаға шығаруды жоспарлады. Соның қорытындысында кем дегенде 160 мың азамат ұлттық компаниялар акцияларының иегері атанады деп күтілді. Яғни, әрбір компанияға орта есеппен 16 мың акционер-жеке тұлғадан келуі тиіс еді. Үлкен үлес бір қожайынның қолында жинақталып қалмауы үшін 1 адам 7 миллион теңгеге дейінгі сомаға ғана акция ала алады деген шектеу қарастырылды. Келесі жылдары бұл шабыт су сепкендей басылды. Біріншіден, әлемде және елде экономикалық дағдарыс күш алды. Биржа көрсеткіштері құлдырады. Бұл жағдайда мемактив тым арзанға саудаланып кететін еді. Екіншіден, ҚТО-ның ізін басуға тиіс өзге ұлттық компаниялар биржаға шығуға, қызметін жария етуге дайын болмады. Жалғыз KEGOC қана 2014 жылы өз акцияларын ұсына алды. Үшіншіден, «ҚазТрансОйлдың» 1 акциясы ІРО-да 752 теңгеден сатылғаны мәлім. Іле-шала ол 800-ге дейін қымбаттап, иелеріне азды-кем табыс әкелді. Алайда ізінше елді жапқан девальвация теңгедегі барлық табысты жоққа теңелтті: 2015 жылғы 20 тамызда Қазақстан Үкіметі ұлттық валютаны еркін айналымға жіберу жөнінде шешім қабылдады. Салдарынан, бұған дейін жасанды түрде құрықталып келген доллар бағамы 188,38 теңгеден 255,26 теңгеге бір-ақ құлады. Сол 2015 жылғы қарашада «Халықтық ІРО» бағдарламасы жойылды. Бұған себеп ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы алға тартылды: ІРО-сыз да кез келген адам оның биржасынан брокерлер арқылы акциялар сатып ала алады. 2017 жылы осы бағдарламаға аудит жүргізген Есеп комитеті «Халықтық ІРО» мақсаттары толыққанды жүзеге асырылмағанын мәлімдеді. «Бүкіл бағдарлама жойылуға қойылғанымен, мемлекеттік жоспарлауға жауапты орталық атқарушы орган оны іске асырудың тиімділігіне бағалау жүргізбеген. «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында қойылған міндеттер мен нысаналы индикаторларға толық көлемде қол жеткізілмеген. Акцияларды қор нарығында орналастыру бойынша кеңесші-консультанттар қызметіне 2,2 миллиард теңге шығындалды. Бірақ сол консультациялық қызметтердің нәтижесі ұлттық компаниялардың акцияларын орналастыру бойынша іс-шаралардың келесі кезеңінде пайдалануға жарамайды: себебі одан бері көп уақыт өтті және ол қызметтер, кеңестер өзектілігін жойды», – деп мәлімдеді Есеп комитетінің сол кездегі мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім. Есеп комитеті тағы бір кемшін тұсқа назар аудартты: «Нарықта «ҚазТрансОйл» және KEGOC құнды қағаздары орналастырылғалы бері олардың акционерлері құрылымында жеке тұлғалардың үлесі үнемі азайып келеді. Соның кесірінен Қазақстан азаматтарына елдегі ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленіп, оның қожайыны болуға мүмкіндік беру жөніндегі бағдарлама мақсаты да толыққанды жүзеге аспады», – деді меморган. Әйтсе де, «Халықтық ІРО» бағдарламасы болашақта, дағдарыстан кейінгі кезеңде қайтадан тартымды бола түсуі мүмкін. 2011-2015 жылдардағы бағдарлама аясында өткен ІРО-оларда екі ұлттық компанияның акцияларын сатып алуға 76 мыңнан астам қазақстандық қатысыпты. Яғни, 160 мың жеке тұлғаны жұмылдыру туралы мақсат бірден 48 пайызға орындалды. Президент Қ.Тоқаев ұсынған жаңа «Халықтық ІРО» бағдарламасының міндеті, мақсаты, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің анық-қанығы, жай-жапсары әзірге жария етілген жоқ. Бір белгілісі, оны әзірлеу кезінде қазіргі жаһандық қор мен нарықтың жағдайы ғана емес, сондай-ақ алдыңғы бағдарламаның кем-кетігі де ескерілгені жөн.Елдос СЕНБАЙ